Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да атыс болып, бір жасар қыз жараланды

БҚО-ның Аралтөбе ауылында атыс болып, үш адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Алматы телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

БҚО полиция департаментінің мәліметінше, кеше шаруа қожалық иесі мен ауыл тұрғыны арасында туған кикілжің дауға ұласып, арты атыспен біткен. 48 жастағы азамат көлігінен аңшы мылтығын алып маңайдағыларға оқ жаудырған. Салдарынан 34 жастағы ер адам мен 59 жастағы әйел және бір жастағы қызға бытыра ұшқыны тиген. Облыстық балалар ауруханасына түнде жеткізілген кішкентай қызға ота жасалған.

“Сәби көп қан жоғалтпаған. Хирургиялық жолмен бытыра ұшқыны алынды. Әзірге дәрігер бақылауында болады”, – деді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Жайдар Сапарғали

Жараланған екі адам аудандық ауруханаға жатқызылған. Ал оқ жаудырғаннан кейін қашып кеткен азаматты полицейлер 8 сағаттың ішінде қолға түсірген.

“Полиция департаменті мен жедел іздестіру іс-шаралары қолға алынды. "Тосқауыл" жедел жоспары енгізілді. Өңірдің барлық жеке құрамына бағдар берілді. Нәтижесінде полиция қызметкерлерімен күдікті ұсталып, ол Сырым аудандық АПБ уақытша изоляторнына қамуға алынды. Қылмыс құралы тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді”, –  деді облыстық ПД бастығы Арман Оразалиев.

Қазір болған жағдайға қатысты егжей-тегжей тергеу басталған. Күдіктіге адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Талқылау