Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Болашақ” студенті: Оқуға келіп шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздарын қызғанамын

«Болашақ» бағдарламасы бойынша Лос-Анжелесте режиссер мамандығында  білім алып жүрген Диас Әзімжанов өзімізде түсіріліп жатқан киноларға көңілі толмайтынын айтты. Ол екі жыл алған білімі мен тәжірибесінің арқасында Қазақстандағы ең танымал режиссерлердің басты қателіктерін түсінген.

кин2

Stan.kz  сайтының тілшісіне арнайы сұхбат берген болашақ режиссер, шетелдік  қалталы азаматтарға тұрмысқа шығып кететін қазақ қыздарының қылығына ашулы. Тіпті қарындастары мен әпкелерін көшеден көрген кезде, тоқтатып алып ақылын айтқан кездері де болыпты.

-Сәлеметсіз бе? Елімізге қош келдіңіз. Қазір Америкада оқып жатыр екенсіз.  Неге кино саласын таңдадыңыз?

-Өзім ҚазМу-ді бітірдім. Сол жерде жазуды үйрендім деп айтуға болады. Мақала жазып біраз жүрдім. Менің жаныма сценарий жазу жақын болды. Сөйтіп жүріп, кино жағынан өзіме бірнәрсе жетіспеді. Қалай жазады? Оның структурасы қандай боларын білмедім. Содан соң Нью-Йорк кино академиясына оқуға тапсырдым. Түстім. Қолымдағы бар қағазбен «Болашақ» бағдарламасына барып көрсеттім. Оның үш кезеңнен тұратын емтиханын тапсырып, Лос-Анжелске кеттім. Міне, екі жыл болды. Алла қаласа, осы күзде қайта ораламын еліме.

-Кино саласында шетелде оқудың не айырмашылығы бар?

-Айырмашылық өте үлкен. Кино индустрияның жүйелендіру жағынан. Бізде шынын айту керек, кино индустрияны жүйелендіру әлдеқайда дамымаған. Әрине, Лос-Анжелесте кино әлемі бір ғасыр бұрын пайда болған, дамыған. Әрине, ол жақта барлығы өз орнына қойылған. Әр адам не істеу керек екені, әр компания өз мақсатын, қандай кино түсіретінін тіпті, бірнеше жыл бұрын жазып қояды. Бізде проблемалардың бірі ол – кино заңы жоқ менің естуімше, қазір ол заң жазылып жатыр. Екі жылдан бері. Егер сол заң шықса, осы кино индустриясы дамиды, жеңілденеді деп ойлаймын.

-Канн фестиваліне қатысып жатыр деп естідік

-Бұл мақтанатындай жағдай емес. Өйткені, «Канн фестивалінің» өзінің төрт кезеңі бар. Біз түскен секция ол – қысқа метрлік киноның бұрышы ғана. Бұл жерге көптеген кино түседі. Ол жерге түсу сондай қиын емес. Біз ұсынған кино енді келесі кезеңге өтсе, яғни ресми секцияға онда қуана беруге болады. Ол жерде үш мың жобаның ішінен тек жиырмасы ғана іріктеледі. Енді оның қорытындысы, сәуір айының соңында шығады. Күтіп жүрміз. Бірақ, енді қазір БАҚ «Канн фестиваліне» түсті деп айтып қойғаны маған ұят болды. Бір шетінен үміт ұялатты. Біз бір ғана секциясына түстік әзірге.

-Сол фестивальға Қазақстаннан сіздерден басқа тағы ұсыныс білдіріп, қатысқандар бар ма?

-Менің қазір білуім бойынша, Қазақстаннан үш қысқа метрлік кино бар. Былтыр 10 кино болған. Бұл тек алғашқы сатысына яғни ресми секциясына әлі күнге дейін ешбір кино өтпеген. Қателесуім мүмкін, бірақ дәл осы ресми бағдарламасына ешкім түспеді.

кин

-Сіздің ойыңызша, неліктен біздің кинолар осындай сайыстардан өте алмай қалады?

-Ол жағын енді айту қиын. Кез-келген кино фестивальдерде маркетинг жағы ойнайды. Яғни біздің киноларға қолдау жетпейді. Мысалы, шетелдің киноларын қарап отырсақ, осы фестивальдің өзіне біз түскен бағдарламасына, Ұлыбританияның 70-тей қысқа метражды киносы сынға түсуде. Ал Қазақстанның тек үш киносы ғана ұсынылған. Сан жағынан көріп отырсыз, оларда қолдау көбірек. Мүмкін маркетингі жақсы шығар. Өйткені, өнер жағынан сынай алмаймын.

-Жақында Тәуекел Мүсілім шетелге барып киноға түсіп келді. Естуіңіз бар шығар. Сонда бір сөзінде кино түсіру алаңының өзінде айырмашылық жер мен көктей. Ешкім кешікпейді, уақыттары санаулы деп қалды. Олар қаншалықты уақыт үнемдейді?

-Кез-келген түсірілім алаңында тек бізде емес, шетелде де кешігу болады. Әсіресе, актерлар тарапынан. Бірақ, режиссер ешқашан кешікпейді. Ия, шетелде қазір кешке дейін түсіреміз, шай ішіп алайық немесе актердың көңіліне қарап тұру деген жоқ. Егер осы эпизодта кешіксе, онда келесіге аз уақыт бөлінеді. Оның үстіне бізде ұйымдастыру жағынан ақсаңдаймыз.

-Отандық кинолар шыққан кезде, шетелдегі жастар көре ма?

-Ия, бізде интернет портал бар. Іздеп жүріп көреміз. Өзі ақылы кино. Бірақ, көруге тырысамын. Өйткені, өз еліңде шыққан соң ыстық. Мен өзім соңғы алты жылда елге келіп кетіп, елші болдым. Енді қыркүйек айында біржола келемін.

-Біздің кинолардан қандай да кемшілік көресіз бе?

-Ия, өте сапасыз. Әсіресе, мына комедия жанрында.

-Сапасыздығы неде?

-Сапасыздығы мынау сценарий жазылуында. Комедия түсіру оңай емес негізі. Комедияны таңдаған соң қалай жазылу керектігін біліп алу керек. Комедия неден шықты? Комедия жанры ежелде хан, патшаларды әзіл арқылы кемшіліктерін көрсету үшін. Бізде комедия шығады, бірақ мүлдем басқа.

Мен оны қабылдай алмаймын. Әзілдері өтпейді халыққа. Комедия жанрын жазу үш акттан тұрады. Структурасы солай. Ал, біздің комедияларда ол үш емес, бес акттан тұрады. Кей жерлері созылып кеткен. Бір-біріне жанаспай жататын жерлері бар. Актерлардың ойыны тіпті, қызық. Мен күле алмаймын. Күлдіре алмайды.

-Неге? Көп киноға кәсіби актерлар түседі ғой?

-Ия, бірақ олар спектакль түрінде ойнайды. Бұл кино. Театр актерларын алып, киноға салады. Олардың ойнағаны әрине спектакль ретінде шығады. Сол себепті сену қиын.

-Бұл кімнің кемшілігі?

-Ең бірінші режиссердың кінәсі. Екінші кастингтен өткізген мамандардың кемшілігі. Өйткені, режиссердың мақсаты келген актердан персонаж жасау. Дайындау керек, әр сценаға белгілі уақыт беріп, тексеру керек. Ол кейіпкер актердың табиғатына келе ма, жоқ па барлығын бақылау қажет. Ал, бізде аты бар біреуді алып келеді. Ол актер бұл рөлге келмеуі мүмкін. Бірақ аты бар деп қоя салады. Бір жағынан ол дұрыс емес.

Сосын театрда жүргендей киноның шырқын бұзады. Көптеген актерлар екі жақта жұмыс істеп жүр. Театр мен кино саласында. Олар таңдау жасау керек. Не кинода не театрда қалу керек. Бізде кейде режиссерларда шатысып кетеді сол үшін. Мысалы, біздегі телесериалдарды көрсеңіз, актерлер спектакль сияқты ойнайды. Әрине, содан соң көргісі келмейді ол киноны. Сендіре алмайды. Актер киноға келгенде өзінің жетсикуляцияларын ұмыту керек. Барлық мәлімет бетте болу керек. Драматургияны іштей өткізу керек. Мына жасанды жестикуляцияны басу керек деген сияқты.

-Тыңдап отырсам, сізге біздің актерлар да, киноларымызда ұнаймай жатыр. Өзіңіз қыркүйекте келгенде не ала келесіз. Жұмысты неден бастайсыз?

-Бізде жақсы түсіретін режиссер да, түсірілген кино да, актерлар да бар. Барлығы жаман деп отырғаным жоқ. Бірақ мен келгенде бірінші ұйымдастыру жағын қолға алғым келеді. Әрине, бір адам болып жасай алмаймын. Қолдаушылар іздеймін. Кино өнеріне өзгеріс жасағысы келетін адамдар болса, мен бірлесім жұмыс істеуге дайынмын. Өйткені, біздің киноларымызға қолдау қажет. Бізде киноға бір ғана бұрыштан қарап, талқылайды.

Шетелде бірнеше бұрыштан қарайды. Ол не деген сөз? Ол киноны қолдау мәселесі. Оны шетелге қалай танытамыз? Фестевальдарға қалай жібереміз? Қалай коммерциялаймыз деген сияқты сұрақтарға жауап іздеп, іске асырады. Ал, бізде сол жағы ақсаңдап келеді. Тек өз елімізге емес, шетелге көрсету керек. Кино арқылы өз елімізді таныстыру керекпіз. Бірақ, ол үшін ұйымдастыру жағы жоғары болу керек.

Коммерция жағынан да өтпейді, мойындау керек. Кино шықты ма, жан-жақтан жүйелі түрде қолдау болу керек. Әсіресе өз киномызға. Біз керісінше шетел киносын қолдап, өз киномыз шетте қалып жатады. Сосын мен актерларды ауылдан іздегім келеді. Қазір қай киноны алсақ та, бәрінде актер бір. Мен жастарды таныстырғым келеді. Қарапайым халық арасынан шын таланттар шығады. Сену керек. Режиссерлар да тура сол секілді. Шетелден келді екен деп миллиондаған қаржы береді. Бірақ, бізде шетелде оқып келген мамандар бар. Соларға да сенім арту керек.

-Шетел деп жатырсыз, шетелде қазақ қыздары көп пе? Араласасыздар ма?

-Әрине… бірақ мен көбіне қазақ қыздарын қызғанамын.

-Неге?

-Мынау кейбір қазақ қыздарымыз шетелге барып басқа ұлттың жігіттерімен жүріп, тіпті тұрмысқа шыққандарын да көрдім. Шетел азаматтарынан қазақ қыздарын қызғанамын. Бірақ, өз өмірлері ғой енді.

-Қызғаныш бар екен, бір қазақ қызына үйленуді ойламадыңыз ба?

-Жасым 29 да. Қызғанамын деп енді барлығына бірдей үйлене алмаймын ғой. (күледі) Бірақ, шамам келгенінше айтамын. Өзіміздің қазақ жігіттерінің етегінен ұстаңыздар, елге ораламыз бірге деп.

Әңгімеңізге рахмет. 

Оқи отырыңыз:

ОҚО-да 130 шөбересі бар әжей 100-ші көктемін билеп қарсы алды (фото)

Әнші Асхат Тарғын енді оқу бітірген қызға үйленді (фото)

Ауыпбаев: Күзетші болып жүр дегенді естігендер қаржылай көмек ұсынды

Алматы облысында 20 жастағы биші жігіт қошқарды 230 рет көтеріп жеңімпаз атанды (видео)

Әнуар Нүрпейісов өзін сынағандарды қатыгездер деп атады

 

Талқылау