БҚО-да Мемлекеттік рәміздер күні ауқымды тойланды
Батыс Қазақстан облысында биыл Мемлекеттік рәміздер күнін тойлау ауқымды әрі ерекше түрде өтті. Мерекелік шара алдын ала басталып барлық тұрғындарды қамтыды. Атап айтқанда шараға бір апта қалғанда облыстың барлық ауылдары мен аудандарында мемлекеттік рәміздер шеруі өтті.
Астықты өңір Бәйтеректе рәміздер шеруі ауылшаруашылық техникаларымен егіс алқаптарында өткізілсе, Бөкей орда тұрғындары батырларының тарихи киімдерін киіп ту ұстап шықты. Мұнайлы Бөрлі өңіріндегі Қарашығанақ кен орнының жұмысшылары арнайы жұмыс киімдеріне еліміздің рәміздер белгісінде логотиптер салып, ерекше атап өтті. Ал шалғайдағы Жәнібекте жүрік аттармен мемлекеттік туды далада желбіретті. Эстафетаны казталовкалық еңбекшілер қабылдап, мемлекеттік тулар тігілген автошеруді ұйымдастырды.
Әрбір ауыл тұрғыны ел рәмізін қолдан-қолға тиянақты өткізіп, жеріміздің, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолындағы ортақ мақсат, ортақ міндеттер мен ұстанымдарды дәріптеді. Акция барысында батысқазақстандықтар отанға деген махаббат пен түрлі сезімдерге бөленді. Өйткені рәміздерімізбен ортақ тарихымыз қалыптасып, бүгінде Қазақстан халқын жаңа белестерге жетелеп, таңдаған жолымызды жалғастыруға, барлық сынақтар мен кедергілерді еңсеруге көмектесуде. Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай көгілдір ту, әнұран, елтаңба және көк түсті төлқұжат – еліміздің бұлтсыз бейбіт аспанымен астасып жатқан мемлекеттің ажырамас атрибуты. Облыс тұрғындары әр шаңыраққа татулық пен жақсылық, республика рәміздеріне құрметпен қарауға тәрбиелеуге ұмтылады.
Батыс Қазақстан облысы үшін бұл, әсіресе, абыройлы іс. Себебі облыс Ресей Федерациясының бес облысымен шектеседі. Міне, 4 маусым күні бабалар қастерлеген мызғымастық символы – облыс орталығына да жетті. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті алаңында өтті. Әнұран әуенімен жүздеген азаматтардың алдында мемлекеттік ту тұғырдың ең биігіне көтерілді. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Қазақстанның мәңгілік құндылықтары оның рәміздері болғанын және болып қала беретінін атап өтті.
"Құрметті жерлестер, Сіздерді Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын. Бұл күн ұлттық рухты нығайта түседі. Рәміздеріміз біз үшін мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, қуаттылығының белгісі. Ортақ мәдениет пен адамгершілік даму деңгейін көрсете отырып, қасиетті рәміздерімізді сақтауға, құрметтеуге және қорғауға міндеттіміз. Еліміз нығая берсін", - деді Нариман Төреғалиев.
Мұндай мерекеде ел тұрғындары үшін маңызды шаралардың өткізілуі орынды. Мәселен, алаңдағы салтанатты облыс әкімі Нариман Төреғалиев 16 жасқа толған жас қазақстандықтарға жеке куәліктерін табыс етті. Көптеген адамдар үшін бұл оқиға ересек өмірге алғашқы маңызды қадам. Себебі бұл жай құжат емес, елімізге, оның болашағына тигізетін осы 16 жастағы қыздар мен ұлдардың үлесінің бастауы.
"Бүгін әнұран әуенімен желбіреген жалауымыздың астында үлкен өмірге қадам басқанымды растайтын – жеке куәлігімді алдым. Бұл сәт мен үшін қызықты және маңызды болды. Енді мен Қазақстанның толыққанды азаматы ретінде әр басқан қадамыма жауапкершілікті сезінемін. Барша жерлестерді Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын. Енді абыройымды жоғалтпай, әділдікпен өмір сүруге, оқуға, адал еңбек етуге тырысамын", – деді колледж студенті Әділ Оңғар.
Шарада сонымен қатар адал еңбегі, спорттық жетістіктері мен өңірдің дамуына қосқан ортақ үлесі үшін облыс әкімінің атынан бірқатар сала мамандары мен спортшыларға алғыс хаттар табыс етілді. Еліміздің мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсету үшін алаңға жиналғандар саны да көп болды. Жерлестеріміз Елтаңба, Ту, Әнұраннан бөлек, халқымыздың ұлттық нақыштағы символдарын да насихаттап, отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмді білдірді. Солардың бірі мерекеге арналған арнайы киім үлгісін таңдаған Оспановтар отбасы болды.
"Туымыз әлемде мақтанышпен желбіреп, еліміз өзінің артықшылығы мен қуатын күннен күнге дәлелдей берсін. Отанмен бірлігімізді таныту үшін мемлекеттік рәміздерге сай киім киіп келдік", - деді қаладағы үлгілі отбасылардың бірі.
Мереке таңнан кешке дейін жалғасты. Кешке Тұңғыш Президент алаңында қазақстандық және жергілікті жұлдыздардың қатысуымен ауқымды мерекелік концерт өтті. Ұйымдастырушылар бағдарламаның әр кезеңін есте қаларлықтай етіп өткізуге тырысты. Әсіресе, алаңның ортасындағы облыстар бойынша эстафеталық жарыстың басты символы болған баннерді тұлпарларға мінген шабандоздардың зор құрметпен ортаға алып шыққан сәтті жүұртшылықты тәнті етті. Кейін дәстүрлі маршпен алаң бойымен жүріп, сахна басында тұрған әскери қызметшілерге ту тапсырылды. Мерекелік кеш еліміздің әнұранын орындаумен басталды. Еліміздің әнұраны орындалғанда жиналған алаң түгелдей қолдарын кеуделеріне қойып, бала кезден таныс, жүрекке жақын сөздерді қосыла шырқады.
"Әнұран шырқалғанда біз бірліктің керемет күшін сезінеміз. Осынау көп адамдардың арасында тұрсақ та, біз бір екенімізді түсінеміз. Қазақстандық болғанымызды мақтан тұтамыз. Мұндай мерекелерден қалмаймыз. Себебі бұл шаралар бізге күш беріп, біріктіреді", – деді Орал қаласының тұрғыны Ұлболсын Ғабдушева.
Барша жұрттың сүйіп тыңдайтын патриоттық әндерінен тұратын репертуарды облысқа танымал өнерпаздар Жаскелең Ғайсағалиев, Хамит Шанғалиев, Әлима Дүйсмағамбетова, Мирбек Атабеков, Аралас Халла, Ғани Айжанов және тағы басқала өнерпаздар орындады. Қазақ эстрадасының жұлдыздары Дастан Оразбеков, Луина және Әлішер Кәрімов оралдықтар мен қала қонақтары үшін тосын сый болды. Олар сахнадан өз жанкүйерлеріне ең танымал әндерін шырқады. Алаңдағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Ал дәстүр бойынша концерттік бағдарлама барша қазақстандықтар білетін Ескендір Хасанғалиевтің "Атамекен" әнін орындаумен аяқталды. Қала тұрғындары мен қонақтары алаңдағы салтанатты мерекенің жоғары деңгейде өткенін алға тартты. Тағы да барлығы ұмытылмас әсерден ләззат алды.
Ал облыс аудандарында ұйымдастырылған мерекелер ауқымды оқиғаларға толы болды. Әр ауыл мен аудан орталығында салтанатты шерумен мемлекеттік рәміздерге тағзым ету шаралары өтті. Мұндай кездесулер балалардың жастайынан мемлекеттік атрибуттарға деген құрмет пен туған жерге деген жауапкершілік сезімін сезінуіне тәрбиелейді.
Осылайша, өткен демалыс күні батысқазақстандықтар үшін керемет оқиғаларға толы болды. Олар өнерден толық ләззат алып, осындай тарихи сәттердің куәсі болды. Еліміздің әлемдік деңгейде мәртебесін одан әрі көтеруге ұмтылуға шабыт алды.
Әр азамат бабаларымыз секілді бейбітшілік пен жасампаздыққа ұмтылып, рәміздерімізді, тарихымызды мақтан тұтып, болашаққа сеніммен қарайды.