Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұсылман адамның қатыспағаны дұрыс": Крещение мейрамында қазақтар да суға түсті

18-19 қаңтар өткен шоқыну мейрамында тек христиан дінін ұстанушылар ғана емес, сонымен қатар қазақ азаматтары да суға шомылды. Мұны кейбір мұсылмандар дұрыс көрмесе, енді бірі «суға шомылу басқа дінге шоқынуды білдірмейді» деуде. «Крещение Господне» мейрамында мұсылмандарға суға түсуге бола ма? Ал "Шариғат бөлімі және пәтуа" бөлімі меңгерушісінің орынбасары мұсылман адамдардың мұндай іс-шараларға қатыспағаны дұрыс екенін айтады. «Крещение Господне» мейрамынан фоторепортаж жасаған Stan.kz тілшісі шоқыну суына түскен қазақ азаматтарымен тілдесіп қайтқан еді.

су қазақ
«Негізі мен мерекеден бөлек жаттығу залынан кейін суға осылай жиі түсіп тұрамын. Бірақ көбіне таудың суына шомылғанды ұнатамын. Кейде достарыммен барып қайтамыз. Бүгін мерекеге орай бірінші рет түсіп тұрмын. Жалпы күнделікті болмаса да үйде шелектегі суды үстіме құямын. Мұндай жерлерге көп келе бермеймін. Бүгін бірінші рет байқап көргім келді. Маған қатты ұнады», – дейді ол. 

Ержан спортпен шұғылданатын болған соң да жиі осылай суға шомылып тұратынын айтады. Сонымен қатар, бүгінгі мерекеде арнайы келген. Ол ешқандай дінді ұстанбаймын дейді. 

су қазақ

Біз Қазақстанда, көпұлтты мемлекетте тұрамыз. Сондықтан бір-біріміздің мерекемізге құрметпен қарай білгеніміз жөн. Мереке болған соң да бүгін осы жаққа арнайы келдім. Өзім жеңіл атлетикамен айналысамын. Дінге оң көзбен қараймын. Бірақ ешқандай дін ұстанбаймын. Былай айтқанда атеистпін деуге де болатын шығар. Біздің отбасымызда әр ұлттың мерекесіне құрметпен қарайды. Біз солай тәрбиелендік. Мысалы, әпкем орыс ұлтының азаматына тұрмысқа шыққан. Достарым да әр ұлтттың өкілдері», – дейді Ержан Жанарсыланов. 

Жалғыз Ержан ғана емес, ол жерде бірталай қазақ азаматтары шоқыну суына түсіп жатты. 

Нұр-Сұлтан қаласында суық күнде мұздай суға түскендер саны да көп. "Шешкен судан тайынбас" демекші, өз кезектерін жарты сағаттап күткен бірнеше қазақ азаматтарын көруге болады. "Крещение" мейрамында алғаш рет суға түсіп тұрған қазақ келіншегі келесі жылы да келемін дейді. 

"Керемет сезімдемін. Бірінші рет келіп тұрмын. Мен мұсылманмын. Бірақ өзімнің қорқынышымды тексеріп көргім келді. Нәтижеге жете алдым. Келесі жылы тағы да келемін", - дейді қазақ келіншегі.

"Хабар 24" арнасы тілшісінің "Бұл христиан дінінің мейрамы. Бірақ елдер келіп жатыр. Не үшін келеді? деген сұрағына олар өздерінің денсаулықтары үшін суға түскендерін айтты.

"Бәрі керемет болды. Маған ұнады. Келесі жылы тағы келемін. Маған денсаулығыңа пайдалы деген соң келдім. Жыл бойы ауырмайтын боламын", - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.

Сондай-ақ, Қайырбек Аяшев Есілдің суында 40 минут тұрып рекорд орнатқан. Оған дейін сары шұнақ аязда жұқа киіммен жүріп, жұртты таңқалдырыпты. Өткен жылы болса, 35 минут бойы суық судан шықпаған.

имам

"Жыл сайын қаңтар айының ішінде шоқыну немесе суға түсу рәсімі өткізіледі. Бұл сенім бойынша осы күні қасиетті болып саналады. Христиан дін өкілі келіп, арнайы өзінің діни рәсімін жасайды. Содан кейін көлдегі немесе өзендегі су ерекше емдік қасиетке ие болады. Тіпті сол суға түскен адам ол – тазарады және оның күнәсі кешіріледі дейді. Бізге де осы мәселе бойынша «Мұсылман адамның осындай іс-шараларға, рәсімдерге қатысуына бола ма?» деген көптеген сұрақтар келіп жатыр. Мұсылмандар қай заманда болсын басқа дін өкілдеріне құрметпен қараған және олардың діни рәсімдерін, құлшылықтарын орындауларына ешқандай кедергі жасамаған. Ислам діні басқа дінге, басқ ұлтқа құрметпен қарауға бұйырады.


Тағы оқыңыз


Бұл мұсылмандардың олардың да діни рәсімдеріне қатысуға болады, солармен бірге қосылып құлшылықты атқаруға рұқсат етілді деген мағынаны білдірмейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Кімде-кім қайбір қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан деген сөз бар. Міне сондықтан мұсылман адамның ондай іс-шараларға қатыспағаны дұрыс. Кейбір адамдар «бұл діни рәсімге менің ешқандай қатысым жоқ. Мен бұл жерге тек денсаулығымды жақсарту ниетімен барамын» дейді. Әрине, ислам діні әрбір адамға денсаулығына қарауға және емделуге бұйырады. Бірақ мұндай іс-шараға дәл осы күні емес, басқа күні барғаны дұрыс. Алла Тағала баршамызды тура жолға бастасын имамымызды кәміл етсін», – дейді «Шариғат және пәтуа» бөлімінің меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов. 

Евгений әкей

Православие дін өкілі Евгений әкей шоқыну суына шомылудың ешқандай әбестігі жоқ дейді. Өйткені бұл діни рәсім емес, тек дәстүр екенін айтады.

"Крещение Господне» мейрамы бұл – діни рәсім емес. Ол әшейін ғана дәстүр, дінге ешқандай қатысы жоқ. Сол себептен де бұл күні православие дінін ұстанатын да, ұстанбайтындар да суға шомыла алады. Өйткені бұл күндері су ерекше таза болады. «Крещение Господне» мейрамында кейбір адамдар денсаулығы үшін, өздерін жақсы сезіну мақсатында суға шомылады. Олар барлық жаман нәрселер сумен ағып кетеді деген сеніммен келеді. Барлық нәрсе адамның ішкі сеніміне байланысты", - дейді ол.

крещение

"Бұдан бөлек Пасха мейрамы да бар. Бұл да дәстүр. Мәселен, ол күні жұмыртқа неше түрлі түске боялады, неше түрлі бәліштер пісіріледі. Наурыз мейрамында да көже пісіріледі. Осы мейрамда басқа діннің мерекесі деп боялған жұмыртқа жемей немесе наурыз көже ішпей қоймауға болмайды ғой. Міне, сол сияқты жаңағы суға шомылу да ежелгі дәстүр. Бірақ осы күні православие дінін ұстанушылар шіркеуге келіп, Құдайына сыйынып, тілек айтуы қажет. Ал қалған басқа дін өкілдері немесе ешқандай дінге кірмейтін жандар таза суға түсіп, денелерін жаман нәрселерден тазартуына болады. Мұнда тұрған ешқандай әбестік жоқ", – дейді Евгений әкей.

 

Талқылау