Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да 138 елді мекенді су басуы мүмкін

Биыл Батыс Қазақстан облысында 138 елді мекенді су басу қаупі бар деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

фото: ашық дереккөзден

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегеновтің сөзінше, бастауын Ресейден алатын Жайық, Деркөл, Қараөзен, Сарыөзендерден су көптен келіп жатыр.

Өткен жылы облыста Жәнібек ауданында Жақсыбай, Қаратөбеде Шалғын ауылдарын су басқаны белгілі. Қазір Жақсыбайда қар жоқ болғанымен, Ресей жақтан еріген судың келіп қалуы мүмкін. Сондықтан бұлардың бәрі де бақылауға алынған.

"Қазіргі кезде облыста күрделі гидрометеорологиялық жағдай қалыптасып отыр. Соған байланысты Орал мен Ақсай қалаларынан, ауылдардан қар шығару, су сору жұмыстары жалғасып жатыр. Авто және темір жолдарда су өткізетін 614 тұрба тазартылды. Облыс бойынша барлығы 722 техника, 88 жүзу құралы, 265 мотопомпа, жеке құрамнан 3368 адам толықтай дайындыққа келтірілді. 18 225,5 тонна инертті материалдар, 109 304 дана қапшық әзірленді”, – деді БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы. 

Сондай-ақ оқыс оқиға орын алса халықты қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары да басты назарда. 

“Тұрғындарды эвакуациялау қажет болған жағдайда 61 875 адамға 280 пункт дайын. Төтенше жағдай болмас үшін тұрғындардың өздері де алдын ала қамданып, аулаларындағы қарды шығаруы қажет", – деді Ернұр Өтегенов. 

Талқылау