Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да 2500 ерікті жұмылып көмек етуде

Биыл Батыс Қазақстан облысында наурыз айының соңғы күндерінде, яғни 26-сынан басталған су тасқынының салдарынан алдын ала болжам бойынша 6 аудан мен Орал қаласында 552 тұрғын үйді су басқаны туралы деректер тіркелген. Бұл жөнінде БҚО Төтенше жағдайлар департаменті ғимаратында өткен баспасөз мәлімдемесінде облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов мәлімдеді.

Жоғарыдағы жағдайдан бөлек наурыздың 29-ы мен сәуірдің 2-сі күндері аралығында Орал қаласының маңындағы 427 саяжайды су басып кеткен. Апаттық-құтқару жұмыстары нәтижесінде 398 тұрғын қауіпсіз жерге орналастырылған. Сонымен қатар Батыс Қазақстан өңірінде Теректі ауданындағы "Ұзынкөл" су қоймасының шектен тыс толып кетуіне байланысты айналасындағы 5 елді мекенді су басу қаупі төніп, ондағы 4 615 адам эвакуацияланған. Су тасқынынан зардап шеккендерге 2500-ден астам ерікті көмек көрсетуде. Оқушы балаларға білім беру онлайн сипатта жүргізіліп жатыр.

“Қазіргі кездің өзінде Орал қаласы мен Бәйтерек, Теректі аудандарында су басу қаупі сейілген жоқ. Су тасқынының салдарынан мал шығындары болғаны жасырын емес. Бүгінде облыста жергілікті деңгейде табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдайға байланысты әкімдіктер, құтқарушылар, әскерилер күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Сонымен қатар өңірдегі елді мекендерді судан қорғау жұмыстары жалғаса береді”, – деді облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы.

Талқылау