"Бізге берілуі тиіс ақша жеткен жоқ": Браконьер қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевтің отбасы президенттен көмек сұрайды
Өткен қыста браконьерлердің қолынан қаза болған Ерлан Нұрғалиевтің отбасына ешқандай материалдық көмек көрсетілмеген. Тіпті, бір күндік жалақыларын аударып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жинаған қаржысы да берілмепті.
Бұл туралы марқұмның туыстары мәлімдеме жасап, президенттен көмек сұрады. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада қаскөйлердің кесірінен мерт болған қорықшы Қаныш Нұртазиновті бірінші дәрежелі "Айбын" орденімен марапаттау туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Өткен қыста браконьерлердің кесірінен қаза болған қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің ісіне қатысты тергеу жұмысы әлі созылып келеді. Тіпті, билік тарапынан қаралы отбасына материалдық көмек те жасалмаған. Тұтас үкіметтің атынан келіп сөйлеген ауыл шаруашылығы министрінің сол кездегі орынбасары Арман Евниев бір күндік жалақымызды аударамыз деп жар салған. Бұл да сөз күйінде қалыпты.
"Ауыл шаруашылығы министрлігінде 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Орталық аппаратта. 1 күндік ақы 4 млн теңгенің көлемінде болады", - деді ауыл шаруашылығы министрінің бұрынғы орынбасары Арман Евниев.
500 адамның бір күндік жалақысы қазір қайда, кімнің қалтасында ешкім білмейді. Одан бері үкімет қайта жасақталып, ауыл шаруашылығы министрі де, орынбасарлары да ауысып кетті. Тіпті, құрылымдық өзгерістер болып, жануарлар дүниесін қорғау қазір экология министрлігіне қарайды.
"Мен есесшінің өзімен сөйлестім. Ол ақшаның жиналғанын айтты, бірақ берілмеген. Не ана жақта жоқ, не мына жақта жоқ", - дедйі марқұмның досы Ғалымжан Тәуекелов.
Ерлан Нұрғалиевтің ісіне қатысты 7 адам анықталған. Оның үшеуі ғана айыпталып жатыр. Ал екінші көліктегі қашып кеткен 4 адам заңсыз аң аулағаны үшін тергеліп жатқан көрінеді.
"Біздің ойымызша, киік атып жүргендердің бәрі ұйымдасқан топ болуы ықтимал. Өйткені, қаншама қайғылы жағдай болып жатыр. Ал кінәлілер жазаланбайды. Бұл бір контрабандалық әрекет емес пе екен деген ой мазалайды", - деді ол.
Әділдік іздегендер бұл мәселеге президенттің де назар аударуын өтінуде. Ерлан Нұрғалиевтің ісіне қатысты тергеуді созып жүргенде міне, тағы да браконьерлер тарапынан қорықшыларға қастандық жасалды. Бірақ бұл мәселе бей-жай қалмайтыны анық. Өйткені, мемлекет басшысының өзі араласып, заңды қатаңдату туралы тапсырма берді.
Тіпті, Қасым Жомарт Тоқаев браконьерлермен күресте қаза болған Қаныш Нұртазинов пен жарақат алған Самат Оспановты мемлекеттік наградамен марапаттады.
«Қорықшы-инспекторлар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов мемлекетіміздің табиғи байлығын қорғау жолында ержүректілік көрсетті. Олардың ерлігін мақтан тұтамыз! Нұртазиновтің отбасына көмек көрсетіледі. Оның есімі мәңгі жадымызда сақталады. Иманды болсын!», - деді президент.
23 шілде күні қаза болған «Охотзоопром» мекемесінің инспекторі Ерлан Нұрғалиевтің сүйегі бүгін жер қойнына тапсырылды. Жерлеу рәсімі Жезқазғандағы орталық мешітте өтті. Ал оның жанында болған әріптесі Самат Оспанов қазір Көкшетау қаласындағы облыстық ауруханада ем қабылдауда.
Естеріңізге сала кетсек, 2019 жылы 16 қаңтарда Қарағанды облысында инспектор Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкаға браконьерлер шабуыл жасады. «Охотзоопром» инспекторлары ауыр жарақат алып, Ерлан Нұрғалиев көз жұмды.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
