Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бүгін халықаралық аутизм күні: Қазақстанда аутизмге шалдыққан балалардың жағдайы қалай

2 сәуір бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні. Өкініше қарай, бұл індетке қатысты мәселе біздің елімізге де қатысты. Кез келген мәселенің шешімі ол туралы ақпарат алудан басталады. Яғни аутзимге қатысты көбірек дерек білген сайын, онымен күресудің жолын анықтау мүмкіндігі бар. Айтулы күн аясында AUTISM KAZAKHSTAN ұлттық қауымдастығының төрағасы, экономика ғылымдарының кандитаты Нұрия Балтабайқызы аутизмге қатысты Қазақстандағы басты мәселелерді алға тартты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күні БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен белгіленіп, 2008 жылдан бері аталып келеді. Бас ассамблеяның қарарында, ең алдымен, балалардағы аутизм мәселесіне көңіл бөлінді. Сонымен бірге диагнозды неғұрлым ерте қою және тиісті тексеру жұмыстарын жүргізу қажеттілігі атап көрсетілген. 

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша соңғы жылдары балалар аутизмі 1300%-ға өсті. АҚШ-тың ауруды бақылау және профилактика орталығының ақпаратына сәйкес, 2008 жылдан бастап әлемдегі әрбір 59-шы балада аутизм диагнозы болуы мүмкін. Ал Қазақстандағы статистиканы біз айта алмаймыз, себебі әр министрліктің дерегі әртүрлі. Бізде аутизм диагнозы болуы мүмкін тәуекел тобына жататын балалар ғана емес, сондай-ақ, психикалық-сөйлеу дамуы жағынан кешіккен, тілі шықпаған және осы топқа жататын басқа балалар есепке алынбайды. Ал жоғарыда айтылған топқа жататын балалардың көбейіп бара жатқанын сауықтыру және түзету орталықтарында кезекте тұрған балалардың санынан-ақ белгілі. Өкінішке қарай, аутимзге шалдыққан балаларды тек жеке медициналық мекелерде емдейді және оның бағасын кез келген ата-ана көтере алмайды", - деді Нұрия Балтабайқызы ОКҚ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, аутизм диагнозы бар балаларды емдеу орташа есеппен айына 200 мың теңге құрайды. 

"Ауылдық жерлерде жағдай тіпті қиын. Бізге көп ата-аналар өз сұрақтарымен хабарласады. Бұл жердегі басты проблема тиісті ақпараттың берілмеуі. Өкінішке қарай, егер бала 3 жасқа дейін жүрмесе, сөйлемесе немесе бала болып ойнамаса ондай жағдайда ата-аналар не істеу керегін, қайда хабарласу керектігін де білмейді. Кейбір ата-аналар мәселені шешуді өз бетінше іздестіреді. Дегенмен осы арада біраз уақытты жоғалтады. Нәтижесінде бала уақытылы ем алмай, оның салдары мүгедектікке алып келуі мүмкін", - дейді ол. 

Сондай-ақ, аутизм қауымдастығының басшысы, аталған дертке ұшыраған балалары бар ата-аналарға ескерту жасады. 

"Құрметті ата-аналар! Бізге еліміздің түрлі өңірінен ата-аналар балаларды аутизмнен емдеуді ұсынатын интернетте түрлі рекламалардың жүргенін. Одан бөлек, аз уақыттың ішінде емдеуге болатын дәрі-дәрмек пен арнайы курстардың барын айтып бізден сұрап жатады. Біздің айтарымыз, интернетте айтылған немесе 1 айдың ішінде балаңызды емдеп беремін дегендерге сенбеңіздер. Алаяқтардан сақ болыңыздар. Бізге алыс-жақын шетелден қайдағы бір орталық мамандарының Қазақстанға келіп аутизмнен айықтыратын ерекше ем жолын ұсынғаны туралы да ақпарат келіп түсті. Осы орайда ата-аналардан кез келген ақпаратты алдымен тексеріп, анық-қанығына көз жеткізуін сұраймыз", - дейді маман.

Одан бөлек, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Николай Негай аталған індетті ерте анықтаудың жаңа тәсілі туралы айтып берді. 

"Біз қазіргі уақытта диагностикалаудың жаңа методикасын енгізіп жатырмыз. Бұл психофизикалық скрининг. Содан соң Қазақстанда диагностикалаудың ADOS-2 және ADI-R жаңа методикасын енгізетін боламыз. ADOS-2 пациенттердің жас ерекшеліктеріне қарай 5 модульден тұрады. Яғни осы диагностикалау методикасы арқылы 2 жасқа дейін аутизм диагнозы туралы айтуға болады. Бұл әдісті алдағы уақытта барлық медициналық мекемелер мен білім беру ұйымдарында енгзіледі деп ойлаймыз", - деді Негай. 

Негайдың сөзіне сенсек, елімізде соңғы 13 жыл ішінде балалар аутизмі өсуі байқалады. Атап айтқанда, 2008 жылы 38 болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 750-ге жетіп отыр. 


 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр