Алматы облысында блок-бекеттер қайта орнатылады ма: Әкімдік түсініктеме берді
Желіде коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Алматы облысы бойынша карантин шаралары күшейтілетіні туралы және блок-бекеттер орнатылатыны туралы көптеген хабарламалар тараған. Осы ақпараттарға қатысты облыс әкімінің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әкімдіктің баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Жақын арада блок-бекеттерді орнату жоспарда жоқ көрінеді.
"Танымал мессенджерлердің бірінде, блок-бекеттер орнатылатыны туралы, Алматы облысының жақын арада карантинге жабылатыны туралы қайта-қайта хабарлама жіберілген. Бұл ақпарат жалған. Бүгінгі таңда облыстың периметрі бойынша блок-бекеттер орнату жоспарланбаған", - деп сендірді баспасөз қызметі.
Жалпы, облыста коронавирус жұқпасының 701 жағдайы тіркелді. Оның ішінде, 574 адам сауығып шықты. Өкінішке орай, бір науқас қайтыс болды.
Талқылау