Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Блогерге жарнама жасатып, ресми лицензия алған": Қазақстандық ерлі-зайыпты адамдарға саяхатқа жолдама сатып, сан соқтырған

Ерсұлтан Тұраш пен Диана Тұраш есімді ерлі-зайыпты “Khan Travel” деген атаумен тур агенттік ашып, адамдарды саяхаттауға шақырып, жолдама берген. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген агенттік өз жұмысын 2022 жылы мамыр айында бастап, келесі жылы “Khan Travel” тур агенттігі ретінде ресми лицензия алған. Аз ақшаға саяхаттап, әлемнің ең керемет жерлерін көрсетеміз деп жер жаһанға жар салып, жарнама жасаған. Алайда агенттіктің қызметкерлеріне риза болып, алғысын білдіргендерден көрі, саяхаттан құр қалып, ақшасынан айырылғандардың қарасы көп. Олар тур агенттіктегілер алаяқтар деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Көреміз” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Жұбанышевтар әулеті аталмыш тур агенттіктің құрбаны болған. Әкесінің зейнет жасына шығуына орай ата-анасына Дубайға жолдама сыйлаған әулеттің ұл-қыздары саяхаттан да, ақшадан да айырылып отыр. Тур агенттік түрлі сылтау айтып, зейнеткерлерді сан соқтырып кеткен. 

“24 күні таңғы сағат 3-те ұшаққа мінуіміз керек еді. Алматыға жеткен соң хабарлассақ, “Тәте, кешіріңіз, билетпен мәселе болып тұр, кішкене күте тұрыңыздар. Ұшасыздар” деп уәде берді. Қыздарым хабарласып еді “Мальдивте жүріп телефонымды суға түсіріп алдым” деп айтыпты. Жолдама алғанда келісімшарт менің атыма жасалған екен. Ақыры ұшпадық, ақша да қайтарылған жоқ”, – дейді Дубайға саяхатқа дайындалған Жеңісгүл Саухашева.

Сондай-ақ тур агенттік адамдарға ғана емес, мемлекетке де қарыз көрінеді. Әлемнің 8 еліне саяхат ұйымдастыратын компанияның әлеуметтік желіде 21 мыңнан астам оқырманы бар.

Компанияға алданғандардың ақша жіберген түбіртектерінен қаражаттың “Almaty” деген мүлдем басқа есеп шотқа түскенін көруге болады. Анықтай келе, есепшоттың тур агенттікті ашқан Диана Тұраштың құрбысының күйеуіне тиесілі екені белгілі болды. Ерсұлтан мен Диана Әділет есімді азаматтан есепшотын уақытша қолдана тұруын сұраған. Олар да бұл мәселенің мұндай дауға ұласатынын білмеген. 

Агенттік басшылары желіде жеке кәсіптерінің заңды екенін, алаяқтық жасамайтындарын дәлелдеу үшін барын салып, тіпті мөріне дейін суретке түсіріп, жариялаған. Алайда кәсіпкер суреттегі мөрдің дұрыс емес екенін, “Khan Travel” ағылшын әріптерімен жазылғандықтан, мөрде де бәрі ағылшын әріптерімен болу керегін айтады. 

Алаяқтарға алданғандардың арасында қырғыз азаматы да бар. Рахат Качыбекова компанияның 12-13 күнде 4 елді аралатамыз деген сөзіне сеніп, оларға 600 мың теңге қаражат аударған. Бұл компания да кәсібін дөңгелету үшін блогерлерге бартер ұсынған. “Миллион” командасының әзілкеші Мансар Орынхан “Khan Travel” компаниясына жарнама жасап, бартерге келіскен.



“Қыста Дубайға барамын деп жоспарлап жүр едім. Сөйтіп желіден іздеп едім “Khan Travel-дің” маған бірнеше рет жазып, ұсыныс тастағанын көріп қалдым. Бартерге саяхатқа шығуды ұсынды. Мен келістім, бірақ жарнаманы сол сәтте ғана бір рет жасаймын деген шартпен ғана. Иә, жақсы барып, риза болып қайттық. Елге келген соң араға бір ай уақыт салып, олар менің жарнамамды таргетке шығарыпты. Өшіріп тастауды талап еттім. Өшірді, бірақ жақында компанияға қатысты осындай жағдайлардың болғанын, адамдарды алдап жүргенін естідім”, – дейді Мансар Орынхан. 

Тур компаниядан бөлек Диана Тұраштың өзіне алданғандар да бар болып шықты. Айдана Махмұтованың айтуынша, Дианамен 2021 жылы танысқан. Ол сол кездері желіде өзін заңгер ретінде таныстырып, адамдарға есеп шотты бұғаттан шығаруға көмектесіп жүрген көрінеді. Диана Айданаға қарыз алдырып, берешегінің жалпы сомасы 50 миллионға дейін жеткен. Қазір берген ақшасын шегергенде Диананың әлі 34 миллион теңге берешегі бар екен. 

“Ұзақ уақыт құрбы болып араластық. 2023 жылдың желтоқсанынан маған алтынға инвестор болуымды ұсынды. Анам үй салайын деп жатыр еді. Сол ақшаны алып, алтынға салып жібердім. 50 миллионның бәрі менің ақшам емес, ішінде декретке шыққан аналардың ақшасы бар, одан бөлек кілем бизнесім бар еді. Шымкентте базаркомға қарасты асханасы бар еді. Соны беріп, 50 миллионның жартысын қайтарды. Содан үйге деп құйған 6 миллион ақшасы бар екен, соны да берді. Полицияға арыз жаздым, бірақ нотариустың уақыты біткенше, арызыңыз тіркелмейді деді”, – дейді Айдана Махмұтова. 

Алайда Диана Тұраштың бұған дейін қайтарған дүниелері де заңсыз болып, Айдананы тағы да сан соқтырғаны анықталды. 

Бес баланың анасы Ұлдана Даңлыбаева да Қытайдан тауар тасимын деген Дианаға 9 миллион теңгеден астам ақша берген. Ол Дианамен атышулы Айс Мұратованың чатында танысқан. Айс Мұратовамен шу шыққан соң Диана тауарды Қытайдан өзім әкеліп беремін деп уәде берген.

“Өзім алып келемін, Қытайда таныстарым, келісім шартым бар. Тауарларды 1-2 айда кіргіземін” деді. Маған өзі хабарласты. Менімен келісімге отырмақ болып, 700 мың теңге ақша сұрады. Ондай ақша болмаған соң, келісімшартқа отырмай-ақ әкеліп бере салшы деп өтіндім. Осылай сеніп қалдым”, – дейді Ұлдана.

Ол Дианаға тауар үшін 7 миллион 800 мың теңге аударған, одан бөлек қарызға 1 миллион 700 мың теңге беріп, наурызда пайызбен қайтарып алмақ болған. Диана қарызын қайтара алмаған соң ол Ұлданаға инвестор болуға ұсыныс жасаған. 

“Менің үйіме келді, қызымның ерекше бала екенін көрді. Сонда “менің тур агенттігіме инвестор болсаңызшы, сізге көмектесейін, қызыңызды емдетіңіз” деп ұсыныс тастады.Осылай басымды дуалады, мен соған сендім. Ақшамды бердім, көктем айында емге бармақ болдым. Наурыздан бастап ақшамды сұрай бастадым. “Балам түсіп қалды, байым ұрып тастады, мамам ауруханада жатыр, қатерлі ісік бар екен” деген сылауларды айтты. Бірақ соңғысында өтірік айтып тұрғанын білдім. Байланысқа шығып жүрді, қазір мені бұғаттап тастапты. Үйіне де, кеңсесіне де  бардым. Болмаған соң 4 рет арыз жаздым. Қылмыс құрамы жоқ деп төртеуін де жауып тастады”, – дейді Ұлдана Даңлыбаева.

Диана мен Ерсұлтан Тұраштың мекен жайында өздері жоқ болып шықты. Пәтер өзгелерге жалға беріліп жатыр, иесі де мүлдем басқа адам. Тур агенттік ашылған кеңсені жалға беруші де қазір олардың хабарсыз кеткенін айтады. 

Ұлдана қылмыстың тергелуі үшін заңгер Нұрсұлтан Орынбековті жалдаған. Оған да қызметі үшін 250 мың теңге ақша берген. Ол Дианамен кездесіп, жәбірленушілерге қолхат алып берді. Қолхатта 25 мамырға дейін 1 миллион теңге, қыркүйек айына дейін 7 миллион 800 мың теңге қайтарамын деп жазылған. Алайда тек 100 мың теңге ғана қайтарған. Сөйтіп Нұрсұлтан Орынбековтің Дианамен келісіп, бартерге саяхатқа жолдама алғаны белгілі болды. Ұлдана сол кездесуден кейін заңгердің өзгеріп сала бергенін айтады.

“Жұмысы жүрмей жатыр екен, күте тұрайық, берем деп отыр, жұлып аласыңдар ма” деп Диананың сөзін сөйлеп кетті. Біз де күмәнмен қарап, Дианамен келісіп алды ма деп ойладық”, – дейді Ұлдана.

Сөйтіп Диана Нұрсұлтанды Дубайға апарды деген ақпаратты растаған куәгерлер де табылды. Алайда заңгердің өзі бұл ақапаратты жоққа шығарды.

“Мен бұл істі алған соң бір жарым айдан кейін Дубайға бардым. Бірақ бұл саяхатқа отбасымызбен, достарымызбен алдын ала дайындалған едік. Сөйтсем Диана Тұрашпен жұмыс істеген бір қызметкер мені көріпті. Бірақ ешқандай дәлелі, құжаты жоқ. Мен өзіме жала жабылса, сотқа арызданатынымды айттым. Бұл – қауесет. Айыптауға еш негіз жоқ, мен бұл ақпаратты жоққа шығарамын”, – дейді Нұрсұлтан Орынбаев. 

Алаяққа алданған жандардың құқығын ендігі студияға келген қос заңгер қорғайды.

Талқылау