Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Болашақ" бағдарламасының түлектеріне бюджеттен қанша ақша жұмсалатыны белгілі болды

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ "Болашақ" бағдарламасының стипендиаттарын оқытуға бөлінген қаражат көлемін жария етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: bonvitastyle.com

Орталық мәліметінше, оқыту құны бағдарламаға, елге және таңдалған мамандыққа байланысты өзгереді. Қаржыны есептеуде университеттің рейтингі, оның орналасқан жері, бағдарламаның ұзақтығы да маңызды рөл атқарады.



"Орта есеппен бір стипендиатқа магистратурада оқу үшін шамамен 10-15 миллион теңге және докторантураға шамамен 20-25 миллион теңге жұмсалады. Оның ішіне оқу ақысы, шәкіртақы, әуе жол ақысы және басқа да шығындар кіреді", – делінген орталық хабарламасында. 

Айта кетейік, "Болашақ" халықаралық стипендиясы 1993 жылы 5 қарашада құрылып, бір жылдан кейін алғашқы қазақстандық студенттер оқуға аттанды. 30 жыл ішінде 12 мың 731 адам диплом алды, яғни орта есеппен бұл жылына шамамен 425 бала. Соңғы бірнеше жылда 2607 адам оқуын аяқтады.

Қазір "Болашақ" бағдарламасы бойынша 939 қазақстандық білім алып жатыр. Олардың басым бөлігі магистратурада – 704 адам. 133 докторант болса, тағы 102 адам тағылымдамадан өтіп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек енді бакалавр студенттерінің "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелде оқи алатынын мәлімдеген еді. Бұл шешімді өткен жылы республикалық комиссия қабылдаған. 

Талқылау