Бразилияда әуе шары өртеніп сегіз адам қаза тапты
Видеодан скриншот
Бразилияның Санта-Катарина штатына қарасты Прая-Гранде қаласында әуе шарының апатқа ұшырауы салдарынан кемінде сегіз адам көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Штат губернаторы Жоржиньо Меллудің мәліметінше шардың себетінде барлығы 21 адам болған. Олардың он үші, соның ішінде ұшқыш аман қалған. Қазіргі уақытта із-түссіз жоғалғандар жоқ, деп хабарлады штат үкіметінің баспасөз қызметі.
Апат медициналық орталықтың маңында болған. Оқиға орнында болған Прая-Гранде полициясының офицері Тиаго Луис Лемостың айтуынша, әуе шарының ішіндегі себетте өрт шыққан. Ұшқыш төтенше жағдайда шұғыл қонуға әрекет жасап, шар жерге жақындағанда жолаушыларға секіруді бұйырған.
"Жолаушылар секіре бастады, бірақ кейбірі үлгермей қалды. Жалын күшейіп, шар қайта көтеріле бастады. Соңында аспап ілмегін жоғалтып, құлап түсті", — деді полицей.
Құтқарылған 13 адам жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді.
Губернатор Меллу зардап шеккендерге көмек көрсету мен қаза тапқандардың отбасыларына қолдау білдіру үшін барлық қолда бар ресурстар жұмылдырылғанын айтты.
"Бүгін біз қаралы күнді бастан кешіп отырмыз. Бұл — үлкен трагедия. Не себеп болғанын анықтаймыз. Бірақ дәл қазір басты міндетіміз — адамдарға, олардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету", — деді ол.
Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва X платформасында мәлімдеме жасап, қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы федералды үкімет жергілікті билікпен бірлесе отырып қажетті көмектің барлығын көрсететінін жеткізді.
Айта кетейік, Прая-Гранде қаласы Санта-Катарина штатының оңтүстігінде орналасқан және әуе шарымен серуендеу сынды әуе туризмімен танымал туристік бағыт болып саналады.

"Насыбай секілді жиіркенішті заттардың қалдықтары жатыр": Сайран жағалауын қоқыстан тазартқан жігіт желіде мақтау жинады
