БҚО-да қайырымдылық қордың басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған ақшаға автокөлік сатып алған
Фото: uralskweek.kz, auto.ru
"Ақжайық" қорының директоры су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған ақшаға автокөлік сатып алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Орал апталығы” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
“Ақжайық” қорының директоры Тілекқабыл Имашев 2024 жылы Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған қайырымдылық қаражаттарын депозитке салып, пайыздан түскен сыйақымен Hyundai Tucson маркалы автокөлік сатып алған.
Басылым 2025 жылы төленген 29 209 теңге көлік салығына қарап, жаңа көліктің кем дегенде 21 миллион теңгеге сатып алынғанын атап өтті.
2024 жылғы су тасқыны кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімдігі “Ақжайық” қорының шот нөмірін жариялап, су тасқынынан мүлкі зақымданған адамдарға қайырымдылық қаражатын қабылдаған.
Қорға қаражат ірі кен өндіруші Қарашығанақ мұнай-газ кен орнын игерушіден, сондай-ақ екінші деңгейлі бірнеше банктен, қайырымдылық қорларынан және ірі компаниялардан түскен. Демеушілер есебінен “Ақжайық” қорына жалпы 73,5 млрд теңге аударылған.
Қаражат қордың есепшотында жинақталып, облыс әкімдігі ұсынған құжаттарға сәйкес, жалғыз баспанасын жоғалтқан адамдарға пәтерлер мен үйлер сатып алуға, жолдарды жөндеуге және өңірдегі бөгеттерді қалпына келтіруге бөлінген. Осы қаражатқа 2011 пәтер мен 777 үй сатып алынып, 19 бөгет қалпына келтіріліпті.
Заңды тұлғалар базасының деректеріне сүйенсек, 2024 жылға дейін қор ешқандай қызмет жүргізбеген және қызметкерлері болмаған. Тек 2024 жылы, су тасқынан зардап шеккендерге қайырымдылық қаражатын қабылдау кезінде есепшоттағы қаржылық операцияларды жүргізу үшін алты есепші жұмысқа қабылданған.
Басылым Тілекқабыл Имашевтен қайырымдылық қоры үшін көлік сатып алуға қандай қажеттілік болғанын сұрап көрген.
“Tucson сатып алдым, не болды? Бізге қозғалыс құралы қажет еді. Бұл сіздерге қандай қатысы бар? Неге сұрап отырсыздар? Бұл менің жеке қорым. Бұл депозиттен алынған өз қаражатым, мен оны өзім таптым", – дейді "Ақжайық" қорының директоры.
Ол қайырымдылыққа арналған қаражаттың депозитте тұрғанын және қор осылайша пайыздан пайда тапқанын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін қайырымдылыққа жиналған ақшаны жымқырды деп айыпталған “Біз біргеміз” қорының басшысы Перизат Қайрат 10 жылға, анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталған еді.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
