Бұдан былай қоқыс өткізген алматылықтарға әр келісі үшін ақша төленеді
Енді тұрғындар қала экологиясының жақсаруына өз үлесін қосып, тіпті одан табыс таба алады. Алматылықтар арнайы пунктерге керек емес қағаз, пластик және полиэтилен сияқты қалдықтарын өткізсе болады.
Қоқыстың әр келісі үшін белгіленген сомада ақша төленеді. Жалпы 1 ағаш – 60 киллограм макулатураға татыса, қалада айына шамамен мың жарым тоннадан астам қағаз қалдықтары жиналады екен, деп хабарлайды Алматы арнасы.
Пірзада Сейдуәлиқызы қоқыстарды күнара үй маңындағы арнайы пунктке өткізуді әдетке айналдырып алған. Үйде жарамсыз болып қалған қағаздар мен босаған пластик бөтелкелерді осында тасиды. Тіпті көлемді макулатура өткізіп табыс тапқан кездері де болыпты. Бірақ қалта кірісінен гөрі, табиғатқа тигізер пайдасын ойлап отыр.
«Ана жаққа апарып тастап, түтін қылып, ауаны бұзғанша осы жерге тапсырғанымыз дұрыс. Бір жағынан көп болғанда бірталай тиын шығып қалады. Адамдарымызға қандай жақсы! Таза ауа», – деді Пірзада Ахметова.
Ал алматылық студенттер арнайы мобильді қосымша ойлап тауыпты. Бағдарламаға тіркеліп, пунктерге макулатура өткізген тұрғындардың есебіне түрлі бонустар беріліп отырады. Кім неғұрлым көп қағаз қалдықтарын өткізсе оның статусы да жоғарылап, түрлі ойын-сауық билеттеріне ие бола алады.
«Мысалы, Сіз 1 килограмм өзіңіздің қоқысыңызды тапсырсаңыз сол үшін сіз бір бонус аласыз. 25 бонусқа жеткен кезде сізге мүмкіндік беріледі бір билет алуға. Ол билет «Медеуге» немесе кинотеатрға беріледі. Сіз көре аласыз қанша ағаш, қанша су, электроэнергиясын сақтап қалғаныңызды», – деді студент Айбек Рахым.
Қазір қалада қалдық қабылдайтын алты бекет жұмыс істейді. Әр пунктен күніне 60-70 келіге дейін макулатура жиналады екен. Олар өңдеу орындарына тиеліп, қайтадан халық игілігіне жарайтын өнімдер өндіріледі.
Бұл жерге күніне 100 тоннаға жуық қағаз қалдықтары әкелінеді. Мынадай арнайы техниканың көмегімен сортталып осы жерде, әрі қарай пресстелуге жіберіледі. Жалпы мұндай процеске 100-ге жуық жұмысшы қатысады. Жұп-жұмыр боп жиылған қағаздар қайта өңделуге зауыттарға жіберіледі.
Мамандардың сөзінше, тұрмыстық қоқыстардың 70-80 пайызын қайта өңдеп шығаруға болады. Алайда, олар бұл сала әлі де кенже қалып отыр деген пікірде. Себебі, көбіне қоқыстар араласып, оларды ажыратып алу жолы тиісінше жолға қойылмаған. Сондықтан, қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтар жерге көмілгеннен әрі аспай қалады.
«Тәулігіне 200 тоннаға дейін өңдеуге болады. Бірақ, ондай макулатура Алматының өзінде жоқ болып отыр. Алматыда айына 1400-1700-ге дейін шығара аламыз дедік. Адамдардан қағаз да, баклажка да, салафан да қандай тұрмыстық қалдықтар шығады соның бәрін біз өңдеуден өткіземіз», – деді Алматы қаласы бойынша макулатура жинау бөлімінің басшысы Нұркен Жүкенов.
Ай сайын зауыт 2 мың тоннаға дейін макулатура қабылдауға қауқарлы. Алайда, халықтан жиылатын қоқыс көлемі 1 жарым тоннаны құрайды екен. Енді өндірісті үдете түсу үшін мамандар маулатура қабылдау орындарын көбейтуді жоспарлап отыр.
Тағы да оқыңыз:
Мұсылмандық бейнесінде жасалған Крещение суаты желіде шу болды
Мен оны 22 жыл күттім: Астанада егде жастағы ер адам сүйіктісіне ұсыныс жасады (видео)