Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біздің нарықтағы жағдай – ұят": Тоқаев импорттық азық-түлікке тәуелсіз болу мәселесін көтерді

Фото: Ru.freepik.com

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауда еліміздің азық-түлік нарығы ұятты жағдайда екенін ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Үкіметтің стратегиялық міндеті – ұлттық азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін азайту. Әрине, 100% өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкін емес, бәлкім қажет те емес. Бірақ қазіргі біздің нарықтағы жағдай – ұят. Сонымен қатар дәстүрлі ұлттық өнімдерді шетелдік нарықтарға белсенді түрде шығару қажет. Сол үшін логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттарды, сондай-ақ сауатты маркетингтік стратегияны ескеретін агроэкспорттың нақты жоспары керек”, – деді президент.

Ол бұл міндет Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органдардың да мойнында екенін атап өтті.

“Сондықтан үкімет басшылығы деңгейінде іс-қимылдарды үйлестіру қажет. Олар Еуразиялық сауданы дамытуда әділ жағдайларды талап етіп, дәлелді түрде табандылық танытуға тиіс. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өндірушілердің мүддесін қорғауы керек. Белгілі болғандай, біздің кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық одақтағы басқа елдердің кәсіпорындарымен салыстырғанда жеткілікті деңгейде мемлекеттік қолдау ала алмайды. Салдарынан ыңғайсыз жағдайда қалып, тіпті өз нарығын бәсекелестеріне беруге мәжбүр. Бұл әсіресе, сүт өндірушілеріне қатысты”, – деп қосты Тоқаев.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 08 Қыркүйек, 2025 12:09
Талқылау