Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Біздің өнімге әрқашан сұраныс өте жоғары – Шымкенттік кәсіпкер

Мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің дамуына зор қолдау көрсетіліп келе жатқаны көңіл қуантады. Нәтижесінде ел көлемінде кәсіпкерлер шоғыры қалыптасып келеді. Өз кезегінде кәсіп иелері де өндірістің өнімділігін арттыруда. Сондай-ақ, олар елімізде жұмыссыздықтың азаюына септігін тигізуде. Солардың бірі – шымкенттік Нұрбол Жандаров. Өз үйінің жанынан ашқан шағын цехы арқылы талай тірлік тындырып отырған кәсіп иесімен Stan.kz тілшісі тілдесіп қайтқан еді.

Нұрбол Жандаров еліміз Ресейден әкеліп тұтынатын электр энергиясына қатысты құрылғылар шығару ісін қолға алыпты. Мақсаты айқын болғанымен қаржының аздығы оның жұмысына қолбайлау болғанын жасырмады. Күнделікті қайталанатын бір сарындағы жұмысымен жүрген кәсіпкер “Бастау Бизнес” жобасы туралы естіп, қатысып көрмекке бекінді.

“Бастау Бизнес” курсын оқып, көкейге көп нәрсені түйдім. Оқу-білім біздің тек алға қарай дамуымызға септігін тигізеді екен. Сабақ барысында шығарған тауарыңды нарықта сатудың техникаларын меңгердім. Сонымен қатар қызметкерлерді қалай басқару қажеттігін де үйрендім. Өзімнің бизнес жоспарымды түзіп, алға қойған мақсаттарымды да нақтылай түстім. Бұл тұрғыда маған кәсіби білікті мамандардың көмегі көп болғанын айтуға тиіспін”, –  дейді Нұрбол Сматуллаұлы.

Кәсіпкерлік бағытында өзінің білімін шыңдаған Нұрбол Жандаров тиісті сынақты тапсырғанда да жоғары нәтиже көрсетіпті. Комиссия мүшелерінің алдында өзі жасаған транспорматордан бағанаға жіберілетін электр қуатын ажыратып қосатын құрылғыны жете таныстырды. Бүгінгі таңда елді жарықпен қамтамасыз ету ісінде өте таптырмайтын құрылғы инновациялық жоба ретінде танылды. Осылайша, Нұрбол Сматуллаұлы мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз 4,5 млн. теңге көлеміндегі грантты жеңіп алды.

Шынында Нұрбол Сматтуллаұлы бұған дейін жұмысын қиындықпен атқарып келген көрінеді. Себебі қажетті құрал-жабдықтары жоқ еді, дейді ол. Темір кесуге арналған станогы болмаған соң, өзге бір цехтың көмегіне жүгініп жүрген ол  темірлерін ары-бері тасып жүріп, қыруар уақытын сарп еткенін де айтып кетті. Тіпті екі-үш күндеп кезек күтетін кездері де болыпты. Мұның салдарынан берілген тапсырысты дер кезінде орындай алмай да жүрді.

“Мемлекет тарапынан берілген грант қаржысына жұмысымды жүргізуге қажетті құрал жабдықтарды толығымен алдым. Кесуге, қырқуға және дәнекерлеуге керекті барлық саймандарды сатып алғанымның арқасында жұмысым да қарқынды жүре бастады. Тапсырыстарды да ештеңеге алаңдамай, көбірек алуға мүмкіндік туды. Жұмыс істеуге ниетті жандарға зор қолдау көрсеткен «Бастау Бизнес» жобасына айтар алғысым шексіз”, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкер оннан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Әсіресе жаз мезгілінде Нұрбол Жандаровтың жеке баспанасының жанынан ашқан шағын цехында өндірілетін өнімдерге сұраныс зор екен.

Аймақ жұртшылығының бәріне қосып ажыратқыш шығарумен танылған Нұрбол Сматтулаұлының бұл өнімі өз елімізде ғана емес көршілес Қырғыстан, Өзбекстан мемлекеттерінде де сұранысқа ие көрінеді. 99 болттан тұратын аталмыш құрылғының салмағы 49 келі тартады екен. Алюминий, мит, қаратемір, изолиятор сынды заттардан құрастырылған қосып ажыратқыш құрылғы әрбір трансфмарматордың жанынан табылуда. Нарықтағы бағасы 60 мың теңге тұратын бұл құрылғыға еліміздің түрлі аймағынан тапсырыстар келіп түсуде.

Қарапайым жұмысшыдан кәнігі кәсіпкерге айналған Нұрбол Жандаров өз өнімдеріне арнайы жарнама жасаудың қажеттілігі жоқ екенін айтады. Өйткені сапалы тауарға деген сұраныс өте жоғары екен.

“Өздеріңіз білетіндей, өрт деген өте қауіпті нәрсе. Біздің шағын цехымыздан шығып жатқан өнімнің бәрі де электр энергиясымен тығыз байланысты. Сондықтан атқарылатын жұмысты қайта-қайта тексерістен өткізіп, әрбіріне жете мән беремін. Өз ісімізге асқан жауапкершілікпен қарағанда ғана сапасы жоғары өнім шығара аламыз. Күні бүгінге дейін өнімдеріміздің сапасына қатысты бірде бір сын айтылған емес””, – дейді ол.

Қазіргі таңда шағын ұйым республика бойынша көптеген сауда орындарымен келісім шарт жасасып, тапсырысты орындау үшін тынбай тірлік етуде. Бүгінде халықтың сұранысына орай,  өнім түрлерін көбейткен цех ұжымы трансформатрдан үйге ток кіргенге дейінгі аралықта қажетті құрылғылардың бәрін шығарады.

Таңның атысынан күннің батысына дейін тынбай тірлік ететін кәсіпкер өндірісте алдыңғы шептен көріну үшін кәсіби тұрғыдан үнемі ізденіс үстінде жүру аса маңызды деп есептейді. Сондықтан ол Ресейге барып біліктілігін шыңдаған ол бүгінде өз тәжірибесімен ұжым мүшелерімен бөлісуде. Жұмысын жүйелі жүргізіп келе жатқан кәсіпкер өз үйінің жанынан ашылған шағын цехтың ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда қосып ажыратқыш құрылғының күніне жиырма данасын жасайтын болса, алдағы уақытта бір күнде жүзін жасамақ ниетте.

“Бастау бизнес” жайлы

"Бастау бизнес" жобасы азаматтарға жеке ісін бастауда көмек көрсетіп, жоспарды іске асыруда 12 айға дейін қолдау білдіреді. Білім алған азаматтар 3 жылға жарамды арнайы сертификатпен марапатталады. Оқудың жалпы ұзақтығы 25 күнтізбелік күннен аспайды. Үміткердің өтінімі 10 күн ішінде қаралады. 

Ал грантқа жұмыссыздармен қатар жеке кәсіпкерлер де үміткер бола алады. Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықпен шұғылданған тұлғалар да грантқа үміткер атанады. Грант мөлшері 400 АЕК-ке тең. 

“Бастау бизнес” ұсынған грант үміткері атану үшін төменгі санаттардан болуы міндетті:

  • Жастар (29 жасқа дейін);
  • Аз қамтылған отбасы мүшелері – атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
  • Көпбалалы отбасылар - көпбалалы отбасылар бойынша жәрдемақы алушылар;
  • Қандастар, қоныс аударғандар;
  • Мүгедектігі бар адамдар;
  • Мүгедек баланы (мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған тұлғалар үшін.

Грант қаражатын тек “Бастау Бизнес” аясында әзірленген бизнес жоспарды іске асыруда ғана қолдануға болады. Сонымен қатар үміткердің жұмыспен қамту бойынша өзге қолдау шараларына қатыспау керегін ескерген жөн. 

2022 жылы "Бастау бизнес" жобасы онлайн форматта өтеді. Жобаға өтініш қабылдау 1 сәуірде басталады деп жоспарланып отыр және 10 күнге жалғасады. Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң аудандық және қалалық комиссия қарауына өтеді. Бұдан кейін үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғайды. Өтінішті Business.Enbek  порталы арқылы бере аласыз. 

Дайындаған: Гүлмира Садық

Талқылау