Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бокс медалі, Олимпиада рекорды, тарихи жеңістер: Қазақстандық спортшылар 2024 жылы қандай жетістіктерге жетті

Биыл Қазақстан құрамасы жоғары жетістіктерімен, соның ішінде Париждегі Олимпиадасы мен Паралимпиада ойындарындағы табыстарымен және бірқатар тарихи нәтижелермен көзге түсті. Осы ретте Stan.kz тілшісі жылдың қорытындысын шығарып, елге қуаныш сыйлаған спорт жетістіктерін атап өтті.

Фото: Stan.kz

Трамплиннен секіру

Биыл қысқы спорт түрлері назардан тыс қалмады. 2024 жылы Қазақстандық Илья Мизерных Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында трамплиннен секіруден чемпион атанып, еліміздің тарихында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды.

Бұл жетістік қазақстандық спортшылардың қысқы спорттағы дайындығының жоғары деңгейін дәлелдеді. 24 желтоқсанда өткен "Үздік-2024" сыйлығында Илья Мизерных "Жылдың үздік жас спортшысы" атағын иеленді.

Фото: Олимпиада комитеті / Илья Мизерных

Синхронды жүзудегі серпіліс

2024 жылы Қазақстан спортшылары су спорты бойынша Дохада (Катар) өткен әлем чемпионатында да керемет нәтиже көрсетті. Ақпан айында өткен бұл жарыста аралас дуэт Эдуард Ким мен Наргиза Болатова артистік жүзуден алтын медаль жеңіп алды. Бұл жетістік елімізде су спортының танымалдығының артып келе жатқанын және қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейде жоғары нәтижелерге жете алатынын көрсетті.

Фото: Олимпиада комитеті / Эдуард Ким мен Наргиза Болатова

Шорт-тректегі рекорд

Биыл көктемде Қазақстан шорт-трек спорты бойынша тарихи қадам жасады. Ұлттық құрама сапындағы Денис Никиша Нидерландының Роттердам қаласында өткен әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Бұл медаль Қазақстан тарихындағы шорт-тректегі алғашқы күміс медаль болып, осы спорт түріндегі отандық спортшылардың зор жетістігіне айналды.

Фото: Joris Verwijst/BSR Agency/Getty Images / Денис Никиша

Париж Олимпиадасы (Франция)

26 шілде мен 11 тамыз аралығында өткен Париждегі Жазғы Олимпиада ойындары қазақстандық спортшылар үшін маңызды кезең болды. Қазақстан құрамасы жалпы есебі 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль қанжылады. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан 43-орынға тұрақтады.

Медаль иегерлері:

  • Елдос Сметов (дзюдо) – алтын
  • Нұрбек Оралбай (бокс) – күміс
  • Демеу Жадыраев (грек-рим күресі) – күміс
  • Нариман Құрбанов (гимнастика) – күміс
  • Назым Қызайбай (бокс) – қола
  • Ғұсман Қырғызбаев (дзюдо) – қола
  • Александра Ле мен Ислам Сатпаев (атыс спорты) – қола.

Айтулы додада Елдос Сметов ел тарихында Олимпиада ойындарынан үш жүлдені де алғандардың бірі болып тіркелді. Осы сәтте Елдос Сметов өзін татамидің нағыз хас шебері екенін тағы да дәлелдеді. Сметов квалификациялық кезеңде сәтсіздікке ұшырап, үшінші Олимпиадасына зор қиындықпен өтті. Дегенмен жамбылдық Елдос Олимпиада ойындарындағы медальдар жинағын толықтырды: 2016 жылы – күміс, 2020 жылы – қола, 2024 жылы – алтын. Кейін қазақстандық дзюдоист халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) әлемдік рейтингінде бірден 5-орынға көтеріліп, 17 сатыны артта қалдырды. Жаңартылған рейтингте Елдос Сметов 60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынасты.

Бүгінде жекпе-жек әлемінде Сметов "мысық" (кот) деген лақап атымен танымал. Спортшылар мұны Елдостың күрестегі ерекше тактикасы мен әдіс-тәсілдерімен байланыстырады. Ол татамиде өте жылдам, жеңіл қозғалады. Қарсыластарын күтпеген уақытта ұстап алады, дәл әрі мықты соққылар жасайды. Осы қасиеттері мысықтың қозғалысындай ептілік пен шеберлікті білдіреді. 

Дегенмен Елдос Сметов Қазақстанның алғашқы Олимпиада чемпионы дзюдошысы болып елге оралса да, әлеуметтік желілерде бірнеше сынға ұшырады. Бұл жеңісінен кейін оның анасы жиі назарға ілікті. Жұрт оның ұлына тым көп көңіл бөлетініне және үнемі қолтықтап жүретініне ашуланды. Елдос Сметов бұл сындарға жауап ретінде "Бұл – басқалардың емес, менің жеке өмірім" деп атап өтті. Сонымен қатар оның жары Балауса Адильжанованың қоғамдық іс-шараларда сирек көрінуі де қоғамда талқыланды. Бұл сындарға қарамастан ол ел алдында жүрген кәсіпкерлердің және қоғам белсенділерінің қошеметіне бөленді. 

34 жастағы Демеу Жадыраев 77 келіге дейінгі салмақта 2024 жылғы Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Көпшіліктің назарын аударғаны, балуанның Парижге жеке жаттықтырушысы Боранбек Коныратовсыз барғаны болды. Дегенмен жетісулық Демеу Жадыраев екінші Олимпиадасында күтпеген жерден көпшілік сарапшылары мен жанкүйерлер үшін финалға шықты. Ол грек-рим күресінен 20 жыл ішінде Олимпиада финалына шыққан алғашқы қазақстандық атанды. 

Отандасымыз қырғызстандық қарсыласы Ақжол Махмұдовты төрттағаннан көтеріп алып, айналдыра лақтырған сәті көптің есінде қалды. Осылайша өз мансабындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізді. Айта кетерлігі, Қазақстанның "классикалық күресіндегі" соңғы үлкен жетістік 2012 жылы болды.

Фото: Ақорда

Ал қазақстандық гимнаст Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасында ат үстіндегі жаттығуда күміс медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстанның спорттық гимнастика тарихындағы алғашқы Олимпиадалық медаль болды. Курбанов 15,433 ұпай жинап, екінші орынға ие болды. Алтын медальды Ирландиядан Рис МакКленаган (15,533 ұпай) жеңіп алса, қола медальды америкалық Стефан Недорошик (15,300 ұпай) иеленді. Бұл Нариман Курбановтың алғашқы Олимпиадасы. 

Спортшы Олимпиадаға дайындық барысында жеке жаттығу бағдарламасын өзгертіп, көп еңбек етті. Ол бірнеше рет әлем кубогында жүлде алып, 2023 жылы Қытайдағы Азия ойындарында қола медальға ие болды. Олимпиадада өз жаттығуын орындағаннан кейін ол нәтижені күткенде ғана қобалжығанын, бірақ жарыс кезінде алаңдамады деп айтты. Жаттықтырушысы әрі әкесі Хусанжан Курбановтың еңбекқорлығын атап өтіп, медаль тек онымен бірлескен қажырлы жұмыстың нәтижесі деді.

Ал нысана көздеуде Александр Ле мен Ислам Сәтпаев қола жүлде жеңіп алды. Нысана көздеуден Қазақстан құрамасы 28 жыл бойы Олимпиада медалінсіз қалған еді.

Назым Кызайбай Париждегі Олимпиадада 50 келі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды. Ол жартылай финалда Қытай спортшысы Ю Ву-ға ұтылып, қолаға ие болды. Кызайбай алтын медаль алуды мақсат еткенін, бірақ ол жеңіске жете алмағанын мойындады. Боксшы осы медальды отбасы мен командасына арнады.

Олимпиадаға дейін Назым Кызайбай бірнеше рет іріктеу турнирлерінде қиындықтарға тап болды. Соның ішінде Азиада мен Италиядағы бәсекелерде сәтсіз болды. Бірақ соңында Таиландтағы іріктеу турнирінде жеңіске жетіп, Париж Олимпиадасына жолдама алды. Бұл Қазақстанның әйелдер боксындағы үшінші қола медалі болды. Бұған дейін Марина Вольнова (2012) және Дариға Шакимова (2016) Олимпиадада қола медаль жеңіп алған еді.


Париж Паралимпиадасы (Франция)

28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өткен XVII Жазғы Паралимпиада ойындары да Қазақстан үшін табысты аяқталды. Спортшыларымыз бес спорт түрінде жалпы 9 медаль (2 алтын, 3 күміс, 4 қола) жеңіп алды.
Алтын медаль иегерлері:

  • Ақмарал Науатбек (дзюдо)
  • Давид Дегтярев (пауэрлифтинг).

Күміс медаль иегерлері:

  • Нұрдәулет Жұмағали (жүзу)
  • Еркін Ғаббасов (атыс спорты)
  • Ерғали Шамей (дзюдо).

Қола медаль иегерлері:

  • Даяна Федосова, Зарина Раифова, Жұрқамырза Шүкірбеков (пара дзюдо),
  • Дастан Мұқашбеков (жеңіл атлетика).

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Көшпенділер ойындарындағы дау

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астанада 8-13 қыркүйек аралығында өтті. 89 елден 2500 спортшы 21 спорт түрінен 97 медаль үшін бақ таласты. Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Қазақстан құрамасы 43 алтын, 32 күміс және 37 қола медаль жеңіп, жалпы 112 медаль иеленді. Екінші орынға Қырғызстан (19 алтын, 21 күміс, 25 қола – барлығы 65 медаль), үшінші орынға Ресей (12 алтын, 12 күміс, 25 қола – барлығы 49 медаль) жайғасты.

Жарыстардың ең қызық сәттерінің бірі қазақ пен қырғыздың көкпар ойыны болды. Қазақстан құрамасы 5:4 есебімен жеңіске жетті, бірақ ойын барысында қырғыздар әділетсіздік болғанын айтып, әлеуметтік желілерде наразылық білдірді.

Қазақстан құрамасы қырғыздарды 5:4 есебімен жеңді, бірақ ойын соңында қырғыздар жарыс кезінде әділетсіздіктер болғанын айтып, әлеуметтік желіде шағымданды. Олардың айтуынша, қазақстандық көкпаршылар қарсыластарын қамшымен ұрып, ережелерді бұзған. Бұл жағдайда қырғыздар өз командаларының ойыншысына қызыл қағаз берілуін талап етті, бірақ қазақтардың ережесі бойынша, ол сәтте тек 2 минуттық шеттету қолданылды.

Қырғыздар марапаттау кезінде де наразылық білдіріп, медаль мен ақшаларын алғаннан кейін Қазақстан әнұраны орындалмастан жарыс алаңынан кетіп қалды. Бұл жағдай халықаралық деңгейдегі жарысқа сай емес деп саналды. Сонымен қатар қырғыздармен бірге барған топтың арандатушылық әрекеттері жарыс барысында шиеленіскен жағдайды ушықтырды.

Төрешілер тарапынан ешқандай өрескел қате болмағаны айтылғанымен, бұл жағдайлар ойынның әділ өтетініне күмән туғызды. Бас төреші Тастанбек Есентаев, ереже бұзылған сәттің ойыннан тыс уақытта болғанын және бұл мәселенің тек 2 минуттық шеттету арқылы шешілгенін айтты. Алайда қырғыздардың наразы болуы мен мәдениетсіздік әрекеттері халықаралық жарысқа жараспайды деп бағаланды.

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Шахмат Олимпиадасы

Будапештте (Венгрия) өткен 45-шахмат Олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы күміс медаль иеленді. Команда құрамында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева және Алуа Нұрман сынды шахмат шеберлері болды.

Бұл жетістік қазақстандық әйелдер шахматының қарқынды дамып келе жатқанын және олардың әлемдік деңгейде танылуға лайық екенін дәлелдеді. Меруерт Камалиденова сұхбатында бұл жеңіске жетудің құпияларымен бөлісіп, шахматшылардың күнделікті өмірі туралы айтып берді. Сондай-ақ, шахматтың Қазақстандағы болашағы туралы пікірін білдірді.

Фото: Шахмат Федерациясы

Еркін күрес бойынша әлем чемпионаты: Ризабек Айтмұхан

Қазан айының соңында Тиранада (Албания) өткен еркін күрестен әлем чемпионатында Қазақстандық Нұрқожа Қайпанов 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Сонымен қатар, 97 келі салмақ дәрежесі және U23 жас санатында тағы бір қазақстандық спортшы Ризабек Айтмұхан әлем чемпионы болды.

Әсіресе, еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан ерекше көзге түсті. 97 келі салмақ дәрежесіндегі финалда ол ирандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Былтыр Айтмұхан ересектер арасындағы әлем чемпионатында 92 келі салмақ дәрежесінде чемпион атанған еді. Бұл – Қазақстан тарихындағы еркін күрестен алғашқы алтын медаль.

Биыл 20 жастағы Айтмұхан 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында да әлем чемпионы атанды. Ол болашақта Олимпиада алтынын жеңіп алу үшін бар күш-жігерін салатынын уәде етті.

Фото: Олимпиада комитеті

Азия чемпионаты бойынша хоккей

2024 жылдың қараша айының басында Алматыда Азия чемпионаты өтті. Турнирге Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай құрамалары қатысты. Алғашқы матчта Қазақстан құрамасы қарсыластарына жол берсе де, қалған кездесулерде жеңіске жетіп, жалпы турнирде чемпион атанды.

Фото: Олимпиада комитеті

Жеңіліп көрмеген Шавкат Рахмонов

UFC ұйымындағы қазақстандық спортшы Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақта чемпиондық белдікке басты үміткер атанды. 7 желтоқсанда АҚШ-тың Парадайс қаласындағы T-Mobile Arena-да өткен жекпе-жекте Шавкат ирландиялық Иан Мачадо Гарримен кездесті. Бес раундқа созылған жекпе-жек қазақстандықтың төрешілердің бірауызды шешімімен жеңісімен аяқталды. Енді Шавкат Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақ дәрежесіндегі чемпионы Белал Мұхаммедпен кездеседі.

Фото: Шавкат Рахмоновтың желідегі парақшасынан

GGG-дің ізбасары

Садриддин Ахмедов – Қазақстанның ең перспективті боксшыларының бірі. Ол Жетісайдан шыққан және 7 жасында Астанаға көшіп, бокспен шұғылдана бастаған. Боксқа деген қабілетін ерте танытқан Ахмедов 2014 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында жеңіліп, бірақ келесі чемпионатта жеңіске жеткен. Оның кәсіби мансабы 2018 жылы Канадада басталып, алғашқы жеті жекпе-жегін нокаутпен жеңді.

Садриддин Ахмедов агрессивті және жойқын стилімен танымал. Әрқашан ұрысқа шабуыл жасап, қарсыласты тез жеңуге тырысады. Қазір оның рекорды 15 жеңіс (13 нокаут) және 0 жеңіліс. Ол көптеген титулды жеңіп алды, соның ішінде 2021 жылы үш белбеуді бір жекпе-жекті қанжығасына байлаған. Ахмедовтың жетістіктері Геннадий Головкиннің бұрынғы командасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Абель Санчес, Олег және Макс Германн, Том Леффлер сияқты мамандар оның мансабын жоғары деңгейге көтеруге атсалысып отыр.

GGG-дің бұрынғы менеджері Леффлердің пікірінше, Садриддин әлем чемпионы болуға үлкен мүмкіндігі бар.
Бүгінде Ахмедовты Головкинмен салыстырып, " GGG-дің ізбасары" деп атау жиі айтылып жүр.

Фото: SportX.kz

"Қазақша стиль"

Жәнібек Әлімханұлы 2024 жылы Қазақстанның ең басты боксшысы ретінде назарға түсті. Дегенмен бұл жыл оның мансабында бірқатар қиындықпен өтті. IBF нұсқасы бойынша титулын қорғау үшін Андрей Михайловичпен күреске шықты. Бірақ бұл жекпе-жек болмай жатып дауға ұласты. Бастапқыда бұл жекпе-жек Лас-Вегаста жазда өтетін болып жоспарланған еді.

Алайда Жәнібектің денсаулығының нашарлауынан ауруханаға түсіп, жекпе-жек кейінге қалдырылды. Михайловичтің командасы Жәнібекке қарсы БАҚ-та көптеген сыни пікір жазып, қызу талқыға түсті. Дегенмен ақыр соңында Әлімханұлы қазан айында Сиднейде өткен жекпе-жекте Михайловичті 9-раундта нокаутқа түсіріп, титулын қорғап шықты.

Әлімханұлы өзінің болашақ жоспарларымен бөлісіп, көктемде титулдарын қорғап, жазда Хамза мен Адамес арасындағы жеңімпазбен жекпе-жек өткізетінін айтты. Ол өз мақсаттарын айқындап, келесі жылы үш титулды жеңіп алуға үміттеніп отыр. 2025 жыл Жәнібек үшін мансабындағы маңызды кезең болады деп жоспарланып отыр. Бүгінде кәсіпқой боксшы спорт әлемінде "Қазақша стиль" лақап атымен көбірек танымал.

Фото: Instagram.com/janibek_alimkhanuly/

Азия чемпионаты бойынша бокс

11 желтоқсанда Таиландтың Чиангмай қаласында Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы турнирде 20 медаль жеңіп алып, жалпы медальдар есебінде екінші орын алды.
Ерлер командасы:

  • 4 алтын (Махмұд Сабырхан, Бекзад Нұрдәулетов, Сағындық Тоғамбай, Айбек Оралбай),
  • 5 күміс (Санжар Ташкенбай, Оразбек Асылқұлов, Дулат Бекбаев, Абылайхан Жүсіпов, Диас Молжігітов),
  • 1 қола (Ерасыл Жақпеков).

Әйелдер командасы:

  • 5 алтын (Виктория Графеева, Айда Әбікеева, Наталья Богданова, Гүлсая Ержан, Ельдана Тәліпова),
  • 5 қола (Айгерім Саттыбаева, Жазира Орақбаева, Ұлжан Сәрсенбек, Милана Сафронова, Диана Мағауияева).

Әйелдер командасы жалпы медальдар есебінде бірінші орын алды.

 Фото: Instagram/tashkenbay_sanzhar

Азия чемпионаты бойынша ауыр атлетика

2024 жылды аяқтаған жарыстардың бірі Катарда өткен жасөспірімдер мен жастар арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионаты болды. Қазақстан құрамасы жалпы есепте бірінші орынды иеленіп, 20 алтын, 13 күміс және 21 қола медаль жеңіп алды.

Ерекшеленген спортшылар:

  • Аянат Жұмағали (76 келіге дейін) – 215 келі көтеріп, 6 алтын медаль еншіледі.
  • Алексей Чуркин (89 келіге дейін) – 360 келі көтеріп, 3 алтын медаль иеленді.
  • Ақжол Құрманбек (73 келіге дейін) – 316 келі көтеріп, 3 алтын медаль жеңіп алды.

Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанда жасөспірімдер мен жастар арасындағы ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтетіні туралы шешім қабылданды.

Фото: Олимпиада комитеті

Сонымен қатар Бахрейн астанасы Манамада өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар бұл әлем чемпионатында 2 алтын және 1 күміс жүлде жеңіп алды. Бұл жарыста араға 10 жыл салып, 96 келіге дейінгі салмақта Нұрғиса Әділетұлы чемпион атанса, Артем Антропов араға 9 жыл салып, 102 келіге дейінгі санатта топ жарды. Ал Алексей Чуркин күміс медаль (81 келіге дейін) иеленді. Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша құрамамыз жалпыкомандалық есепте үздік үштікті түйіндеді. Қытай спортшылары 4 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль иеленіп, 2-орынға жайғасса, Солтүстік Корея спортшылары 9 алтын, 5 күміс, 2 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте көш бастады.

“Қазақ футболы”

Өкінішке қарай, Станислав Черчесов Қазақстан футболына қызметке келгелі бері Ұлттар лигасы алты матча да бірде-бір гол соқпай, бірде-бір матчта жеңіске жетпеген. Осы ретте қазақстандықтар 15 голды қақпасына жіберіп алды. Футболдан соңғы 8 ойында жеңіске жетпеген Қазақстан құрамасының FIFA рейтингіндегі орны өзгеріп, төмендеді. Бұдан бөлек Қазақстан ерлер құрамасы қарашада Ұлттар лигасы аясында өткен матчтардан кейін FIFA рейтингінде төмендеді. FIFA-ның жаңартылған рейтингінде Қазақстан құрамасы үш сатыға төмендеп, 110-орынға жайғасты. Аргентина көш басында қалса, екінші Франция, үшінші Испания тұр. 

Бұған қоса, Алматының Орталық стадионында "Астана" футбол клубы УЕФА Конференция лигасы аясындағы кезекті матчын өткізіп, жеңіліс  тапты. Бұл ойынды тамашалауға барған жанкүйерлер көрермендерге арналған орындықтар мен баспалдақтардың қардан тазаланбағанын айтып, наразылық білдірген еді. Желіде стадионның қар басқан орындықтарының фото-видеолары тарады. Бұдан кейін Алматы орталық стадионының басшысы қызметінен босатылды.

Фото: ҚФФ

Талқылау