Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Асхат Тарғын үшінші рет әке атанды

Карантин кезінде табысынан қағылған қазақ эстрадасының өкілдері енді ел демографиясына үлес қосуда. Күні кеше Асхат Тарғын үшінші рет әке атанды. Жанұясындағы жағымды жаңалық жайлы әнші Stan.kz тілшісіне айтып берді.

Бүгінде Асхат Тарғынның қуанышында шек жоқ. Өйткені, өнер иесінің шаңырағы тағы бір бөбекпен толықты. Бұл жолы әншіге келіншегі қыз сыйлаған.  

«Қазіргі таңда келіншегімнің де, баланың да денсаулығы жақсы. Аллаға шүкір! Осы 8 тамыздан 9-на қараған түні толғағы келді. Бірден перзентханаға өзім апарып тастадым. 9 тамыз күні таңғы сағат 9:30-да аман-есен босанды. Ең бірінші таңертең жақсы хабарды ауылдағы ата-анама жеткіздім. Сосын үлкен қызыма хабарладым. Ол да қатты қуанып жатыр. Ал ұлым қарындасы барын әлі сезіп те жүрген жоқ», - дейді Асхат.  

Сәбидің салмағы 3 жарым келі, бойы 51 сантиметр. Дәл қазіргі таңда Асхаттың отбасы кішкентай ханшайымға есім таңдау үстінде екен. Таяуда бірнеше нұсқасының біріне тоқталмақ. 

«Қыз бала өмірге келді. Есімін әлі ойластырып жатырмыз. Бірнеше нұсқа бар. Перзентханадан шыққанша бір есімді таңдап қоямыз. Көп ұзамай бір-екі күнде перзентханадан шығаратын сияқты», - дейді Тарғын. 

Бүгінде ерлер қауымы арасында перзентханадағы босану процесіне қатысып, келіншегіне серіктес болу трендке айналған. Үшінші рет әке атанған Асхат бұл үрдіске түбегейлік қарсы екенін айтады. 

«Мен әйелдің босану кезінде перзентханада ер адамның серіктес болуына қарсымын. Ол дұрыс емес деп ойлаймын», - дейді жас әке.

Айта кетейік, Асхат Тарғынның алғашқы жанұясында бір қызы бар. Әке жолын қуған Айым есімді бойжеткен қазіргі таңда Алматыдағы музыкалық колледждің студенті. Бірінші некесі сәтсіз аяқталған өнер иесі осыдан үш жыл бұрын екінші мәрте шаңырақ көтерді. Әншінің қазіргі отбасында бір ұлы мен күні кеше дүниеге келген кішкентай кестетігері өсіп келеді.  


 

Талқылау