Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Біздің елде сот ғимаратын салсаңыз да ақшаңызды ала алмай қалуыңыз мүмкін

Жамбыл облысында сот ғимаратын салғандар сандалып қалдық дейді. «Жұмысқа жегілдік» деген жүзге жуық жұмысшы жалақысын ала-алмай жүрген көрінеді. Айлықсыз қалған ел ас – судан тарыға бастапты. Құрылысқа жалдаған компания «бас мердігер ақша аудармады» деп көк тиын ұстатпапты. Екі ортада жұрт еңбекақысын кімнен дауларын білмей дал. Ал жергілікті билік бұл мәселені шешуге дәрменсіз.

Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Бұл, жұрт айтқан сот ғимаратының салтанатты ашылу сәті. Алайда зәулім нысан көптің көз жасына тұрғызылыпты. Алты ай құрылысқа тартылғандар айлық алмай қаңғып қалдық дейді. Басқа басқа емес соттың ғимаратын соққан жұмысшылар еңбекақыға келгенде әділетсіздік болады деп ойламағандарын айтады.

«Бізде осы фирмада жұмыс істеп ақша ала алмай жүрміз. Күнде келеміз. Күнде ертең әні міне деп шығарып салады»,- дейді Тараз қаласының тұрғыны Серік Билалов.

Айлығын алмаған ел амалсыз аттандауға бар. Өйткені өздері істеген «Интехстрой» серіктестігі ақшасын бермейтінін ашық айтыпты. Себеп бас мердігер бұған келісілген қаржыны аудармаған көрінеді. Екі ортада ел далада қалған.

«Маған мердігер бермей жатыр. 50 млн түссе 20 млн береді, 40 млн түссе 15 млн береді, жаздай сөйтіп келді. Ұстап қалады ақшаны. Қағаздарым бар. Менің қалған ақшамды қайтарсын. Мен мыналардан фирмалардан құтылайын»,-деді Интехострой ЖШС-нің директоры Ғалымжан Сұлтанмұратов.

Жеме-жемге келгенде жер сипап қалған жұрт дүркін-дүркін наразылық танытып келеді. Бірақ базыналарына ешкімнің бас ауыртқысы жоқ. Бұл онсыз да төзімі таусылған тұрғындардың жүйкесін жұқартса керек, бәрі бас мердігер кеңсесіне баса көктеп кірді. Алайда жағдайды түсіндірудің орнына жағаға жармасу басталды. Күзет шақыртылды, тәртіп сақшылары келді.

Камера алдында сөйлеуге ниет танытпаған бас мердігер «Мелиоратор» басшылығы бізден айып жоқ дейді. Ақша аударымдары туралы құжатымыз құнттай, кінә жалдаған мердігерімізде деді. Бұл дауға еңбек инспекциясы да араласа алмайтын болып шықты. Өйткені жұрт жұмыс берушімен келісімшарт жасаспапты. Енді кім-кімге ақша бермей отырғанын білу үшін екі мердігер бір-бірін сотқа бермек. Осылайша сот ғимаратын салғандардың айлығын қашан алатынын ғимаратқа тапсырыс беруші соттың өзі шешпекші.

Жіберіп алмағыз:

Ақтөбеде жалақы алмаған тәрбиешілер білім бөліміне басып кірді

ШҚО-да кәсіпкердің 10 жасар қызы көлік айдап, жол бермегендерді балағаттаған (видео) 

Елімізде GetСontact қосымшасына тыйым салынды 

Тойда жұлқына билеген әйел елді таң-тамаша етті (видео) 

 

Талқылау