Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-дағы құрғап қалған шипалы емдік көлге қайта су келді

Батыс Қазақстан облысында шипалы деп саналған Соркөл көліне қайта су келді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл бірегей емдік көл Орал-Көшім жүйесінің суымен толығатын көлдер жүйесінің бір бөлігі. 3 жылға созылған құрғақшылық пен су тапшылығының салдарынан 16 көлдің 14-і құрғап, мамандар су қоймасынан азықтандыру арқылы олардың тек екеуін құтқарып қалған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша соңғы бірнеше жыл бұрын мұнда адамдар емдік суына шомылып шипалы балшығына түскен, балық аулаушылар да келген екен. Енді арада бірнеше жылдан соң мұнда туристер қайта келіп жатыр екен.  

“Біз Қырықопа ауылынан отбасымызбен, бала-шағамызбен емдік суға түсуге арнайы келдік. Өткен жылдардағыдай емес, судың біршама келгені қатты қуантады”, “Бірінші рет келіп отырмыз, емдік балшық бар, суы әдемі, керемет”, “Тек киім ауыстыратын бөлмелер мен ойын-сауық түрлерін ұйымдастырса жақсы болар еді”, – деді келушілер.

Ешкім арнайы зертханалық зерттеулер жүргізбесе де, жергілікті тұрғындар бұл көлдегі судың шипалы екеніне сенімді. Бір кездері мұнда тұз өндірілген.

“Кезінде халық ең таза тұзды ешбір зиянды қоспасыз осы жерден өндірген. Ол ашық ауада табиғи жолмен кеуіп жататын табиғи өнім еді. Өте пайдалы болды. Қазіргі әр түрлі химиялық заттар қосылып шығарылатынтұздар сияқты емес”, – деді өлкетанушы Тыныштық Өтешқалиев.

Қазір инфрақұрылымның жоқтығынан су қоймасы әзірге туристер үшін аса тартымды емес. Жергілікті билік бұл қызметті дамытуды көздеп отыр. Олар Соркөл жағалауын көркейтуге ниеттілерді іздейді.

“Кәсіпкерлерді қолдауға дайынбыз. Жалға беру және басқа да мәселелерге көмектесеміз. Біз олардың бұл салада бизнесті дамытудан сақтанып отырғанын түсінеміз. Өйткені олар кенеттен көл қайтадан таяз болып, тұтынушыларын жоғалтып алады деп қорқады. Дегенмен менің ойымша, егер су деңгейі бірнеше жыл бойы сақталса, онда бұл көлде бизнес жақсы дамиды. Қазір мамандар көлді сақтап қалу үшін барлығын жасап жатыр. Бұл ауылдың дамуы үшін қажет”, – деді Жаңақала ауылдық округінің әкімі Ахан Қапанов.

Талқылау