Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайды университет оқудан шығарып жіберген

Белгілі спорт журналисі Ғалым Қожабеков Ташкенттен жолжазба жариялады. Ол өз постында әлем чемпионы Санжар Тәшкенбайдың оқудан қалай шығып қалғанын жазған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Бүгін Ташкенттен оралдық. Бір апта әлем чемпионатын көрдік.Ташкент-Астана бағытында ұшқан ұшаққа мініп, орныма жайғасқаным сол еді, жаныма келіп Санжар Тәшкенбай жайғасты.  Содан Астанаға жеткенше біраз әңгімелестік", – дейді журналист.

Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияда оқығанын айтқан Санжар 17 жасында бокстан жастар арасында Азия және әлем чемпионы болған. 18 жасында ересектер арасындағы Азия чемпионатында да топ жарады. 

"Әңгіме барысында бір әттеген-айы бар екенін де айтып қалды. Мен бір сөзімде қайда оқисың деп қалдым. Ол болса "Ешқайда оқымаймын, 2021 жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне грантқа оқуға түскен едім оқытушы-жаттықтырушы мамандығына. Бірақ оқуым ұзаққа бармады", – деп айтыпты боксшы.

Университет бірінші курстың ортасынан бастап стипендиясын алып тастаған. Одан кейін сабаққа және жазғы практикаға қатыспағаны үшін оқудан шығарады. 

"Ақылы оқуға ауысайын десем, қаражат жетіспейді, үйде менен басқа бес бала бар, әкем қарапайым таксист, анам үй шаруашылығынан босамайды. Бұл кездері мен жастар арасындағы Азия және әлем чемпионатына қызу дайындық жүргізіп жүргенмін. Тынымсыз жаттығуларымның арқасында екі жарыста да чемпион болдым", – депті Санжар Тәшкенбай.

Ол журналистке "Оқуымнан шығып қалдым, соған өкінемін, аға" деп көңілінде жүрген бір кірбіңін білдірген.

"Енді не істейсің десем, "Көкшетаудағы педагогика институтына баратын шығармын, спорт өмір бойы серік болмайды ғой..." деп отыр кеше ғана әлемді мойындатқан Санжар чемпион", – дейді Ғалым Қожабеков.

Талқылау