Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы қыздар мен әйелдерге арналған шара өтті

Әлемде әр үшінші әйел зорлық-зомбылық көреді. 25-қараша әлемде әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн кампаниясы басталды. Кампания 10 желтоқсан, яғни Халықаралық адам құқықтары күніне дейін жалғасады. "БҰҰ-Әйелдер" құрылымы әлемнің барлық еліндегі үкіметтерді "Бірге": "Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға инвестиция салыңыз" деп үндейді.   

Батыс Қазақстан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бағытында кең көлемде "Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!" шарасы өткізілді.

БҚО Полиция департаментінен мәлім еткеніндей, шараға түрлі ұйымдардың 441 өкілі жұмылдырылды. Тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында полиция қызметкерлері әртүрлі ұйым өкілдерімен бірлесе отырып, кітапшалар таратты, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің іс-қимыл алгоритмін түсіндірді. Барлығы 1897 материал таратылып, үйлердің кіреберісіне сенім телефондарының номері мен сайт мекенжайлары жазылған ақпараттар ілінді. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары жатақханаларда тұрып жатқан әйелдерге барып, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. БҚО полиция департаменті ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция капитаны Диляра Сатарова Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің 1-курс студенттері ата-аналарымен онлайн кездесу өткізді.      

Шара өткен үш күн ішінде отбасындағы зорлық-зомбылыққа байланысты 29 әйел сенім телефонына қоңырау шалған. 25 әйелге құқықтық, 15-іне психологиялық көмек көрсетілді. Осы кезеңде 15 арыз-шағым тіркеліп, отбасының шырқын бұзған 5 адамға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 73-бабына сәйкес хаттама толтырылды. Сондай-ақ үш құқық бұзушыға қатысты учаскелік полиция инспекторлары қорғау ұйғарымдарын енгізді.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 277 учаскелік полиция инспекторы, олардың 61 көмекшісі қызмет етеді. Жыл басынан бері учаскелік инспекторлар 2 мыңнан астам қылмысты ашты. 22 мыңнан астам құқықбұзушылықтың жолы кесіліп, азаматтардың 30 мыңнан астам өтініші қаралды. БҚО дағдарыс орталығында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерге құқықтық кеңес беру жалғасады.

Осындай жиындар колледждерде де өтті. Айталық, Орал қаласы полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Мәдина Құспанова А.Иманова атындағы автожол колледжі 1-2 курс студенттерінің ата-аналарымен отбасында дәстүрлі құндылықтарды орнықтыру, құқықтық тәрбие беру бағытында әңгімелесті.

"Менің осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 16 жылға жуықтады. Жасөспірімдер арасында қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу, отбасында зорлық-зомбылық деректерін болдырмау жолында бұдан былай да еңбектене береміз", – дейді М.Құспанова.

Әлемдегі ең көп тараған адам құқығын бұзудың түрі - әйелдер мен қыздарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық. Құқық бұзушылықтың дәл осы түрінің жылдан жылға саны артып, ұлғаюына, жағдайдың ушығуына әлемде болып жатқан оқиғалар мен өзгерістер де үлесін қосып отыр.       Биыл жарияланған есеп мәліметтеріне сәйкес әр сағат сайын бестен астам әйел немесе қыз өз отбасы мүшелерінің бірінің қолынан жасалған зорлық-зомбылықтың нәтижесінде қайтыс болады.

2022 жылы әлем бойынша 89 000 әйел мен қыз қасақана өлтірілген, олардың ішінде 48 000-ға жуығы жыныстық серіктесінің не өз отбасы мүшелерінің бірінің қолынан өлген. Бұл 2022 жылы тіркелген ең жоғарғы және әйелді өлтіру оқиғасының азаймай тұрғанын көрсететін соңғы екі онжылдықтағы рекордтық көрсеткіш. Әр үшінші әйел өмірінде бір рет болса да физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көреді.

Әйелдер мен қыздардың 86% гендерлік зорлық-зомбылықтан құқықтық қорғау жоқ өмір сүреді. Қазақстандағы жағдайға келетін болсақ, ҚР ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша 2022 жылы елдегі әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстағы зорлық- зомбылық оқиғаларының саны 61 277 жеткен. Ал биыл барлығы 60 741 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Қазақстандағы 18-49 (18-75) жастағы әйелдердің 16,0% өмір бойы, 5,3% соңғы 12 ай ішінде жыныстық серіктесі тарапынан күш көрсету зорлық-зомбылығын көріп келген.  Ал осы әйелдердің 3,9% өмір бойы, 1,2% соңғы 12 ай ішінде жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылықты көріп, өмір сүріп жүр. Еліміздегі әйелдер мен қыздардың 16,4% өмір бойына, 5,6% соңғы 12 ай бойы өзінің күйеуі немесе жыныстық серіктесі тарапынан күш көрсету және сексуалдық зорлық-зомбылықты көріп отыр. Осы сандар мен пайыздық көрсеткіштердің өзі еліміздегі әйелдер мен қыздардың ең қауіпсіз орын болуы қажет өз отбасында қаншалықты қорғансыз екеніне дәлел бола алады. Егер әйел, қыз бала отбасында, ең жақын деген күйеуі, серіктесінің қасында өзін қауіпсіз сезіне алмаса, күйеуі оның қауіпсіздігіне кепілдік болмаса, ол қорғау мен қамқорлықты қайдан алады, қайдан іздейді? Әйелдер отбасында ғана зорлық көреді деп ойласаңыз, қателесесіз. Ол өмір сүретін қоғамда да, ортада да әйелдер үшін қауіпсіз орын аз шығар. Өйткені, Ұлттық статистика бюросының мәлімдеуінше, елімізде жыныстық серіктесі емес, мүлдем бөгде адамның тарапынан күш көрсету немесе сексуалдық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің саны да жетерлік. Яғни, осыдан әйелге қатысты қылмыс жасалуы үшін әйел болғаныңның өзі жетерлік, басқа ештеңенің қажеті жоқ ау деген ойға қаласың. Бюроның мәліметтеріне сәйкес Қазақстан бойынша 18-49 (18-75) жас арасындағы әйелдердің 2,9% соңғы 12 ай ішінде жыныстық серіктесі емес адамның тарапынан күш көрсету зорлық зомбылығына ұшыраса, 1.5% кандай болса да сексуалды зорлық-зомбылық көрген, 0,7% зорланған және 1,2% пайызы зорлау әрекетінің не сексуалды зорлық-зомбылықтың құрбаны болған.

Тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты шығарылған қорғау ұйғарымдарының саны 2021 жылы 81 648-ге жетсе, 2022 жылы 83 998 болған, биылғы көрсеткіш 75 000 жеткен. Тұрмыстағы зомбылық фактілеріне қатысты белгіленген ерекше талаптардың саны 2021 жылы 11 202, 2022 жылы 12 357, ал биыл жылдың аяғына жетпей-ақ сот құқық бұзушылардың мінез-құлқына 12 000 ерекше талап қойған.

Еске сала кетсек, биыл ҚР ішкі істер министрлігі 1 шілдеден бастап тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілік күшейтілгені туралы хабарлаған еді. Яғни, 1 шілдеден бастап полиция жаңа түзетулерге сәйкес, жәбірленушілер өтініш бермесе де әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауы мүмкін.

Қазір тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактісіне қатысты хаттама жазу үшін куәгерлердің, көршілердің айғақтары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркегіштің жазбалары да жетеді. Ал соңғы шешімді сот қабылдайды. Тіпті тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі жоқ. Бұған дейін тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы материалдардың жартысы татуласу үшін сотта тоқтатылатын. Татуласу да агрессордың немесе туыстарының сендіруі не болмаса қысым жасауы нәтижесінде болады екен. Енді 1 шілдеден бастап сотта тек бір рет татуласу ғана мүмкіндігі бар. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, әкімшілік қамауға алудың нақты мерзімдері анықталған.

19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекстің денсаулыққа ауыр және ауырлығы орташа зиян келтіруге байланысты жекелеген баптарына "кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділікте болған адамға қатысты іс-әрекет жасау" біліктілік белгісі енгізілген. Бұл қылмыстық кодекстің 106, 107-бабы.

Тұрмыстағы құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілуі нәтижесін беруде деп есептейді ҚР ішкі істер министрлігі. Биылғы жылдың екінші тоқсанында 7 мың адам жауапкершілікке тартылса, соңғы 4 ай, шілде-қазан айларының ішінде жауапқа тартылғандардың саны күрт өскен. Егер үшінші тоқсанда жауапқа тартылғандардың саны 27 мың адам болса, тек қазан айының өзінде олар 9,5 мыңға жеткен. Сәйкесінше қамауға алынған агрессорлардың саны да екі есеге өскен. Біз сіздерге тұрмыстағы зорлық-зомбылық жағдайына тап болған кезде қалай әрекет ету қажеттілігі жөніндегі нұсқаулықты ұсынамыз:

102 телефоны арқылы хабарласыңыз! Полицияға Онлайн Qamqor порталы арқылы өтінішіңіз тіркелетін жерге өтініш беруге болады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық жасаған адамға шара қолдану үшін полиция қызметкерлерін оқиға орнына шақыруға және полиция қызметкерінен сізді сот-медициналық сараптамаға жіберуді сұрауға құқығыңыз бар.

Полиция қызметкерінің өтінішті қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ. 103 телефоны арқылы жедел жәрдем шақырыңыз!

Ұрған жағдайда медициналық көмекке жүгінген кезде жедел жәрдем бригадасы да полиция шақырады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны агрессорға қарсы арыз жазады. Содан кейін процедура жоғарыда сипатталғандай өтеді. Дағдарыс орталығына немесе баспаналарға барыңыз! Қазақстанда тәулік бойы 150 ұлттық сенім телефоны жұмыс істейді. Ол балаларға, жастарға және зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға қызмет көрсетеді. 150 - бұл есте сақтауға оңай үш таңбалы нөмірге еліміздің кез келген түкпірінен, балаға ыңғайлы уақытта тәулік бойы, қазақ және орыс тілдерінде тегін қоңырау шалуға болады.

Талқылау