Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Бүкіл қаланы шақыру мүмкін емес": Депутат әскери шеруге кіргізілмеген ардагер туралы айтты

Фото: видеодан скрин

Сенат депутаты, көп жылдар ішкі істер вице-министрі қызметін атқарған Марат Қожаев cенат кулуарында неліктен ардагерлердің бірі Астанадағы Жеңіс шеруіне кіргізілмегенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Марат Қожаев мұндай шаралар алдын ала реттелетінін атап өтті.

"Қауіпсіздіктің ең жоғары деңгейі қамтамасыз етіледі, өйткені ондай шараларға мемлекет басшысы ғана емес, шет мемлекеттердің жоғары лауазымды өкілдері де қатысады.

Сондықтан қауіпсіздік деңгейі барлық ережені қатаң сақтауды талап етеді. Ол кісі белгілі бір себептермен аккредитация алмаған көрінеді.

Мұның қалай болғанын нақты айта алмаймын, бәлкім, бұл жергілікті атқарушы органдардың қатеcінен немесе кейбір ұйымдастырушылық мәселелерге байланысты болуы мүмкін. Бірақ нақтысы: аккредитациясыз шараға кіру мүмкін емес", – дейді сенатор.

Оның айтуынша, шараға қаланың бүкіл тұрғынын шақыру мүмкін емес.

"Келуге ниет білдіргендердің барлығы бірдей алаңға сыймайды. Бұл тәртіп барлық жерде қолданылады: мұндай іс-шараларға аккредиттелген және шақырылған адамдар ғана кіргізіледі.

Сондықтан ол кісіні өткізбеген полиция қызметкерінің әрекеті жеке өзіне қарсы бағытталмаған деп есептеймін. Оған адамдарды ресми рұқсатпен ғана өткізу туралы нақты бұйрық берілген және ол сол бұйрықты орындаған. Бұйрық болмаса, полиция қызметкері нұсқау аясында әрекет етеді.

Иә, адамға шұғыл көмек қажет болатын төтенше жағдайлар бар, бірақ ондай жағдайда да заңға сәйкес реттелетін шаралар қарастырылған", – деп атап өтті Қожаев.

Еске салсақ, әлеуметтік желіде 7 мамырда Астанада Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери шеруді көруге жиналған ардагерлерді алаңға кіргізбей тұрған видео тарады. Күзетте тұрған әскерилер жиналған тұрғындардың өтінішіне қарамастан шеру көруге келген ардагерді ішке кіргізбей қойған. Кейін Астана әкімдігі жанындағы басқарма басшылары ардагермен жеке кездесіп, болған жағдай үшін кешірім сұрағанын мәлімдеді.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 08 Мамыр, 2025 15:51
Талқылау