Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО өңірінде жаңа мектеп

Батыс Қазақстан облысында батыр Ахмедияр Құсайынов атындағы білім ордасының ғимараты ескіріп, "апатты" деп танылғалы біраз жыл өтті. Іргесі сөгілмеген, әлеуеті мен даму қарқыны жоғары Жұлдыз ауылына жаңа мектеп салу күн тәртібінен түскен емес. Осы мәселені ескерген облыс, аудан басшылары, мәслихат депутаттары "AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасына сай тиісті қаражат бөлгізіп, 2021 жылы 108 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылыс басталған болатын. Жұлдыздық ағайынның көптен күткен арманы орындалып, биылғы 2023 жылдың жаңа оқу жылы қарсаңында батыр атындағы мектеп жаңа ғимаратқа көшті.

23 тамыз күні ауыл үшін маңызы зор нысанның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов, мәслихат депутаттары қатысты. Облыс әкімі осы күнді көптен күткен ауыл тұрғындарын, мектеп ұжымын және оқушыларды құттықтады.

Айта кетуіміз керек, бастапқыда құрылыс жұмыстарын "АлауҚұрылыс" ЖШС бастап, аяқсыз қалдырған болатын. Басталған жұмыстарды құрылыс саласында тәжірибесі мол "Альтаир" ЖШС толығымен сапалы түрде аяқтап шықты. 

Айтулы күні ауыл тұрғындары да қуаныштарын жасырмады. 

Солардың бірі ауылдың сыйлы ақсақалы — Өтеп Төлеуов. 

“Өзім осы ауылдың тумасы болмасам да Жұлдызда 40 жылдан астам уақыт тұрамын. Еңбек өтілім де батыр атындағы мектеп қабырғасында өтті. Жаңа мектеп салу мәселесі көптен бері айтылып жүрді. Енді міне бүгін жаңа мектепке кіріп, қуанып жатырмыз. Осы мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысқан азаматтарға, құрылысшыларға алғысымыз шексіз! Мектеп құрылысы жақсы және сапалы жүргізілді деп нық сеніммен айта аламын”, – деп ризашылығын білдірді ақсақал. 

Айта кету керек, аталған мектептің құрылысы жоспарланған мерзімде аяқталмады. Облыс әкімі мектеп құрылысын жеке бақылауында ұстады. Басқа да құрылысы көптен аяқталмай тұрған білім нысандары өңір басшысының қатаң бақылауында.