Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бізді аямады": Атырауда бүлікшілер көпірден лақтырған сарбаз сұхбат берді

Атырауда жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бір топ бүлікші 18 жастағы сарбаз Дәурен Ешімовті көпірден лақтырып жіберген. 8 метр биіктіктен құлаған әскери каска мен оқ өтпейтін кеудешенің арқасында аман қалған. Сарбаз болған оқиғаны ATPress.kz басылымына баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 


5546 әскери бөлімінің командирі Манат Наукеев сарбаздарымен және облыстық РОВД-мен бірлесіп, облыстық әкімдіктің жанында болған митинг кезінде қоғамдық қауіпсіздікті күзетті. 

Командирдің айтуынша, облыстық әкімдіктің алдында шамамен 3 мыңға жуық адам жиналған. Ал сабаздар саны небәрі 150. 

"Олар көре салысымен, бізге қарай агрессивті түрде бағыт алды. Олар бізге: "Халыққа қарсы шықпа, погоныңды, әскери киіміңді шешіп, бізге қосыл", – деп айқайлады",  – дейді Манат.

Командирдің айтуынша, олардың қолында тіпті қару болмаған. 

"Біздің мақсатымыз алаңда тәртіпсіздікті болдырмау, яғни халыққа қызмет ету еді. Бірақ ашулы наразы топ мұны түсінбеді. Біз өз жұмысымызды атқардық, қатарға тұрдық. Біраз уақыттан кейін адамдар бізге жан-жақтан тас лақтыра бастады. Қайталап айтайын, бізде қару болған жоқ. Бірақ өзімізді қорғау үшін қолдануға болатын арнайы құралдарымыз болды", –  дейді ол. 



Екі жақ "келісе алмаған соң", бүлікшілер сарбаздарды соққыға жыққан. 

"Біз араға түсіп, сарбаздарға тиіспеуді, сабырға келуді сұрадық. Бірақ жастар өте ызалы еді. Үстерінен ішімдіктің исі аңқып, кейбірі есірткі шегіп алғандай көрінді", –  дейді Манат. 

Сол кезде 28 әскери қызметкер түрлі жарақат алған. 

Сарбаз Дәурен Ешімовтің айтуынша, бүлікке қатысқандардың басым дені 20-30 жас аралығындағы жастар. 

"Олардың мақсаты түсініксіз еді. Олардан кез келген нәрсені күтуге болады, бізді аямады. Біреулер: "Өлтір оны!" деп айқайлады", – дейді сарбаз. 

Дәуреннің айтуынша, бүлікшілер келісімге келуден үзілді-кесілді бас тартқан. Сарбаздар кері шегінсе де, оларға тыныштық бермей, артынан қуған. 

"Мен орталық көпірге қарай бағыт алдым. Бір топ артымнан жүгірді. Олардың бірі мені ұрып, көпірден лақтырып жіберді. 7-8 метр биіктіктен құладым", – дейді Дәурен Ешімов. 

Дәурен бір ғажаптың күшімен аман қалып, ауруханаға жеткізілді.

Талқылау