БҚО-да жасөспірім қызды зорлау: Шенеуніктің ісі жабылып, кейін қайта ашылды

Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмаған қызды зорлау ісіне қатысты Ішкі істер министрлігі пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілісте өткен брифингте журналистер Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовке Батыс Қазақстан облысындағы резонансты іс туралы сұрақ қойды. Онда аудан әкімдігіне қарасты шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деген күдікке ілінген. Жәбірленушінің туыстары полиция қылмыстық іс қозғаудан бас тартты деп мәлімдеген. Олардың айтуынша, құқық қорғау органдары бұл жағдайды “екі жақтың келісімімен болған” деп бағалаған.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл ақпаратты жоққа шығарып, тергеу барысына қатысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, ата-аналардың арызы бойынша қылмыстық іс бұған дейін қозғалған. Тергеуді Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті жүргізген. Кейін іс тоқтатылған. Алайда қазір прокуратурамен бірлесіп, істі тоқтату туралы қаулының күші жойылған.
“Ата-аналардың қосымша уәждерін ескеріп, істі қайта тергеу туралы шешім қабылдадық. Барлық дерек тергеу әрекеттері аясында қайта тексеріледі. Бұған дейін іс қозғалып, мән-жайлар зерттелген, кейін іс тоқтатылған. Жаңа өтініштерден кейін істі қайта жаңғырттық, тергеу жалғасып жатыр”, – деді Санжар Әділов.
Істің мән-жайы
Айта кетейік, бұған дейін Батыс Қазақстан облысында жоғары лауазымды шенеунік кәмелетке толмаған қызды зорлады деп айыпталғаны хабарланған еді.
Кәмелетке толмаған қызға қатысты зорлық оқиғасы 3 қаңтарда болған. Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, сол күні 57 жастағы ер адам оның қызын алдап үйіне кіргізіп, зорлық жасаған. Оқиғадан кейін полицияға арыз түсіп, күдікті ұсталған.
Әкенің сөзінше, ер адам кінәсін мойындап, қыз да оны таныған. Алайда біраз уақыттан соң күдікті босатылып, үйіне жіберілген. Кейін ол жәбірленуші тарапқа хабарласып, қоқан-лоқы көрсеткенін айтқан.
Әкесі тергеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына алаңдаулы. Оның пікірінше, іс Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінде жеткілікті деңгейде қаралмай отыр. Қарапайым отбасы болғандықтан, адвокат жалдауға да әрең қаражат жинағанын айтып, істің жабылып қалуынан қауіптенетінін жеткізген еді.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты