Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында бір ауыл арам қатқан мал өлекселерінің ошағына айналған

Ауру ошағына айналған. Алматы облысының Бөлексаз ауылында тұрғындар іргедегі мал бордақылайтын қожалықты көшіруді талап етті. Ашуға булыққан бұқара шаруа иесі аурудан арам қатқан мал өлекселерін айналаға оңды-солды көміп, соның салдарынан бүтін ауылға кесел таралды деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеп хабарлайды. 

кой

Шаруа иесі қарашаның шырылдап айтқан арызын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Тракторға тиелген мал өлекселері ашық-шашық жерге төгіліп жатыр. Қимен араласқан өлексенің санында шек жоқ.

Ал аурудан арам қатқан ірі қара бір ғана қожалыққа тиесілі. Шаруа иесінің бұл бассыздығын айтуға Бөлексаз ауылының тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Төрт түлікпен тұрмысын түгендейтін тұрғындар бір адамнның кесірінен бүтін ауылдың төрт түлігіне кесел жабысып жатыр деп қынжылады.

"Осыдан бір жарым ай бұрын менің бұқам қораға ақсаңдап кірді. Бұқа бір тәулікке жетпей өлді. Сойып көрдік, қарасанның белгілері бар деді. Малдар өліп жатыр. Себеп: жанымыздағы қожалықтан жыл сайын мал қырылады. Ол сасып, боқтың астында жатқан. Оны бізден жасырған. Бәріміз содан келді деп күмәнданып отырмыз", - дейді Бөлексаз ауылының тұрғыны Бектұрсын Қаратаев.

Ашуға булыққан қараша үйдегі малды сеспей қатырған дерт адамға да жұғып, жаңа аурудың түрі тарала ма деп алаңдайды.

"Бұлардың бес жылдан бері жасырған өлігі әлі тұр. Жүз бәленбай бас қидың астында тығылып жатыр. Содан ауру тарайды. Қашардың астынан су шығып жатыр. Ол өзенге қосылып жатыр. Өзеннен мал су ішеді. Оның сүтін балаларымыз ішеді. Ертең жаңа ауру шығады. Қазақстанға жаңа ауру түрін әкелеміз бе деп қорқамыз", - дейді Бөлексаз ауылының тұрғыны Азат Тауқан. 

Бөлексаз ауылының мал өлексесін төгетін орын. Айналаны түгел ластаған шаруа қожалығының иесі де кесел жұқтырып арам қатқан ірі қарасын да осы жерге тастауды әдетке айналдырған. Тіпті кәсіпкердің малдың жапасы мен шек-қарнын жан-жаққа шашып кететіні жұрттың ашу-ызасын тудырып отыр. Ал бұл жерден шыққан иіс жаппай ауылға жайылып, тұрғындардың тынысын тарылтқан. Қолқаны қабатын иіс әсіресе күн жылығанда күш алып, ауыл халқына еркін демалудың өзі мұңға айналады екен.

"Үйіміз көшеміздің басында тұр. Соның өзінде иісі келіп тұр. Мектепте қаншама оқушы бар. Далаға шығып еркін жұмыс істеуден қалдық. Күн жылынғанда мүлдем сұмдық болады. Сасық иіс бүкіл ауылға жайылады", - дейді Бөлексаз ауылының тұрғыны Сарқыт Исаділова.

Дауға себеп болған кәсіпкер көпшілікті тыңдаудың орнына көліктен шығуға жарамады. Тек тілшілер жауап алуға барған соң ғана амалының жоқтығынан сыртқа шықты. Шаруа иесін алғаш көрген бұқара бірден айғайға басты. Ал бұқа, таналарды бордақылап сататын серіктестік басшысының айтар өз уәжі бар.

"Маған Алматы облысынан вакцина бөлініп жатқан жоқ. Маған мемлекет вакцина беріп жатқан жоқ. Мен вакцинаны сатып алып жатырмын. Вакцина салған кезде ауру шығып кетті. Ол менің қолымдағы құзыретімдегі дүние емес. Сосын облыстан адамдар келіп оқшаулауға алды. Малды жойып тастау да біздің құзыреттегі дүние емес", - дейді қожалық иесі Бақытжан Әбдірасылов.

Қазір бұл қожалық карантинге жабылып, алдағы уақытта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілу жоспарланған. Ветеринарлар екпе нәтижесінде 53 бас ірі қарадан қарасан ауруы табылып, олардың барлығы талап бойынша жойылғанын жеткізді. Ал ауыл ішіндегі төрт-түлікке тиісті вакцина салынған көрінеді. Бөлексаздықтарды сабырға шақырған аудан әкімі де өз кезегінде түйіні тарқамаған түйіткілді шешіп беруге уәде берді. 

Талқылау