БҚО-да иттер бес жасар қызды талап тастады
Батыс Қазақстан облысының солтүстік-шығыс бөлігіндегі Алексеева көшесіндегі ойын алаңына иттер шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: БҚО Ақсай қаласы әкімінің аппараты
Батыс Қазақстан облысы денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 11 қазан күні бірнеше жерінен тістелген жарақатымен бес жасар қыз ауруханаға жеткізілді.
“Түскен кездегі травматикалық шок белгілерін ескере отырып, бала жансақтау бөліміне жатқызылды. Анальгетикалық терапия, жараларды алғашқы хирургиялық өңдеу, сіреспеге қарсы сарысумен шұғыл вакцинация жүргізілді. Жансақтау бөлімінде жатқан кезде баланың жағдайы тұрақталды. Ол хирургия бөліміне ауыстырылды", – делінген хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, қазір қыздың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ол белсенді, өзі тамақ іше алады және қозғалады.
Айта кетейік, бұған дейін Қарағандыда ит 5 жасар қызды талаған. 5 жасар Евгения көршінің ашық тұрған ауласында ойнап жүрген. Бүлдіршін аулада байлаулы тұрған иттің жанына барып, оны ұстамақ болған. Сол сәтте ит қызға тап беріп, бетін талап тастаған.