Қазақстандықтар Жанәбіловтарға қанша ақша аударған: Прокурор сотта деректерді жариялады

Блогер Жанәбіловтердің “Zhana Business” ЖШС компаниясының шотына 2025 жылы 21 тамыздан бастап бүгінге дейін 247 653 229,5 теңге түскен. Мұны Астанада өтіп жатқан сот отырысында прокурор оқыды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, прокурорлар онлайн-курстар сатып, лицензиясыз автокөліктер мен басқа да бағалы сыйлықтар ойнатқан.
Прокурордың аға көмекшісі Олжас Хайруллаевтың айтуынша, Instagram желісінде жарияланған жарнамалық видеолар мен жазбалар оқырмандарға курсты сатып алған жағдайда автокөлік ұтып алу мүмкіндігі бар деген ой қалдырған.
“Жарнамалық материалдарда ұтыс ойынына қатысудың толық ережелері көрсетілмеген. Мұндай акцияларды реттейтін нормативтік құжаттарға сілтемелер болмаған”, – деді Хайруллаев.
Тергеу нұсқасына сәйкес, онлайн-курстарды сату азаматтарды сыйлық ұтысына тартудың құралы ретінде пайдаланылған. Ал ұйымдастырушыларда лотерея өткізуге қажетті лицензия болмаған.
“Нақты білім беру қызметінің орнына Жанәбілов пен Төлегенова курстарды формалды түрде сату арқылы азаматтарды автокөліктер мен басқа да бағалы сыйлықтардың ұтысына тартқан. Бұл ретте оларда тиісті лицензия немесе “Сәтті Жұлдыз” АҚ-пен келісімшарт болмаған.
Хайруллаевтың айтуынша, кейбір сыйлықтардың түсу ықтималдығы жасанды түрде өзгертілген.
“Мәселен, тергеу барысында номиналы 5 мың теңге болатын сыйлықтардың бірінің салмағы барлық сыйлықтардың жалпы салмағының 85,5 пайызы деңгейінде белгіленгені анықталған. Бұл оның басқа сыйлықтарға қарағанда жиі түсу ықтималдығын арттырған. Прокурордың сөзінше, жарнамалық материалдарда қымбат сыйлықтарды, соның ішінде автокөліктерді ұтып алу ықтималдығы жоғары деген әсер қалыптастырылған. Алайда акцияның нақты шарттары басқаша болған, ал автокөлік ұтып алу мүмкіндігі айтарлықтай төмен болған”, – деді айыптау тарапының өкілі.
Прокуратура өкілінің айтуынша, қатысушыларды тартудың негізгі құралы блогерлердің Instagram аккаунттары болған.
“Бұл аккаунттар қаржы тарту құралы ретінде пайдаланылған. Онда ұтыстар мен жеңімпаздарды көрсететін видеолар жарияланған. Оқырмандар оған қарап іс-шаралардың шынайы және заңды өтетініне сенген”, – деді прокурор.
Сарапшылар ұтыс ойындарында көрсетілген сыйлықтардың құнын да бағалаған. Атап айтқанда:
- 8 Hyundai Elantra автокөлігі – шамамен 68,1 млн теңге;
- 17 iPhone 16 смартфоны – шамамен 7 млн теңге.
Ал жарнамалық материалдарда көрсетілген:
- Lamborghini Urus – 237,3 млн теңге;
- Lexus LX 600 – 87,7 млн теңге деп бағаланған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Жанәбілов пен Төлегенова алдын ала сөз байласу арқылы әрекет етіп, лицензиясыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқан және аса ірі мөлшерде табыс тапқан.
Олардың әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы бойынша – аса ірі мөлшерде табыс табумен ұштасқан заңсыз кәсіпкерлік ретінде сараланған.
Айта кетейік, бұған дейін блогер Жанәбіловтер отбасы ұйымдастырған 10 көлік ұтысы дау туғызғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігі ұтыс заңдылығын тексеруге кірісіп, материалдар туризм министрлігінің "Ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитетіне" жолданды. Артынша, туризм және спорт министрлігі Instagram әлеуметтік желісіндегі "Zhanabylov_e" және "elt6i" аккаунттарында өткізілген бағалы сыйлықтарды ұтысқа салуға қатысты мәлімдеме жасаған еді.
Мақсатым — Олимпиада. Жаңа бапкерлік штаб 1,5 жылда нәтиже береді — Ғұсман Қырғызбаев