Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Біздің боксшыларда мінез жоқ”: Қанат Орақбаев қазіргі боксшылардың басты кемшілігін айтты

Қанат ОрақбаевФото:ҚБФ

Қазақстан ұлттық құрамасының боксшылары Софияда өткен “Странджа” халықаралық турнирінде 9 жүлде жеңіп алды. Алайда бұл нәтиже көптеген жанкүйердің наразылығын тудырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Себебі төрт алтын медальдің тек біреуі ғана ерлер құрамасына тиесілі болды.

Осыдан кейін ардагер боксшы Қанат Орақбаев қазіргі боксшыларға спорттық мінез жетіспейтінін айтты.

"Жақында “Странджа” турнирі аяқталды. Бұл жарыс бұрыннан мықты бәсеке саналады. Өзім 2007 жылы сол турнирге қатысқанмын. Биыл біздің жігіттер екі медаль алыпты. Мен команданың қасында жүрген жоқпын, сондықтан бұл нәтижеге қатысты бапкерлер мен федерация шешім қабылдайтын шығар.

Ал қазіргі біздің боксшыларға спорттық мінез жетіспей жатыр. Мінез болмаса, бәрі бекер. Жеңісті жұлып алу керек. Міне, бізге жетпей тұрғаны осы. Әрине, бәрі де спорттық этика аясында болуы тиіс. Әдептен аспай, бірақ өз есемізді жібермей жүргеніміз дұрыс. Шаршы алаңға жай ғана кіріп-шыққаннан ештеңе болмайды. “Жеңісті жұлып аламын” деп құлшынып шыққан жігіттерді төрешілер де байқайды.

Біз техника жағынан қазір атой салып тұрған Өзбекстан боксшыларынан әлдеқайда жақсымыз. Бірақ сол жеңісті жұлып алу жағы жетпей тұр. Сонымен қатар физикалық дайындық пен төзімділікті арттырған жөн. Барлық мүмкіндікті пайдалану керек", – деді Орақбаев Sportbugin.kz сайтына берген сұхбатында.

Айта кетейік, турнир “Странджа кубогінде” қазақстандық 9 боксшы жүлдеге ілікті. Оның төртеуі алтын, 2 күміс, 3 қола.
Алтын жүлдені 50 келіде Даниал Сәбит, 54 келіде Элина Базарова, 80 келіде Надежда Рябец және +80 келіде Валерия Аксенова жеңіп алды.
Ал күміс медаль 70 келіде Фарух Тоқтасынов пен 65 келіде Лаура Есенкелдіге бұйырды.
Үш қола медальді 54 келіде Әнел Сақыш, 75 келіде Валентина Хальзова мен +80 келіде Дина Исламбекова еншіледі.

Нәтижесінде Қазақстан жалпы есепте 4 алтынмен 2-орынға тұрақтады. Бірінші орынды 7 алтын жүлде еншілеген Өзбекстан жайғасты. Үздік үштікті 3 алтын медальмен Украина елі түйіндеп тұр.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 06 Наурыз, 2026 01:10