Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Boeing беделіне тағы да нұқсан келді: АҚШ-та ұшақ қозғалтқышының корпусы ұшу кезінде сынып кетті (видео)

АҚШ-та Southwest Airlines әуе компаниясының Boeing 737-800 ұшағының қозғалтқыш корпусы Денвер әуежайынан көтерілу кезінде ұшып кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Vc.ru басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: vc.ru

Кадрлардан ауа ағынының қысымынан ұшып келе жатқан ұшақтың оң қанаттағы қозғалтқыш корпусының жұлынып кеткенін көруге болады. Ұшақ Хьюстонға ұшуы керек еді, алайда ұшқаннан кейін көп ұзамай өзінің жөнелтілетін әуежайына шұғыл қонды.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, ұшақ бортында 135 жолаушы болған. Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Southwest әйе компаниясы техникалық мамандардың ұшақты тексеріп жатқанын айтты. Алайда олар ұшақтың қозғалтқышы соңғы рет қашан тексерілгенін айтудан бас тартты.

Ведомствоның хабарлауынша, АҚШ-тың Федералдық авиациялық басқармасы оқиғаға қатысты тергеуді бастаған. 

Айта кетейік, бұған дейін 5 қаңтарда Орегоннан Калифорнияға ұшып шыққан Alaska Airlines авиакомпаниясының Boeing 737 MAX ұшағының апаттық шығу есігі жұлынып кеткенін хабарлаған едік. 

Әлеуметтік желіде тараған кадрлардан жолаушылар орындығының жанындағы саңылауды көруге болады. Фюзеляждың есігі ұшып шыққан соң шамамен 20 минуттан кейін жұлынып кеткен. Кейін Boeing 737 MAX 9 ұшақтарына ұшуға тыйым салынды. 

Оқиғадан кейін еліміздің Азаматтық авиация комитеті, Boeing MAX ұшақтары Федералды авиация ұйымының тыйымына кірмейтінін мәлімдеді. Сондықтан бұл ұшақтардың әуеге көтерілуіне еш кедергі жоқ. 

Сондай-ақ 16 наурызда Boeing ұшағында тағы бір ақау пайда болды. Ұшу кезінде United Airlines компаниясының Boeing 737 жолаушылар ұшағының сыртының бір бөлігі құлап түскені хабарланған еді. 

Талқылау