"Келешегіне сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде қалыптасып келеміз": Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, тәуелсіздік пен бірліктің маңызын атап өтті. Президент елдің болашағы әр азаматтың қолында екенін айтып, барша жұртқа амандық пен бақ-береке тіледі. Бұл туралы Stan.kz агенттігі хабарлайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтап, егемендік алғаннан бергі 35 жылдағы жетістіктер мен елдің даму жолын атап өтті.
"Қымбатты отандастар! Республика күні құтты болсын! Қазақстан осыдан 35 жыл бұрын Егемендік декларациясын қабылдап, жаңа дәуірге қадам басты. Тарихи құжатта халқымыздың өз болашағын дербес айқындау құқығы нақты көрініс тапты. Сол арқылы бостандықтың байрағын көтеріп, заманауи мемлекет құруымызға жол ашылды. Содан бері еліміз қиын да күрделі жолдан өтті. Біз Тәуелсіздігіміздің саяси-экономикалық тұғырын бекіттік, шекарамызды айқындап, оны бүкіл әлемге таныттық, жаңа астанамызды салдық. Сондай-ақ жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайту, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру жолында зор жетістікке қол жеткіздік. Қазақстан салиқалы әрі сындарлы сыртқы саясатының арқасында өзінің ұлттық мүддесіне адал, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет ретінде қалыптасты", – делінген Ақордада жарияланған президент құттауында.
Сонымен қатар мемлекет басшысы алдымызда бұдан да зор міндеттер тұрғанын атап өтті.
"Біз қазіргі алмағайып замандағы орасан сын-қатерлерге қарамастан, барлық азаматқа бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Саясаттағы, экономика мен әлеуметтік саладағы реформалар Отанымыздың өсіп-өркендеуін қамтамасыз етіп, халқымыздың тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Біз "Заң және тәртіп" қағидатын, "Таза Қазақстан" идеологиясын, отаншылдық пен тілеулестік, еңбекқорлық пен жауапкершілік, білімпаздық пен кәсібилік құндылықтарын қоғамда барынша орнықтырып, келешегіне сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде қалыптасып келеміз. Әр буынның өз миссиясы бар. Осы орайда, бабалар өсиетін ұмытпай, қастерлі Тәуелсіздігімізді нығайта түсу, Қазақстанды дамыған, жасампаз әрі әділетті ел ету – бәрімізге ортақ парыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, Қазақстан еселі еңбектің, өзара қолдаудың және ең бастысы, мызғымас бірліктің арқасында барлық жоспарымызды табысты жүзеге асырып, жаңа белестерді бағындыра беретінімізге сенеді.
"Еліміздің келешегі – әрқайсымыздың қолымызда. Қазақстанның көк туы әрдайым биікте желбіресін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және мол табыс тілеймін!" – деп құттықтады мемлекет басшысы.
Республика күнінің маңызы не, мерекені не себепті қайтарды – Саясаттанушылар жауап берді