Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бокстан Токио олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев карьерасын аяқтады

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының экс-капитаны, Токио олимпиадасының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев мансабын аяқтады. Бұл туралы Stan.kz агенттігі Sport+ Qazaqstan арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: olympic.kz

Бұл ақпаратты бокстан Қазақстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов "Pluste bol" бағдарламасына берген сұхбатында айтты.

"Қамшыбек боксты қоямын деді. Оны айта беруге болатын шығар. Өйткені допинг сынамасын алуға келген халықаралық ұйым боксшыны таппай қалып жүр. Сол үшін Қамшыбек боксты қойдым деп хат жазу керек еді. Осы мәселе бойынша боксшыға хабарласқанда ол мансабын аяқтаймын деп шешті", – деді Қайрат Сәтжанов.

Қамшыбек Қоңқабаев алдағы уақытта өзі туып-өскен Қызылорда облысындағы спорт мектебінің директоры болуы мүмкін. Бұл жайлы бағдарлама жүргізушісі, спорт журналисі Айбек Қабылша бір сөзінде айтып қалды. 

Қамшыбек Қоңқабаев 33 жаста, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының қола жүлдегері. Сондай-ақ 2017 және 2019 жылғы әлем чемпионаттарында күміс жүлдегер атанған. Одан бөлек, Азия біріншіліктері (2017, 2019, 2021) және Азия ойындарында күміс медаль алған.
 

Талқылау