"Бомба түскен секілді": Оралда жолдағы шұңқырлардан шаршаған көлік жүргізушілері әкімнің отставкаға кетуін талап етті
Оралда көлік жүргізушілері жолдағы шұңқырлар үшін өз қалталарынан төлеуден шаршағандарын айтады. Қаладағы жол өте нашар. Салдарынан көліктің дөңгелегі мен жүрістік бөлігі тез бұзылады екен. Жағдайдың ушыққаны сонша, желіде әкімнің отставкаға кетуін талап еткен петиция пайда болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қаладағы негізгі көшелердің бірі – Әбілқайыр хан даңғылында көлікпен жүру қиындап кеткен. Жүргізушілер шұңқырларды айналып өту үшін жолдың қарсы бетіне шығып кетеді екен.
"Барлық дөңгелегім зақымдалған. Өткен жылы ғана жаңасын сатып алғанмын, қазір жүруге жарамсыз. Басшылықтың қайда қарап отырғанын білмеймін", - деді Орал тұрғыны Руслан Мундеев.
Аймақ елдегі ең нашар жол рейтингінде үнемі көш бастап тұрады екен. Дегенмен жол жөндеу жұмыстарына жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінеді. Тұрғындар жаз айларында көшелерде жұмыс жүргенімен, пайдасы жоқ дейді. Көктемде асфальт қайтадан ойылып қалады.
"Бомба түскен секілді. Ал қосалқы бөлшектер бағасы өсіп кеткен. Мысалы, 20 мың шақырым жүрген соң амортизаторыңды жоқ деп есептей берсең болады. Жүріс бөлігі толық зақымдалады. Бөлшектер қымбат", - дейді Орал тұрғыны Алексей Бахирев.
Тұрғындар жөндеу жұмыстары үшін ақша төлеуден жалыққан. Қазір жол нашарлығынан болған жол апатына полицейлерді шақырады екен. Нәтижесінде жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы да шығындалған.
"Бұған дейін қыста шұңқырды уақытша жабу үшін қиыршық тас төсегенбіз. Дөңгелектен ұшқан тас келесі көліктің алдыңғы терезесін сындырды. Жүргізушілер полиция шақырған. Сәйкесінше бірінші басшы ретінде мен айыппұл төледім", - деп мәлімдеді. Орал қаласы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Жандос Дүйсенғалиев.
Наурыз айында қаладағы үлкен шұңқырларды жабу үшін тротуар тақташаларын қолдана бастаған. Шенеуніктердің сөзінше, тұрғындар бұған күле қарағанымен, есесіне тас ұшпайды.
Алайда бұл жағдайды өзгертпеді. Жолдағы шұңқырдан шаршаған халық желіде әкімнің отставкаға кетуін талап еткен петиция жариялаған. Бұдан кейін аймақ басшылары алдағы уақытта Оралда толық жөндеу жұмыстары жүретінін мәлімдеді.
Коммуналдық қызметкерлер алдымен орталық көшелерді қолға алмақшы. Бірақ жұмысты істейтін компанияны табу үшін жарты жыл керек екен.
"Қазір байқау ұйымдастырылып жатыр. Екі айда нәтижеге қол жеткізіп, мердігерді анықтаймыз деп ойлаймын. Шілде айының екінші жартысында жұмысқа кірісеміз деп жоспарлар отырмыз", - деді Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Күлбаев.
Биыл жол жөндеу жұмыстарына 9,5 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Шұңқырлар ауа райы жақсарған соң жабылады екен, ал толық жөндеу жұмыстары байқау аяқталған соң.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
