"Біздегі бір айлықты мұнда жарты күн үшін алады": Қазақстандық жігіт Оңтүстік Кореяда еліміздегі дәрігерлердің жалақысын айтып ұятқа қалған
Фото: Видео кадрларынан скрин
Желіде Оңтүстік Кореяға медицина саласында тәжірибеден өтуге барған қазақстандық студент елдегі жалақы туралы шетелдіктерге айтқанда қатты ұялғанын жеткізді. Айтуынша, Қазақстандағы дәрігерлердің бір айлық жалақысын ол жақтағы мамандар жарты күнде табады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Нұрсұлтан есімді 7-курстағы интерн студент Оңтүстік Кореяға нейрохирурния бөлімінен тәжірибеден өтуге барған.
“Оңтүстік Кореяда Қазақстан үшін ұялған оқиғамды айтып бергім келеді. Алдыңғы аптада бізге АҚШ-тың Пенсильвания университетінен лектор келіп, лекция оқыды. Одан кейін бізді кешкі асқа шақырды. Әрине, кешкі аста бәріміз бір-бірімізбен әңгімелестік. Өз еліміздегі медицинаны салыстырмалы түрде қандай екенін айттық. Бір кезде әңгімеміздің мазмұны дәрігерлердің жалақысы туралы болды. Менен біздің елде дәрігерлердің қанша алатынын сұрады.
Мен түсінемін, Оңтүстік Кореямен салыстырғанда бізде жалақы да, өмір сүру деңгейі де төмен.Бірақ бәрібір де әлемдік стандартпен қарасақ, бізде дәрігерлердің айлығы өте төмен”, – деді ол.
Жігіт ұстаздарына елдегі жалақыны барынша жоғарылатып айтып көрген.
“Мен елімізде дәрігерлердің жалақысы 240 мың теңгеден басталатынын біле тұра, оларға көбірек көрсетейін деп айына 1000 доллар дедім (шамамен 540 мың теңге). Бір кезде олар менен “айға ма?” деп сұрайды. Мен “иә, жылға емес” дедім. Өйткені АҚШ-та жалақыны апта, ай және жылға деп есептейді.
Осы кезде олар өз елдерінде 1000 доллар ақшаны күніне табатынын айтады. Яғни дәрігерлердің бір күндік табысы 1000 доллар. Мен анау жерде кірерге тесік таба алмай ұялдым. Сонда егер Кореяда жарты күн жұмыс істесең, Қазақстандағы дәрігерлердің бір айлық жалақысын ала аласың”, – деп қорытты ол.
Желі жұртшылығы видео астына мәселені қызу талқылады.
“Жаным ау, қайта 1000 доллар депсің, шындығында алып жүргеніміздің айтсаң, олар талып қалатын шығар”, “Бізде 150 мың теңге алатын да мамандар бар”, “Әрине медицина сапасы да соған сай”, “Тіпті бізде тек медицинада емес, барлық салада жалақы өте төмен”, – деп жазды көпшілік.

“Қатардағы қызметкерді қорғап, куәлік еткенім үшін жұмыстан босатты”: Ақтөбелік келіншек әскери горнизондағы әділетсіздікке шағымданды
