Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тек өзге аймақтардан емес, өзге ұлттардан да дос таптық": БҚО-да "Көршілер" халықаралық білім беру лагері ұйымдастырылды

Орал қаласында 10-12 тамыз аралығында "Көршілер" халықаралық білім беру лагері өтті. Іс-шараның мақсаты – халықаралық өңіраралық жастар ынтымақтастығын кеңейту, тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтып, үздік әдістемелер мен жобалар алмасу. Шараға Қазақстан, Ресей мен Өзбекстан елінің білікті де белсенді жастары қатысты. 

Лагерьді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Батыс Қазақстан облысы бойынша "Болашақ" корпоративтік қоры ұйымдастырды. Қор мәліметінше, Қазақстаннан бөлек Ресей өңірлерінің медиа, мәдениет, кәсіпкерлік және бизнес салаларында жұмыс істейтін белсенді жастары, жастар саясаты саласындағы сарапшылар, блогерлер, жастар ұйымдарының көшбасшылары мен белсенділері, жоғары оқу орындарының студенттік өзін-өзі басқару құрылымдарының өкілдері мен басшылары және қоғамдық ұйымдардың көшбасшылары қатысуқан. Сондай-ақ онлайн форматта Өзбекстан жастары да қосылыпты. 

“Лагерь аясында делегаттарға арналған "Шабыт" шығармашылық орталығының таныстырылымы, Орал қаласының көрікті жерлері бойынша тарихи квест өтті. Сонымен қатар, Орал қаласының әкімі Миржан Мұнайдарұлы алау жанында кездесу өткізілді. Кездесу барысында делегаттардан, атап айтқанда Саратов делегаттарынан облыс жастарымен тығыз жұмыс жасау, ортақ құндылықтарды нығайту мақсатында түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу туралы ұсыныстар айтылды”,- деді БҚО бойынша “Болашақ” КҚ менеджері Гүлзия Ахметова.

Сонымен қатар маманның айтуынша, бұл лагерде жастар тәжірибелерімен бөлісіп, түрлі ойындар мен сайыстар да өткізілген.

“Қатысушылар арасында үздік команданы анықтау мақсатында зияткерлік ойын ұйымдастырылды. "Sustainable life: жастарды экологиялық тәрбиелеу", "Коммуникациялар және медиа: жас журналистер мектебі", "Бизнес идеялар" бағыттары бойынша білім беру тренингтері болды. Тренерлердің қатарында PR-мамандар, PR-агенттігінің басшысы, медиа-менеджер Наина Эргешова, кәсіпкер, "Болашақ" халықаралық бағдарламасының түлегі Ұлан Балдахов, "Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы" АҚ БҚОФ сектор меңгерушісі, сертификатталған жаттықтырушылар бар. Сонымен қатар, "Шекарасыз волонтерлік" бағыты бойынша Asar-ume қайырымдылық қорының негізін қалаушысы Асхат Нұрмашевпен кездесу өтті”- деп қосты Гүлзия Ахметова.

Лагерге “Орал жастары” волонтерлік ұйымының атынан қатысқан Жұмабай Айжан тәжірибеден бөлек, керемет әсерлерді де алып жатқанын жеткізді.

“Барлығы көңілімізден шығып жатыр. Бірінші күні біз Оралдың тарихи жерлерімен таныстық. Маған әсіресе мұражайдағы Мәншүк Мәметова залында көрсетілген оның соңғы шайқасы керемет әсер берді. Біз кейін қаланы айналмалы дөңгелектен тамашаладық, Жайық өзеніне қайықпен жүздік. Тіпті қала әкімімен алау айналасында жиналып, түрлі ой-пікірлермен бөліскеніміздің өзі жақсы естелік болмақ. Біз мұнда тек өзге аймақтардан емес, өзге ұлттардан да дос таптық”,- деді Айжан.

Талқылау