"Жетістіктерімізді көре алмайды": "Күнделік" жүйесінің басшысы мәжіліс депутатының сынына жауап берді
"Күнделік" жобасының жетекшісі Мұхтар Ілиясов мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың жүйеге қатысты сынына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжіліс депутаты Бас прокуратураға "Күнделік" жүйесін қаржыландыруды тексеруді сұрап, депутаттық сауал жолдаған болатын. Депутат электронды күнделікте орынсыз жарнамалардың бар екенін де атап өтті.
Мұхтар Ілиясов "Күнделік" жүйесі ресейлік жүйе емес, қазақстандық өнім екенін айтты. Жүйеге Қазақстан Республикасында тіркелген "Күнделік" ЖШС қолдау көрсетеді. Жоба жетекшісінің айтуынша, Білім министрлігі 2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін "Күнделік" ЖШС-не мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты бойынша қаражат төлемеген және алдағы уақытта мұндай төлем қарастырылмаған. Сондай-ақ компания "Күнделік" ААЖ қызметтерін дамытуға және енгізуге жергілікті бюджеттерден қаражат алмаған.
"Көбінесе біздің, қазақстандық компанияның бұл жетістіктері Қазақстанның мемлекеттік органдары мен еліміздің білім саласын дамыту жолында жұмыс істейтін жеке компаниялардың қызметін қаралауға тырысатын бәсекелестердің қызғанышын тудырады", – деді "Күнделік" ЖШС басшысы.