Боксшы Али Ахмедов Қазақстанда WBC титулы үшін атақты қарсыласпен жекпе-жекке шығады
Қазақстандық екінші орта салмақ дәрежесіндегі боксшы Али Ахмедовтің (23-1, 17 КО) жекпе-жек уақыты ресми түрде жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Фото: Sarah Stier/Getty Images
Кәсіпқой боксшы мансабындағы 24-кездесуін 28 ақпанда Қазақстанда өткізеді. Али Астанадағы бокс кешінде жұдырықтаспақ. Ұйымдастырушы All Stars Boxing промоутерлік компаниясының мәліметінше, Ахмедовтың қарсыласы әйгілі поляк боксшысы Мацей Сулецки (32-3, 12 КО) болады. Бұл жекпе-жекте WBC Silver титулы сарапқа салынады.
Айта кетейік, Али Ахмедов рингке жақында ғана шыққан еді. 18 қаңтарда АҚШ-тың Калифорния штаты, Коммерс қаласында ол америкалық Малкольм Джонсты (17-5-1, 10 КО) екінші раунда нокаутпен жеңді.
Мацей Сулецки соңғы рет 31 тамызда Калифорниядағы Карсон қаласында жекпе-жек өткізген. АҚШ-та өткен бокс кешінде поляк боксшысы америкалық Диего Пачекодан (23-0, 18 КО) алтыншы раундта нокаутпен жеңілді.
Бұған дейін, Мацей спорттық мансабында Деметриус Андраде, Рабриэль Росадо және Дэниэл Джейкобс сынды танымал боксшылармен кездескен. Тіпті 2019 жылы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулы үшін Деметриусқа қарсы кездесу өткізді. Алайда Сулецки төрешілер шешімімен бұл жекпе-жекте жеңіліс тапты.