Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да 600 орындық жаңа мектеп ғимараты ашылды

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Қазталов ауылында А.Оразбаева атындағы жалпы білім беретін мектептің жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Ауыл тұрғындары Stan.kz тілшісіне қуанышты жаңалықпен бөлісіп, жаңа нысанның ерекшеліктері туралы айтып берді.

Ғимаратта 32 оқу кабинеті бар. Мектеп ғимараты 11 интерактивті тақта, 10 интерактивті панельмен жабдықталған. Сонымен қатар 1 шеберхана, 1 информатика кабинеті, 1 робототехника кабинеті, 1 спортзал, 2 кітапхана және 50 орындық оқу залы, 130 орындық акт залы, 270 орындық асханасы, арт студия, фотостудия, психологиялық тренинг кабинеттері бар.

"А.Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектебі – Казталов ауданындағы іргелі білім ордасының бірі. Бұл мектептен талай ғалым, қоғам қайраткері шыққаны бәрімізге белгілі. 155 жылдық тарихы бар мектепте 2014-2023 жылдар аралығында басшылық еттім. Осы уақыттың 40 жылы менің ұстаздық қызметім болса, оның 10 жылын басшылықта өткіздім", – дейді ардагер ұстаз Әлия Зербіқызы.

Қазталов аудандық білім бөлімінің мәліметінше, мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның есімі берілген мектептің іргесі ХІХ ғасырда қаланған. Биыл білім ордасының ашылғанына 155 жыл толып отыр. Сондай-ақ қазақ тарихындағы алғашқы әйел ұстаздардың бірі Алма Оразбаеваның туғанына 125 жыл болған. Жаңа ғимарат осы екі атаулы датаның қарсаңында ашылды.

40 жыл осы мектепте жұмыс істеп, мектепті 10 жылдан астам уақыт басқарып зейнетке шыққан Әлия Зербіқызы жаңа ғимаратты жобалап, жоспар құрылған кезде мектеп директоры болғанын айтады. Ардагер ұстаз білім ошағының оқушыларға мол мүмкіндік ашатынына қуанышты.

"Елдің болашағы – жастар. Елді тек қана біліммен, ақылмен билейтін ғасыр қазір. Сондықтан жас ұрпаққа соны дарыту – ұстаздардың парызы. Жаңа, озық технологияға сай келетін осындай мектепте мұны орындамау үлкен қате болады. Жас ұрпақтың білімді болуы үшін, қоғамға кірпіш болып қалануы үшін істеліп жатқан істерге қоғам болып, ұстаздар қауымы да бар ризашылықпен еңбек етсін тілеймін", – деді ардагер ұстаз.

Жаңа мектепте оқушылар 2 ауысымда оқиды. 35 сынып-комплектінде 549 оқушы білім алады. Оқыту қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Биыл 1-сыныпқа 51 оқушы қабылданып, мектепалды сыныбында 39 бала тәрбиеленуде. Мектепте 87 педагог қызмет атқарады.

Бұрын өзі осы мектепте білім алып, қазір ұстаздық жолға түскен Айнұр Серікқалиқызы да қуанышы қойнына сыймай тұрғанын айтты.

"Жаңа ғимаратқа кіріп, осы жерде білім беретінімізге ұстаздар қауымы болып қуанып жатырмыз. Ата-аналардың да, оқушылардың да мәз-мейрам болып жүргенін көрдік. Өзім осы мектепте 11 жыл оқыған түлегі ретінде, 25 жыл осы мектепте жұмыс істеп келе жатқан ұстаз ретінде өзімнің де қуанышым қойныма сыймай тұр. Осындай жаңа ғимаратта еліміздің болашағына үлес қосатын әр салада жүріп үлес қосатын шәкірт тәрбиелеп шығамыз деп ойлаймын", – дейді мектеп ұстазы Айнұр Серікқалиқызы.

Ескі мектеп ғимараты 2017 жылғы 18 сәуірдегі "ЖайықСтройИнжиниринг" ЖШС-нің қорытындысы негізінде "апатты жағдайда" деп танылған. Мектептің жаңа ғимаратының құрылысы 2020 жылы ақпан айында басталды. Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасы жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстарын жүргізуге 2, 7 миллиард теңге бөлген.

БҚО аймақтық бағдарламалары іске асырыла бастаған кезден бастап аудандағы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды, барлық деңгейдегі және сатыдағы білім берудің сапасы мен қолжетімділігінің деңгейін көтеру үшін жағдайлар жасалған.

Талқылау