БҚО-да су тасқынынан зардап шеккендердің соңғы легіне жаңа үй берілді
Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындардың соңғы легі қоныстойын тойлады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Көктемгі тасқын судың кесірінен баспанасыз қалған тоғыз отбасыға жаңа үйдің кілті табысталды.
Пугачев ауылында басталған қоныстойға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, аудан басшысы Еркебұлан Ихсанов, ауыл ардагерлері мен тұрғындар қатысты.
“Биыл ауа райының күрт өзгеруі облысымыздың біраз елді мекенін әбігерге салды. Сондай ауылдардың бірі Берлі ауданындағы Пугачев, Аралтал, Қызылтал, Ақбұлақ пен Кентүбек. Сол уақытта халқымыздың, ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі арқасында, қиындыққа мойымауының нәтижесінде бүгін жаңа үйлердің салынып біткенін көріп тұрмыз. Мемлекет басшысының қолдауымен арнайы қаржы бөліп, тез арада осы үйлерді пайдалануға беруді басты мақсат еттік. Осы тұста қысқа мерзімде сапалы баспана салып берген "Наз Тур" серіктестігінің басшысына ерекше алғысымды білдіремін. Ал бүгінгі баспаналы болғалы тұрған әр отбасы мүшесінің қуанышына ортақтасып, әр шаңыраққа қуаныш, амандық тілеймін. Ауылдарымыз қашанда дами берсін, табиғат тосынынан аман болайық”, – деп құттықтаған аймақ басшысы Нариман Төреалиұлы жаңадан қоныстанушы отбасыларға кілттерін табыстады.
Сондай-ақ әкімдік тарапынан қоныстой иелеріне арнайы сыйлық та берілді.
Айта кету керек, көктемгі су тасқынынан пугачевтік төрт отбасы баспанасыз қалған еді. Міне, сол отбасыларға мемлекет тарапынан баспана беру мақсатында құрылыс 10 мамырда басталған.
Қоныстой иелері де қуанышын жасырмай, алғысын жеткізді.
Бөрлі ауданындағы қоныстой мерекесі Кентүбек ауылдық округінде жалғасты. Мұндағы көктемгі төтенше жағдай кезінде зардап шеккен бес отбасыға үйдің кілтін табыстау рәсіміне аймақ басшысы арнайы келіп қатысты.
Еске сала кетсек, тасқын судан зардап шеккен біраз отбасының мүлкін қайта жабдықтау мақсатында да арнайы көмек көрсетілді. Соның ішінде 175 өтініш бойынша мүлікке бағалау жүргізіліп, жергілікті бюджеттен 65 тұрғынға 35 миллион теңге көлемінде қаражат аударылған.