Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов қызметінен кетті
Фото:ҰОК
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов өз қызметін ресми түрде тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Белгілі болғандай, Қайрат Сәтжанов денсаулығына байланысты бұл шешімді қабылдауға мәжбүр болған.
Айта кетейік, ол бұған дейін де 2021–2023 жылдары ұлттық құраманы басқарған, алайда сол кезде де денсаулығына байланысты қызметінен кеткен еді.
Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде:
"Сәтжанов Қайрат Тұрсынханұлы 2024 жылдың тамыз айынан бастап ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы қызметін атқарды. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысының жетекшілігімен ерлер командасы көптеген халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсетіп, әлем чемпионаттарында жүлделі орындарға ие болды. 35 жылдан астам тәжірибесі бар маман денсаулығына байланысты бұл қызметтен бас тартуға мәжбүр болды. Қайрат Тұрсынханұлына отандық бокс қауымдастығы атынан алғысымызды білдіреміз", – делінген.
Қайрат Сәтжанов ұлттық құраманың тізгінін Париж Олимпиадасындағы сәтсіз нәтижеден кейін қолға алған.
Өткен жылы оның жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында 4 алтын медаль жеңіп алды.
Шымбұлақтан да үлкен жаңа Көкжайлау тау шаңғысы курорты салынады: Жоба алматылықтар үшін не береді

