Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да тұңғыш рет ұйымдастырылған байқау өз мәресіне жетті

Кітап — адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын ғасырдан ғасырға,  ұрпақтан ұрпаққа  жеткізіп беретін рухани байлық. Жас ұрпаққа кітаптың қадірі мен қасиетін,  оның мол қазынасын ұғындыру,  балалардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру ұлт келешегінің жарқын болуы үшін жасалатын игі қадам. Осындай игі мақсатты көздеген "Мен оқыған 30 кітап" жобасы Казталов ауданында биылғы жылы 5-11 сынып оқитын кітапсүйер оқырмандары арасында алғаш рет ұйымдастырылды.

Аталған жоба аудан әкімдігінің және аудандық мәслихат депутаттарының қолдауымен аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйытқы болуымен жүзеге асты.

"Артық білім кітапта" деген ұлы ақын сөзін бетке ұстаған балалар жазды құр өткізбеді. 21 тамыз күні жаз бойы оқыған кітаптарының мазмұны бойынша тест тапсырып, жоба нәтижесі қортындыланды. 

Байқауға ақын,  ұстаз  Дариға Ғазизқызы Мұштанова,  ақын, ҚР Журналисттер Одағының мүшесі Қыдырғали Харесұлы Абдрахманов, Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының әдіскері Құралай Темірболатқызы Арыстанова,  ҚР Жазушылар одағының мүшесі,  ақын,  журналист Асантемір Қаршығаұлы төрелік етіп,  оқырман оқушылар арасынан жүзден жүйрік,  мыңнан тұлпарды анықтады.

 

Жобаның қортынды кеші аудандық мәдениет үйінде өтті.

Көрермендер назарына кітаптың мол пайдасы жайындағы бейнеролик ұсынылып,  "Кітап — сарқылмас рухани әлем" атты қойылым сахналанды. Бір топ биші қыздар "Кітаптар биін" билеп шара шымылдығын ашып берді.

Алдымен жобада бақ сынаған балалар сахна төріне шақырылып,  қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары мен арнайт грамоталармен марапатталды.

Кітап оқуда оқ бойы оза шауып,  жүлдегер сапына ілінген жеңімпаз оқырмандардың сертификаттарын салтанатты шара қонақтары табыс етті.

Жүлделі ІІІ орынға  Толғанай Қыдырғалиева,  Айым Толятти ие болса,  сайыстың ІІ орын жүлдегері Ілияс Қайсағали атанды. Бас жүлдені Жансая Бекет қанжығасына байлады.

Шарада жерлес ақын Дариға Мұштанова "Жүздері бақытқа толы балалар байқауына куә болып тұрмын. Демеуші болған депутат ағаларының жүздерінен нұр төгіліп, оқушылар да ерекше қуанышқа бөленіп отыр. Мен сіздердің әрқайсысыңыздан жарқылдаған жанарларыңызға қарап болашақ зиялы қауымды көріп тұрмын" деп тебірене сөз сөйледі.  Шара барысында ақын,  журналист Асантемір Қаршығаұлы балаларға ізгі тілегін жолдаса,  жерлес ақынымыз Қыдырғали Харесұлы "Кітап пен кітапхана" атты өлеңін оқып,  балаларды кітап даналығымен сусындауға шақырды. 

Қорытынды сөз кезегін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов алып, ауданымызда ұрпақты кітап оқуға баулитын жобаның сәтті жүзеге асқанын және алдағы уақытта бұдан да кең көлемде өткізілетінін атап өтті.  Жобаның нақты демеушілері аудандық мәслихат депутаттарына ерекше ризашылығын білдіріп,  алғыс айтты. Салтанатты шара соңы "Құпия кітап" атты әнмен аяқталды.