Орынбасары сотталған БҚО әкімі отставкаға кетпейді
БҚО әкімі орынбасарының сотталғанына қарамастан қызметінен кетпейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gov.kz
Облыс әкімдігінің мәліметінше, "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңның нормасы облыс әкімі Нариман Төреғалиевке қарсы қолданыла алмайды.
“Бұл норма бойынша облыс әкімі тағайындалған күннен бастап 3 ай өткен соң оның орынбасары сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасаса, оның қызметінен кетуіне заңды негіз болады. Сотталған бірінші орынбасар Ержан Балтаевқа қатысты бұл үш ай уақыт өткен жоқ.
Орал қалалық сотының үкіміне сәйкес, Балтаевтың қылмысы 2023 жылдың ақпан айында тіркелген. Ал Нариман Төреғалиев облыс әкімі қызметіне 2022 жылдың 2 желтоқсанында тағайындалды. 2023 жылдың ақпан айында Ержан Балтаев қылмыс жасаған уақытта, Нариман Төреғалиевтің әкім қызметіне тағайындалғанына үш ай уақыт өтпеген”, – делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.
Еске салсақ, 16 тамызда сот БҚО әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Балтаевты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп тапты. Сот үкіміне сәйкес оған 2500 АЕК көлемінде немесе 8,6 миллион теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, Ержан Балтаев мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды.