Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

BYD компаниясы көш бастады: Tesla әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушісі мәртебесінен айырылды

Фото: auto.ru

Tesla әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушісі атағынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sky News басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өткен жыл америкалық Tesla компаниясы үшін оңай болған жоқ. Оның құрушысы Илон Масктың саясатқа араласуы, инвесторлардың алаңдаушылығы және шетелдік нарықтардағы бәсекенің күшеюі сатылымның қатарынан екінші жыл төмендеуіне алып келді.

Tesla 2025 жылы 1,64 миллион автокөлік жеткізгенін хабарлады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9%-ға аз.

Осылайша, әлемдегі ең ірі электромобиль өндіруші мәртебесі қытайлық BYD компаниясына өтті. Ол өткен жылы 2,26 миллион автокөлік сатқан.


“Бюджетті кім басқарып отыр”: Төтенше жағдай министрлігінің Tesla Cybertruck көлігі қазақстандықтардың назарын аударды (видео)


Tesla жүргізушісіз таксиді сынақтан өткізіп жатыр


2025 жылдың қазан–желтоқсан айлары аралығында Tesla 418 227 автокөлік өткізді. Бұл FactSet сауалнама жүргізген сарапшылар күткен 440 мың дана деңгейінен төмен нәтиже болды.

Сатылым көлеміне 7 500 доллар көлеміндегі салықтық жеңілдіктің жойылуы әсер еткен болуы мүмкін. Бұл жеңілдіктің күші Дональд Трамп әкімшілігі тарапынан қыркүйек айының соңында тоқтатылған.

Соған қарамастан, Tesla акциялары 2025 жылды шамамен 11%-дық өсіммен аяқтады. Инвесторлар Илон Маск Tesla-ны роботакси нарығының көшбасшысына айналдырады деп үміттеніп отыр.

2 қаңтар күні сауда-саттық басталар алдында Tesla акциялары шамамен 2%-ға өсті. Алайда сессияның алғашқы сәттерінде олардың бағасы 450,27 доллар деңгейінде өзгеріссіз қалды.

Соңғы тоқсан Tesla үшін Model Y және Model 3 модельдерінің жеңілдетілген нұсқалары алғаш рет сатылған кезең болды. Маск бұл нұсқаларды қазан айының басында сұранысты арттыру мақсатында таныстырған еді.

Жаңа Model Y бағасы 40 мың доллардан сәл төмен, ал Model 3-тің қолжетімді нұсқасын 37 мың доллардан төмен бағаға сатып алуға болады.

Бұл жаңа модельдер Tesla-ның Еуропа мен Азия нарықтарында қытайлық автокөліктермен бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

FactSet дерегінше, қаңтардың соңында жарияланатын 2025 жылдың төртінші тоқсаны бойынша есепте компанияның сатылымы 3%-ға төмендеп, бір акцияға шаққандағы пайдасы шамамен 40%-ға қысқарады деп болжанып отыр. 

Қараша айында Маск акционерлердің мақұлдауына қол жеткізді. Бұл шешім оған алдағы 10 жыл ішінде 1 триллион доллар көлемінде сыйақы пакетін алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ пен Еуропадағы Tesla салондарының маңында Илон Маскқа қарсы наразылық акциялары өткені туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 03 Қаңтар, 2026 16:47