Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізді "қазақтар" деп қабылдамаса да, тірідей жерге көмбесе екен": Ауғанстандағы қандасымыз этникалық қазақтардың жағдайы жайлы айтты

Ауғанстандағы "Қазақ қоғамы" ұйымын құрушылардың бірі – Хаятоллаһ Садықи елдегі этникалық қазақтардың қазіргі жай-күйі туралы айтып берді. Ауғанстандағы “Қазақ” ауылының тумасы өзін орта жүз қазақтарының ішіндегі қоңыраттан шыққанын тілге тиек етеді. Stan.kz тілшісі ана тілдерін жат жұртта жүріп ұмытса да, өздерін “қазақпыз" деп танитын қандасымызбен  тілдесіп көрген еді. 

– Сәлеметсіз бе, Хаятоллаһ Садықи мырза! Жалпы Ауғанстандағы қазіргі жағдайларыңыз қалай болып жатыр? Өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз?  

– Қазіргі Ауғанстанның жағдайы "жақсы" дейтін болсақ, өтірікші боламыз. Себебі халық жұмыссыз отыр. Көптеген мәселелер күннен-күнге артып жатыр. Ай сайынғы еңбекақыларын алып жүргендер қазіргі үкіметтен бір тиын да ала алмай отыр. Қыс жақындап келеді. Өзім Мазари-Шариф қаласында тұрамын. Сол жақтағы "Қазақ" ауылында дүниеге келдік. Мектеп табалдырығын сонда аттап, Мазари-Шарифте жоғары білім алдық. Біздің өңірлерде "Жастар" партиясы ашылған болатын. Соның бас-қасында жүріп қызмет қылдық. Тіпті депутат болып сайлануға дейін мүмкіндіктеріміз де болды. Жақын танысымыз болмаған соң, ол тізімнен сызылып қалдым. 

– Өздеріңіз құрылтайшысы болған Ауғанстандағы "Қазақ қоғамы" ұйымы жайлы айтып берсеңіз? 

– Мазари-Шарифте жүргенде тұрғылықты этникалық ұлттар өз арамызда кейде жанжалдасатынбыз. Құндыз, Тахар, Бағлан басқа да өңірлердегі қазақтар құқығымыз шектелді деп ауған үкіметіне іштей ренжулі болатын. Пуштун, өзбек немесе тәжік ұлттарына қарағанда қазақтар олардан әлдеқайда тым аз. 2016 жылы ел астанасы Кабулға қоныс аудардым. Үкіметтік жұмысқа кірген соң, түрлі ойлар келе бастады. Ауғанстандағы басқа ұлттардың қоғамдық ұйымдары мен партиялары бар, қазақтардікі де болуы керек қой дедім. Төлқұжаттарымызға да біздің ұлтымыз жазылмайды. Менімен бірге қызметтес бір жігіт болды. Тахар қаласынан, есімі "Акбар" болатын. Ол да қазақ екен. Екеуміз Кабул қаласында бірге жұмыс істедік. “Басқа ұлттардың ұйымдары бар ғой, біздікі неге болмасқа?” деп жүрдік. Ақыры, 2018 жылы "Қазақ қоғамы" ұйымын құрдық. Арнайы құжаттарға көп ұлттардың ғана аттарын жазатын. Біз ұйымымызды құрғаннан кейін, құжаттарға біздің де ұлтымыз жазылсын деп Ауғанстанның президентіне осы мәселе төңірегінде арнайы хат жаздық. Бізге жауап беріп, биліктегілерден арнайы рұқсат алдық. Ұлтымызды сол кездерден бастап көрсете алдық. 



– Осы уақытқа дейін қандай да бір ауқымды шаралар жүргіздіңіздер ме?   

– Ауғанстандағы "Қазақ қоғамы" Кабулда көптеген жиындар ұйымдастырды. Екі аптада бір реттен жиналып тұрдық. Елдің алыс аймақтарынан да қандастарымыз келетін. Ел президентіне қоғамымыз туралы және құжаттарымызға "қазақ" деп жаздыру үшін, бізге дәлелдер мен қол жинау керек болды. Сондай кездері қандастарымыздың белсенділік танытуларының арқасында, бүгінде осындай дәрежелерге жеттік. Бірақ ауған билігіндегілер ішінде "бізде қазақ барма не?" деп қарсылық танытқандары да болды. Өңірлердегі елді мекендерімізді сипаттап, аттарымен дәлелдеп шықтық. Сол жақта көптеген қазақтар тұрады деп, өз ойларымызды ашық айттық. Ең үлкен ісіміз осы. Қазіргі кезде 5-6 облыстағы аудандардан қандастардың тізімін жинақтап жатырмыз. Бір күн бұрын ғана Мазари-Шариф қаласынан 900 азамат өздерін "қазақпыз" деп жатыр. Олардың ауылдары мен руларына қарап, бүгінде "қазақ" деп таныдық. Тәліптер билікті басып алғаннан кейін, көбісі Ауғанстаннан кеткісі де келеді.   

– Басқа елдердегі қандастардың ұйымдарымен өзара байланысып, бірлесіп жұмыстар атқардыңыздар ма? 

– Ауған үкіметінен рұқсат алуымыздың өзі қиынға соқты. Басқа елдердегі қазақтармен де байланыстарымыз бар. Атап айтсам, Өзбекстан, Түркия және Еуропа елдері мен т.б. қандастарымызбен хабарласып тұрамыз. Бірақ Қазақстандағы ұйымдармен байланысымыз жоқ. Алдағы уақыттарда байланысқымыз келеді. 

– Егер әлем елдеріндегі қандастар сіздерге қандай да бір көмек қолын соза алса, ең бірінші сіз сұрар едіңіздер?

– Біздің қоғамымыз жиындарды тек үлкен қалаларда ғана ұйымдастырған. Ауғанстандағы қазақтардың көбі диқаншылық және мал шаруашылығымен айналысады. Тәліптердің билігі орнаған соң, шаруа қазақтар да көп зиян шекті. Мұндай мәселеге біліммен ғана қарсы тұрамыз. Қандастардың сауаттылығын арттыру қажет. Алыс жерлердегі мектептер пен медресселер Кабулдағыдай емес. Интернет арқылы кейінгі өсіп келе жатқан балаларымызды білімге де баулысақ. Арнайы курстарды ұйымдастыру үшін көмектессеңіздер де болады. Тіпті мүмкіндіктер болса балаларды атажұртта оқытсақ. Бұл жақ балаларға енді қауіпті. Оларды бейбітшілік орнаған Қазақстан сияқты тыныш елдерде оқыту керек. Ауғанстандағы қазақтарда басқа ұлттардың мәдениеттері де сіңісіп кеткен. Бізге қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін рухани жаңғырту қажет. Сондықтан да Қазақстандағы қоғамдық ұйымдармен байланыссақ дұрыс болатын еді. Қазақ тілін үйренуге оқулықтар мен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін киімдер немесе т.б. нәрселер қажет. Бізде тағы бір мәселе бар. Ауғанстанның бұрынғы үкіметінің кезінде Қазақстан ауған жастарына арнап мыңдаған грант бөлетін. Біз президент әкімшілігіне арнайы хат жазып, Қазақстанның грантын Ауғанстандағы этникалық қазақтардың да пайдалануын сұрадық. Қазақ билігі гранттардың жартысын қазақтарымызға бөлдік деп арнайы хат жазып жіберсе, сол кездері бізге ең ұтымды болатын еді.  

– Әлемдік БАҚ-та ауған балалары астыққа сатылғаны жайлы айтылып жүр ғой. Ауғанстандағы қазақ балаларының жағдайы қандай?

– Барлықтарыңыз Ауғанстандағы жаңалықтарды оқып жатырсыздар. Аштықтан балаларды сатып жатқаны рас. Мұндай оқиғалар бұрындары да болатын. Өйткені ауған халқының көбісі кедей. Қазіргі кезде көбісі бір нәрсені сатып ала алмайды. Сондықтан да қазақтардың арасынан да болуы мүмкін. Бұрын адамдар садақа беретін болса, қазіргі кезде садақа сұраушыға айналды. Біздегі халық киім-кешек сынды заттарды сатып ала алмайды. Себебі артық қаражаттары жоқ. 

– Қазақстаннан виза ала алмаған қандастар басқа қай елдерден үміт күтіп жүр?

– Біздегі қазақтардың арасында оқыған азаматтар да көп. Қазақстан виза береді деп үміттенген едік. Енді тыныш ел болса болды деп көптеген қазақтар кетуге де қам жасап жатыр. Ауғанстандағы қазақ елшілігі енді ешкімге виза бермейді деп айтылып жүр. Өзбекстанның визасын алуға тырысып жатқандары көп. Өзбек елшілігінен виза алып, сол жақтарға кеткен қандастарымыз бар. Ауғанстандағы "Қазақ қоғамы" ұйымын құрғаннан кейін, қазақ елшісімен арнайы барып кездестім. Сіздермен тығыз қарым-қатынаста болайық деген ұсыныстарымызға, аты-жөндермізді және байланыс нөмерлерімізді де жазып алған. Өзіміз хабарласамыз деді. Бірақ ешкімнен жауап болмады. Тәліптер келгеннен кейін де елшілікке бардық. Жауаптары да сондай. Ауғанстанда тек 20 үйдей ғана қазақ қалды депті. Оларды алып кетсек, басқа қазақтар қалмайды деген. Бірақ Қазақстан мен елшілікке ешқандай жамандық тілемейміз. Амандықта болып, әрқашан атажұртымыз дами берсін. "Ауғанстанда енді қазақтар жоқ" деп айтуға олардың жалпы хақылары жоқ. Бізді "қазақтар" деп қабылдамаса да, Ауғанстанда қалған қазақтарды тірідей жерге көмбесе екен. Қазақ билігі жиі солай қайталайтын болса, бізді қазіргі тәліптер "қазақ" деп те санамайды. Бізге осы жағынан зиян тигізбесе екен. 

Ауғанстандағы "Қазақ қоғамы" ұйымының атынан сізге және ұжымдарыңызға үлкен алғысымызды білдіреміз! Бізді іздеп тауып, осындай сұхбаттарды құрғандарыңызға қатты ризамыз. Жүрек түкпіріндегі айтатын мәселелеріміз өте көп. Бұдан бұрын Қазақстанға оралу үшін жұмыстар жасадық. Жат жұртта жүріп өз мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді жоғалтып алғымыз келмейді. Атажұртымыз бізге көмектеспесе де, "Ауғанстанда қазақтар жоқ" деп бізді тірідей өлтірмесінші. Осы аманатты жеткізіңіздер! 

Stan.kz редакциясы Ауғанстанның астанасы Кабулда тұратын, өзін этникалық қазақпын деп жүрген Хамидуллаһ Тадашқа ерекше алғысын білдіреді. Ол ана тілін ұмытқан қандастармен байланыстырып, аудармашылыққа өзі көмек беріп жүр.  

Сыртқы істер министрлігі біздің сұхбатымызды оқып, жырақтағы қандастардың ана тілін үйрену мен қазақ мәдениетін жаңғыртуға көмек қолын созғылары келсе, басқа да қоғамдық ұйымдар Ауғанстандағы "Қазақ қоғамы" ұйымымен танысамыз десе, Stan.kz редакцияcына хабарласуына болады.

Біз қолымыздан келгенше “жат жұрттағы қандастардың аманатын жеткіздік” деп  үміттенеміз!

Сұхбаттасқан: Қадірәлі САРЫПБЕК

Талқылау