AAPL
150.43 $
-1.51 %
TSLA
275.33 $
-4.59 %
NDAQ
56.93 $
-0.82 %
GOOGL
98.74 $
-1.4 %
FRHC
50.66 $
-3.78 %
AAPL
150.43 $
-1.51 %
TSLA
275.33 $
-4.59 %
NDAQ
56.93 $
-0.82 %
GOOGL
98.74 $
-1.4 %
FRHC
50.66 $
-3.78 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Болашақта балаларға дағды үйрететін мектептер ашқым келеді – "Бастау бизнесі" түлегі

Білім саласында он екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Айдос Жұманазаров Шымкент қаласынан заманауи дағдыларды дамытуға арналған кітаптарды дайындап шығаратын баспаның негізін қалаған. Өскелең ұрпақты білімге баулуға орасан зор үлес қосып жүрген “Бастау Бизнес” түлегімен Stan.kz тілшісі тілдесіп қайтқан еді.

– Айдос Әділбекұлы, кітап жазу ісін қалай қолға алдыңыз? Әңгімемізді осыдан бастасақ...

– Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі 2017 жылы жаңа форматқа көшірілді. 140 баллдық жүйенің алып келген өзгерістері де аз емес-тін. Осы мезетте мен EduCon компаниясында жұмыс істеп жүрдім. Жаңадан енгізілген Оқу сауаттылығы атты пән бойынша кітап жазу ісі біздің ұжымға жүктелді. Осылайша Оқу сауаттылығы кітабы жазылып шықты. Дегенмен кітаптың авторлық құқығы аталмыш компанияға тиесілі. 20 мыңнан астам тиражбен жарыққа шыққан бұл кітап мектеп бітіруші түлектер мен талапкерлерді дайындайтын мұғалімдердің айнымас серігіне айналды.

– Балалар арасында заманауи дағдыларды дамыту ісіне айрықша назар аударып жүрген мамансыз. Мұндағы мақсатыңызды тілге тиек етсеңіз...

12 жылдан бері білім саласында жұмыс істеймін. Жұмыс барысында дағдыларға көп көңіл бөлдім. Бұрын “танысың болмаса, ақшаң болмаса” сені жұмысқа алмайды деген сөз өте көп айтылатын еді. Қазіргі кезде ол ескі әңгіме. Білімді болсаң, дағдыларыңды шыңдаған болсаң, жұмыс өте көп. Тіпті, жалынып жұмысқа шақыратын заманға келдік. Осыны байқаған соң, балаларға дағды үйрету керек екенін түсіндім. 2016-2017 жылдары осы оймен көп іздендім, көп оқыдым. Дағды үйрететін кітап дегеніміз үйту керек, бүйту керек деп ақыл айтатын емес, нақты жаттығуларға негізделген практикалық кітаптар.

Қазір ақпарат заманы екенін білесіздер. Ақпарат іздеу үшін басқа қалаға, басқа елге кетудің қажеті жоқ. Ақпаратты іздеп емес, ақпаратты өңдеп үйренетін уақыт. Ақпараттың көптігі сонша, оның ішінде адасып кетуің мүмкін. Әлемдегі ең алпауыт Google, Instagram, Facebook сияқты компаниялар осы ақпараттың арқасында әлемді алақанында ұстап отыр. “Баланы жастан” демекші, біз балаларды осы іске кішкентайынан баулуымыз керек. Аз уақытта көп ақпаратты сұрыптауды, өңдеуді үйретудің алғашқы қадамы ол – жылдам оқу. Сондықтан басты бағытымды жылдам оқуды үйрету ісіне бұрдым.

– Тың жобаны жүзеге асыру жағы да оңай бола қоймаған шығар..

2019 жылы пандемия басталып, карантинде үйде жатқанымызда осы идеямды іске асыруға кірісіп кеттім. Яғни балаларға дағды үйрететін кітаптар жазуға кірістім. Балаларға жылдам оқуды үйрететін кітап құрастырдым. Әкем де 33 жылдық тәжірибесі бар педагог. Келіншегім – филолог, ұлттық университеттің магистрі. Өзім де бірнеше ЖОО оқығанмын, магистр дәрежем де бар. Кітаптарды құрастыруға отбасымызбен бірге кірістік. Пандемияда бос жатпай 3 кітапты құрастырып, оның дизайнын да жасап қойдық. Бірақ шығарып басуға қаражат болмады.

– Мәселені қалай шеше алдыңыздар? 

– Әлемнің бәрін тығырыққа тіреген пандемия кезінде жұмыссыздықпен біз де бетпе-бет келдік. Осы тұста, яғни 2020 жылы “Бастау Бизнес” жобасы бойынша келіншегім – Жаннұр Бекбол екеуміз де білім алдық. Инновациялық жобалар үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант құны ол кезде 3 млн теңге болатын. Біз де қатысып, бағымызды сынап көрдік. Бірақ орын санының аздығына байланысты ұта алмадық. Ал 2021 жылы аталмыш грант құны 5 млн теңгеге көтерілді. Бизнес жоспарымызды одан әрі нақтылай түсіп, тағы да қатысуға бел байладық. Жобамызды қорғау кезінде қолымызда кітабымыздың санаулы тиражбен шыққан демо нұсқасы бар еді. Мұны көрген комиссия мүшелері қатты қызығушылық білдірді. Осылайша біздің жобамыз жоғары бағаланып, грант иегері атандық.

– Одан кейін жұмысыңыз қалай өрбіді?

– Кітап шығаратындықтан, бізге қажетті ең басты жабдық – компьютер. Грант қаржысына сипаттамасы өте жоғары компьютер сатып алдық. Себебі дизайнерлік жұмысты арзан компьютер жасай алмайды. Шығарылған кітаптарымыз кішкентай оқырмандарын табуы үшін олардың жарнамасы мен курсын жасау қажет болды. Ол үшін арнайы камералар алдық. Осылайша “Бастау Бизнес” қолдауымен жұмысымызға қан жүгіріп, заманауи дағдыларды дамытуға арналған кітаптарды шығарумен айналысатын Lalabooks баспасының негізі қаланды. Сондай-ақ кітаптың дизайнын қайта жасап, толықтырып 2000 тиражбен басып шығардық.

– Кітапқа деген елдің сұранысы қалай?

– “Жылдам оқытқыш” кітабын қазіргі кезде Қазақстандағы қазақша кітап сататын үлкен дүкендердің сөресінен табуға болады. Сонымен қатар әлеуметтік желідегі парақшамыз арқылы тапсырыс қабылдап, сатылым жағын жүзеге асырып отырмыз. Кітапты өзіміз барлық дүкеннен көп сатамыз. Күніне 10-20 кітап аралығында сатылады. Ең көп 1 күнде 65 кітап сатылған күндер болды. Отбасы мүшелерімен бес адамды жұмыспен қамтып отырған жайымыз бар.

– Сөзіңіз аузыңызда, балалардың да, ата-аналардың да қызығушылығын тудырған “Жылдам оқытқыш” кітабы туралы да оқырман қауым біле отырса...

– Жылдам оқытқыш 6+  – бұл бірінші кітабымыз. Алты жасқа толған балаларға арналған. Ал екінші кітабымыз 9-15 жастағы оқушыларға арналған. Кітап ішіндегі тапсырмалар 21 күнге бөлінген, әр күн 9 тапсырмадан тұрады. Әріптерді қайталаудан бастап, ой арасында байланыс құруға дейінгі тапсырмалар қамтылған.

Кітап жылдам оқуды арттырумен қатар, баланың есте сақтау және ойлау қабілеттерін дамытады. Сөздік қорын байытып, зейінін шоғырландырады. Нәтижесінде бала кез келген ақпаратты жылдам қабылдауға машықтанады.

– Алдағы жоспарларыңыз жайлы айтып берсеңіз. Болашақта тағы кітап жазу ойыңызда бар ма? 

– “Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап” деп ұлттың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтпақшы, балаларды білімге баулу бағытындағы кітаптар шығару ісін жүйелі түрде жалғастырмақпыз. Қазіргі таңда екі бірдей кітап дайындалу үстінде. Біріншісі – “Әдемі жазу”, екіншісі – “Логика” деп аталады. Екеуі де дағдыларды үйретуге арналған. Біріншісі – әдемі жазуды, екіншісі – жылдам есептеуді үйретеді. Осы кітаптар жарыққа шығар күн алыс емес. Болашақта дағды үйрететін мектептер ашқымыз келеді. Қазір осы бағытта тынбай еңбектеніп келеміз.

– “Бастау Бизнеске” қатысуға ниетті жандарға қандай кеңес айтқан болар едіңіз?

– Ең бастысы кез келген адам алдына нақты мақсат қоя білуі керек деп есептеймін. Барлық мақсатыңыз бірден орындалып кетпеуі мүмкін. Бірақ осы жолдағы еселі еңбек сізді қайткен күнде де биік шыңға шығарары сөзсіз. “Бастау Бизнес” қатысушыларының санатынан табылатын әрбір жан бұл мүмкіндікті қалт жібермесе екен деймін. Бизнес жоспары нақты болса, әрбірінің грант иегері атануына мүмкіндік мол. Тек басты міндет – ерінбей еңбек ету ғана.
– Әңгімеңізге рахмет! Ісіңізге сәттілік тілейміз!

“Бастау бизнес” жайлы

"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады. 

Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең. 

“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:

  • Жастар (29 жасқа дейін);
  • Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
  • Қандастар, қоныс аударғандар;
  • Мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн. 

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek  порталы арқылы бере аласыз. 

Сұхбаттасқан: Гүлмира Садық

Талқылау
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр