“Болашақ инженерлер мен журналистерді тәрбиелейміз”: Семейде ашылған жаңа ІТ-мектептің ерекшелігі неде?
Фото: KAZ Minerals
Семей қаласында ерекше мектеп ашылды. №50 мектеп лицейінде оқитын оқушылар ІТ саласының негізін жетік меңгеріп шығады. Бұл оқу ордасы - Абай облысындағы ең алғашқы ІТ-мектеп. Оны KAZ Minerals компаниясы былтыр 10 миллиард теңге бөліп, аз уақыттың ішінде салып шықты.
№50 мектеп лицейі - Абай облысы, Семей қаласынан ашылған алғашқы ІТ-мектеп. Бұл мектептегі оқушылар ІТ бағытын тереңдетіп оқиды. Бастапқыда мұнда 1200 бала оқиды деп жоспарланған еді. Дегенмен былтыр мектеп есігін аша салып, жалпы 2004 оқушыны қабылдаған. Жыл соңында мектептің алғашқы 14 түлегі ұясынан ұшып, ҰБТ-ны сәтті тапсырып, қалаған жоғарғы оқу орындарына түскен. Ал биыл мектепте жалпы 2094 оқушы бар. 210 оқушы 1-сыныпқа қабылданған, оның ішінде бес сынып қазақ тілінде, үш сынып орыс тілінде оқиды.
Фото: KAZ Minerals
Қала тұрғыны Жанболат Тоқсанбаевтың да қызы №50 мектеп лицейінің табалдырығын аттап отыр. Ата-ананың айтуынша, мектеп - баланың болашақтағы өміріне ықпал ететін ең маңызды жер. Сондықтан жұбайы екеуі қызы оқитын мектепті ұзақ әрі мұқият таңдапты. Үйіне басқа бірнеше оқу орны жақын болса да, қызын №50 мектеп-лицейінде оқытуды жөн санапты. Оларға мектептің ІТ саласына бағыттылғаны ұнаған.
“Қазір – XXI ғасыр, балалардың бәрі жаңа технологияларға қызығады. Осындай мектептердің ашылуы – еліміз үшін үлкен қадам. Бұл жер балаларды дамытып қана қоймай, Қазақстанның болашағына үлес қосады. Біздің де балаларымыздың жетістіктері елдің дамуына қосқан үлесі болса дейміз. Мектеп қызымызға қатты ұнады, сабаққа ынтасы зор. Оқу жылының басталғанын тағазсыздана күтті”, - дейді ата-ана Жанболат Тоқсанбаев.
Фото: KAZ Minerals
ІТ-мектеп жаңа әрі таза. Кабинеттердің, акт залдың, асхананың, шеберханалардың іші кең, жылы әрі жайлы. Оқушыларға арналған нетворкинг аймағы бар, онда балалар еркін сөйлесіп, шығармашылық тапсырмаларды орындайды. Оған қоса үлкен спорт залы, бастауыш сыныптарға арналған шағын ойын залы, мектеп аумағына футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолағы және демалыс пен оқу үшін басқа да орындар салынған.
Мектеп директоры Айжан Қуанышбаеваның айтуынша, оқу орны, оның ішінде информатика кабинеттері мен шеберханалар заманауи технология жабдықтарымен қамтылған және оқу бағдарламасы ІТ саласына бағытталған. Соның арқасында оқушылар робототехниканы, 3D-модельдеуді, бағдарламалауды меңгеріп шығады.
“Мұнда балалар математика, физика, информатика және ағылшын тілін тереңірек оқи алады. Ал жоғары сыныптар үшін бейіндік оқыту енгізілген. Яғни ІТ бағытында білімін жетілдіргісі келетін оқушылар арнайы осы ІТ-мектеп-лицейді таңдайды”, – деді Семей қаласындағы №50 мектеп-лицейінің директоры.
Фото: KAZ Minerals
Бұл мектепті салып, ішін қажет затпен толтырған - KAZ Minerals компаниясы. KAZ Minerals Management басқарма төрағасы Эльдар Мамедов мектепті өз көзімен көріп, тексеріп қайтқан. Сол кезде ол білім ордасына әлі не қажет екенін сұрап, аз уақыттың ішінде оның бәрін жеткізіп берген. Мәселен, олар кәсіби монтажға арналған 11 компьютер, робототехникаға арналған үстелдер мен арнайы алаңдар, бастауыш және орта буынға арналған жинақтар, ғылыми жобаларға арналған 100 жинақ, подкаст жазуға арналған микрофондар, кәсіби жарық, камера, дрон және басқа да техника сыйлады. Бұл құралдарды әртүрлі жастағы әр оқушы қолдана алады. Осылай, компания құрал-жабдықтың өзіне ғана 24 миллион теңге жұмсаған. Басқарма төрағасының айтуынша, компания білім ордасына әрі қарай да қолдауға дайын. Ал мектеп директоры демеушілерге алғыс білдіріп, олардың оқушыларға көп мүмкіндік бергенін айтты.
“Оқушылардың шығармашылық тұрғыдан дамитын орны” деген кабинетіміз бар. Мұнда робототехника, 3D-модельдеу, бағдарламалау сабақтарымен қатар, подкаст жазу, фото және бейнетүсірілім жүргізуге болады. Осындай жабдықталған кабинеттің арқасында біз болашақта тек инженерлерді ғана емес, сонымен бірге журналистерді де тәрбиелей аламыз. Компания басшылығы біздің өтінішімізге құлақ асып, қажет жабдықпен қамтамасыз еткені үшін өте қуаныштымыз”, - дейді мектеп директоры Айжан Қуанышбаева.
Фото: KAZ Minerals
Мектеп басшысының сөзін оқушылар да растап отыр. Мәселен, 11-сынып оқушысы Әлихан Сұлтанбеков №50 IT-мектеп-лицейінде оқи бастағаннан кейін ғана робототехникаға қызығыпты. Екі жыл ішінде ол ІТ-ды, бағдарламалауды үйреніп, мектептегі робототехника командасының бас инжері атанып үлгерген. Оның айтуынша, командасында бағдарламашы, дизайнер, уеб-дизайнер және SMM-маман болып жүрген басқа да оқушылар да бар. Өзі мектепті аяқтаған соң, IT саласын таңдауды жоспарлап отыр.
“Бүгінге дейін түрлі жарысқа қатыстық. Бірақ команданы бағдарламалау жарысына небәрі екі апта қалғанда жинадық. Соның өзінде Шымкентте өткен алғашқы жарыста үшінші орын алдық. Кейін Орталық Азияға квота иеленіп, әлемдік деңгейге шықтық. Бірақ басқа командалардың бәрінде жаңа жабдық болды, ал бізде ондай құралдар болмағандықтан, лайық қарсылас бола алмадық. Енді жаңа жабдықтың арқасында халықаралық деңгейде бақ сынауға мүмкіндік аламыз деп сенемін. Былтыр бізге дәл осы жинақтар жетпей қалған еді. Орта буынға арналған жиынтықтар үшін алғысымыз шексіз. Біз жаңа команда құрдық, оларға робот құрастыруға көмектесіп жүрміз. Бұл жабдық мектепке өте қажет”, – дейді Әлихан Сұлтанбеков.
Фото: KAZ Minerals
Мектептің ашылғанына бір жыл болғанына қарамастан, оқушылар мен мұғалімдер ІТ саласында біраз жетістікке жетіп үлгерген. Мәселен, былтыр мектептің "Eclipse" деген робототехника командасы республикалық жарыстарда жеңіске жетіп, Дубайдағы халықаралық байқауға шақырту алған. Ал 8-сынып оқушылары ұстаздарымен бірге 3D-принтер арқылы жетіген жасап, оны робот арқылы басқаруды үйретті. Бұл жоба республика көлемінде жоғары бағаланған. Оған қоса робо-футбол командасы да жасақталған.
“Біздің жұмыс көп нәтижеге жетт. Мектеп ұжымы ұйымшыл болып, бірлесіп еңбек етті. Мұғалімдер Ресей мен Қытайда өткен халықаралық семинарларда баяндама жасады. Біздің бір оқушымыз ұстазымен бірге Грузияның Батуми қаласында өткен музыкалық байқауда үздік өнер көрсетті”, – дейді Семей қаласындағы №50 IT мектеп-лицейінің директоры Айжан Қуанышбаева.
Фото: KAZ Minerals
Мектепте оқушылар екі ауысым бойынша оқиды, онда 156 мұғалім істейді. Олардың басым бөлігі - білікті әрі жас мамандар. Оның ішінде 11 мұғалімі информатика пәнінен береді. Ал Оңтүстік Кореядан оқып келген, информатика пәнінің мұғалімі Алишер Мәулетов қазір мектепте робототехника және мультимедиа клубтарын жүргізіп жүр. Ол жаңа мектеп оқушылардың креативін, қабілетін қарқынды түрде дамытып жатқанынын байқапты.
“Былтыр бізде 8–11-сынып оқушыларынан құралған робототехника командасы мен мультимедиа тобы құрылды. Олар мектептегі іс-шараларды, челленджтерді түсірді. Биыл осы жұмысты қайта жалғастырамыз. Жаңа микрофондар арқылы подкаст жазамыз, жеке айдарлар ашамыз. Оған қоса кәсіби жарық, камералар, монтажға арналған компьютерлер әкелінді. Бұл жабдықтар арқылы мектеп жаңалықтарын, іс-шараларды жоғары сапада дайындай аламыз. Осылай, оқушыларымыз жаңа мультимедианың тілін жетік меңгеріп, дайын маман болып шығады”, - дейді клуб жетекшісі.
Фото: KAZ Minerals

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
