Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1,7 миллион теңге төлеген: Белгілі стендапер "Керуен-Medicus" клиникасын жаңа туған қызының қолын сындырды деп айыптады

Фото: Тілеген Еркінбектің жеке архивінен

Желіде белгілі стендап-әзілкеш Тілеген Еркінбек әйелінің 1,7 миллион теңгеге ақылы клиникада босанғанын айтты. Алайда "Керуен-Medicus" клиникасы дер кезінде қызына дұрыс диагноз қоймаған. Төрт күн бойы бәрі қалыпты деген нәрестенің қолы кейін басқа ауруханада сынғаны анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“4 күн бойы қызым жылап қолын қозғалтпай шықты”

Әлеуметтік желіде танымал стендапер өз отбасында болған жағдай туралы ашық жазба жариялап, жекеменшік медициналық орталықтың дәрігерлеріне наразылығын білдірді. 

"Керуен-Medicus деген жерге енді жоламайтын болдық! Мені біразы "арзан психологтар" резиденті ретінде таниды. Осы уақытқа дейін жеке өмірімдегі жағдайларды жарыққа шығарғанды ұнатпайтын едім, бірақ бұл оқиғамды жазбасқа болмай тұр. Әйелім алғашқы рет босанғалы жатқандықтан, қатты уайымдап “Керуен” деген жердің пікірлері жақсы, бірақ қымбат. Осында босанғым келіп тұр” деді. Асып бара жатқан бай емеспіз. Жиып теріп, әйелімнің көңілін қалдырмай, уайымы аз болсын деген ниетпен осы жерге жатқыздым", – дейді Тілеген Еркінбек.

Стандапердің сөзінше, босану мен күтім қызметінің құны 1 700 000 теңге болған.

“Өмірімдегі ең қуанышты сәттердің бірі әке атанған күнім еді. Алайда көп ұзамай қызымның оң қолы қозғалмай, ұстасаң жылайтынын байқадық. Дәрігерлер алғашында бұған аса мән бермеді. “Бір күнде кететін шығар” деп өзіміз де күттік. Бірақ жағдай өзгермеген соң, қайтадан дәрігерлерді шақырдық. Хирургтар келіп, қызымның қолын қозғап, жылатып, әрі-бері тексерді. Соңында “жүйке жүйесінен болуы мүмкін” деп кетті. Кейін тағы бірнеше дәрігер қарап, рентгенге түсірді. Алайда “ештеңе көрініп тұрған жоқ, бәрі қалыпты” деп нақты қорытындысыз шығарып салды", – дейді Тілеген Еркінбек.

Әкесі невропатолог шақыруды сұрағанда, маман еңбек демалысында екені айтылған. Төрт күн бойы нәрестенің жағдайы өзгермеген соң, отбасы өздері басқа маманға жүгінген.

“Осындай ақша төлеп келіп отырғанда, олардың бұл сөздері қанымды басыма шығарды. "Басқасын шақырыңдар" дегенімде, "Басқа дәрігер бар, бірақ ол дұрыс қарай алмауы мүмкін" деген жауап естідім. Сол сәтте айтарға сөз таба алмадым. Төрт күн бойы қызым жылап, қолын қозғалтпай жүрді. Ауруханадан шыққан соң, өзіміз бұрыннан қаралып жүрген невропатологқа бардық. Дәрігер тексеріп, мәселе жүйке жүйесінен емес екенін айтты, бала ондайдан жыламауы керек деді. Содан кейін бізді балалар жедел жәрдем бөліміне баруға бағыттады", – деп ашуланды Тілеген Еркінбек.

Тілеген Еркінбектің сөзінше, қосымша тексеріс пен консилиумнан соң сәбидің қол сүйегі сынғаны анықталған.

"Сол жерге келдік, рентгенге түсірдік. Қазір қайта сол ауруханада қолы, бәрі байланып жатыр. Керуеннің дәрігерлеріне барып наразылығымды білдіріп, бұл істі бейжай қалдырмайтынымды айттым. Қарапайым аурухана нашар қарайды, ақша беріп емделейік деп келген едік. Жылтырағанның бәрі алтын емес екенін дәлелдеді", – дейді Тілеген Еркінбек.

“Тәуелсіз мамандарды тарта отырып, тексеріс жүргізеді”

Желіде тараған шағымнан кейін Keruen-Medicus клиникасы ресми пікір білдірді. Медициналық ұйым өкілдері жағдайға қатысты түсініктеме беріп, баланың денсаулығын қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін мәлімдеді.

"Орталық өкілдері салмағы 4 келіден асатын ірі нәрестені кесарь тілігі арқылы алу кезінде, клиникалық хаттамалар толық сақталғанның өзінде, жаңа туған сәби жарақат алуы мүмкін. Біз толық жауапкершілікпен мәлімдейміз. Баланың денсаулығын қалпына келтіруге қажет көмекті көрсетуге және мәселені шешуге кез келген уақытта атсалысуға дайынбыз", – деп пікір білдірді Keruen-Medicus клиникасы.

Клиника ата-аналарға шағымды жазбаша түрде науқастарды қолдау қызметіне жолдауды ұсынды. Өтініштер Қазақстан Республикасының "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексіне сәйкес қаралатыны хабарланды.

"Қажет болған жағдайда, тәуелсіз мамандарды тарта отырып, медициналық көмектің сапасына сараптама жүргізу үшін тәуелсіз сараптамалық комиссия құру бастамасы көтеріледі. Біз бұл жағдайдың жан-жақты әрі объективті қаралуына барынша мүдделіміз", – деп жауап берді жекеменшік емхана.

Айым Атамбаева
Жұма, 13 Ақпан, 2026 14:42