"Ешкім кепілдік бере алмайды": Қорғаныс министрлігінің өкілі әскердегі сарбаздардың жағдайы туралы
21 қаңтарда Орталық коммуникациялар кешенінде өткен отырыста құрлық әскерлері қолбасшысы Мереке Көшекбаев қазір әскерилер психологиялық қөмекке жүгінуден бас тартатынын айтты. Ал Қуаныш Үштаевтың айтуынша, әскерден сарбаздардың аман-есен оралатынына кепілдік бере алмайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Depositphotos.com
Құрлық әскерлері қолбасшысының орынбасары Қуанышбек Үштаевқа сарбаздарға қызметтегі офицерлерді қысым көрсететіні туралы сұрақ қойылды. Оның айтуынша, офицерлер арнайы институттарда педогикалық-психологиялық білім алады.
"Әскери оқу орындарында офицерлер әскери білім алады. Әрі қарай оның тәрбиесі бала кезден қалыптасады. Отан отбасыдан басталады деп айтамыз. Екіншіден, балабақша, үшіншіден, мектеп қабырғасы, төртінші – жоғары оқу орны. Бұл бағытта командирлер тыңғылықты жұмыс атқарып жатыр. Бір-екі әлімжеттік оқиғасы болған шығар. Бүкіл қарулы күштерде түбегейлі әлімжеттік бар дегенге келіспеймін", – деді Қуаныш Үштаев.
Қуаныш Үштаевтың айтуынша, 15 жыл бұрынғы жастарға қарағанда қазіргі әскерге баратын сарбаздар өте әлсіз.
Бұдан бөлек ол әскерден сарбаздардың аман-есен оралатынына кепілдік бере алмайтынын айтты.
“Бұл – өте ауыр сұрақ. Біз енді адам баласы болған соң, ертең аяғымыздың астында не болатынын сіз де, мен де айта алмаймыз. Ешкім бұған кепілдік бере алмайды. Өздеріңіз білетіндей, қазір жастардың көбі денсаулығы өте төмен. Іс-қимыл аз, аз жүреді, көп қимылдамайды. Бәрі телефонда отырады. Одан бөлек қазіргі азық-түлік сапасына көңіл бөлуіміз керек. Мұндай оқиғалар болып тұрады. Оны жасырмаймыз. Тиесілі дәрігер көмегі берілгеннен кейін адам қалпына келеді”, – деді Қуаныш Үштаев.
Сонымен қатар Мереке Көшекбаевтың айтуынша, психикалық проблемасы бар адамдар әскерде ғана емес, азаматтық қоғамда да көп кездеседі.
"Көп жағдайда психологиялық проблемалары бар әскери қызметкерлер әскери психологтарға жүгінбейді. Өкінішке қарай, бұл проблема бар. Әскери мәдениетте төзім, күш-қуат жиі бағаланады және жас жігіттер осыны пайдаланады. Көмекке жүгіну әлсіздікті мойындау ретінде қабылдануы мүмкін. Біздің сарбаздар үшін бұл ерекше мәселе деп ойлаймын. Бүгінде бұл азаматтық қоғамда да белең алған", – деді Мереке Көшекбаев.
Мереке Көшекбаев қазір жастар психолог мамандарға көмек алу үшін баруға тартынатынын айтты.
"Психологиялық тұрақтылықтың әлсіздігі, стреспен күресу дағдысының жоқтығы – осылардың бәрі көбіне қайғылы жағдайларға алып келеді. Иә, бізде проблемалар бар. Біз бұл шындықты мойындаймыз және осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатырмыз", – деді құрлық әскерлері қолбасшысы.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында сарбаздың қазасына не себеп болғанын жаздық. Қорғаныс министрлігі құрлық қарулы күштері бөлімдеріндегі оқиғаларға қатысты негізгі сұрақтарды талқылуға және түсіндеруге тырысатынын айтты. Қаза болған сарбаздың жағдайына байланысты, командалық құрамның жеке құраммен жұмысында бірқатар олқылықтар болған. Дастанның әскери қызметке бейімделу барысында ішкі күйзелісін дер кезінде анықтай алмаған.