"Өзіңіз кінәлісіз": Әйелі Қайрат Әділгереймен арадағы ұрыстары жайлы айтты

Әзіл әлемінің мықты әртісі Қайрат Әділгерейдің жанжары әнші Бақыт Тұрман Stan.kz тілшісіне алғаш рет экслюзив сұхбат берді. Жуырда отбасылық гастроли жасаған актер мен әншінің шаңырақ көтергеніне биыл 14 жыл. Бұл аралықта талай қызықты да, қиындықты да бастан өткізген Бақыттың айтары көп екен.

Бақыт ханым, елімізді коронавирус шулатпай тұрған кезде Үндістанға демалысқа бар"ып келіпсіздер. Бұл елді кім таңдады?

Қайрат екеуміздің де тарапымыздан болды. Ақылдасып шештік. Негізі бірнеше ел болған. Шыны керек, екі елдің арасында таңдау жасадық. Ол Франция және Үндістан. Бірақ, турагентіміздің кеңесі бойынша Франция ақпан айында суық болады екен.  Сондыктан, Үндістанға баруды жөн санадық. Үндістанға экскурсияға жасауға ең лайықты уақытта барыппыз. Еш өкінген жоқпыз.

Шетелге қаншалықты жиі барасыздар?

Шетелге соңғы 2-3 жылда жылына екі рет шығып жүрміз. Бірі - отбасылық,  балаларымызбен бірге демалыс болса, екіншісі-тек Қайрат екеуміз экскурсияға барамыз. Шетелге бір рет барған адам қайта-қайта ел көруге баруға тырысады. Мұны кез-келген шетелге шыққан адам растайды. Бірақ, бәрі енді уақытқа, ақшаға келіп тіреледі ғой. Әйтеуір, мүмкіндік болса ел аралауды мақсат етеміз. Сосын бір барған жерге қайтадан бармаймыз. Басқа елдерді таңдаймыз. 

Егер шетелде тұру мүмкіндігі туса, қай елді таңдайтын едіңіздер?

Әлі көрмеген елдеріміз көп қой. Сондықтан, нақтылап айта алмаймын. Әзірге ойлап отырсам Стамбулда тұрып көруге қарсы болмас едім. Себебі, кішкене менталит жағынан да, тіл жағынан да ұқсастық бар. Одан бөлек Қайратқа Стамбұл ерекше ұнайды. Алайда біздің ұстаным - "өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол". 

8 Наурыз қарсаңында әйелдер көтеріліске шығып, өз құқықтарын талап етті. Ой-пікіріңізді біле өтейікші…

Әйелдерде қоғамның бір мүшесі ғой. Егер олар алаңға шығып, ұрандап, өздерінің құқығын білдіріп жатса, ешкім оған қарсы шыға алмайды. Бірақ оларға не түрткі болды? Яғни, бұл қоғамда орын алған проблема әсер еткені және бір емес, бірнеше топ болса расында өте актуалды болғаны деп түсіну керек. Яғни, әйелдердің жанайқайын естіп, қорғайтын заң шығару керек деген сөз. Соңғы естігенім бойынша "әйелдерді ұруға болады" дегендей заң шықты. Меніңше, бұл тіпті, дұрыс емес. Отбасылық келіспеушілік негізі төбелеспен шешілмейді. Ақыл, сабыр, уақытпен шешіледі. Соны түсіну және үйрену керек. 

Ал, Қайрат ағамыз сізге қол көтерді ме?

Қол көтерді деп айтпаймын. Қатты ұрысып, ренжіген кездерім болды. Қатты намысқа тиетін сөз айтып,  сөзбен ұрған кездері болды. Кейін ойлап отырсам, ол менің артық сөйлеп қойғанымнан, мінезімді көрсетіп қойғанымнан немесе суықтық көрсеткенімнен болды. Бірақ ол менің әйелдік қырыма, міндеттеріме сөз айтса мен ойланып, сол кемшіліктерді түзеуге тырысамын. Қайрат та маған ұнамайтын мінез, сөз, қылықтарымен күреседі. Біздің үйленгенімізге 14 жыл болды. Қазір міне, біз ашық сөйлесетін, ақылдасатын кезге келдік. Үнемі бір проблема болса, үстелге отырып ашық сөйлесіп, барлық сұрақтарымды қоямын. Әрине, ер адамдар тез ашуға беріліп кетеді ғой. Сол кезде ашуланатын дүние емес, проблеманы жауып қоюға немесе қашуға болмайды, керісінше шешіп үйренейік деп ақылға шақырамын. 

Ыдыс-аяқ әр отбасында сылдырлайды ғой. Сіздің шаңырақта кім ұрысты бастайды? Және кім бірінші кешірім сұрайды?

Әрине, отбасы болғаннан кейін ондай ұрыстар болады. Меніңше, өзара сезім жоқ екі жанның арасында ғана ұрыс-керіс болмайтын сияқты. Ал, сезім бар жерде барлық эмоциялар болады. Бұл-заңдылық. Біз әй-шәй деместен тату өмір сүреміз деп өтірік айта алмаймын. Кейінгі кездері менің түсінгенім расында әйел мен ер адамның психологиясы әртүрлі. Бізде де проблема болған. Сол кезде мен әртүрлі психологтарды оқи бастадым. Егер күйеуіңізге көңіліңіз толмаса, онда ол сіздің проблемаңыз. Өзіңіз кінәлісіз. Себебі, өзіңіз әу баста сол адамды таңдадыңыз. Енді сол кемшілікті қабылдап үйреніңіз дейді. Осы бағытта мен жұмыс жасаудамын. Әрине, үйде ұрыс-керіс кейде менің, кейде Қайраттың жағынан болады. Қайсымыз болса да, бірінші кешірім сұрауға дайын тұрамыз. Одан ешкім кішірейіп қалмайды.

Бала тәрбиесіндегі ең басты қағидаңыз қандай?

Бала тәрбиесіндегі ең басты қағида - қазақи етіп тәрбиелеу. Менталитет шатасқан, араласқан қоғамда қазақы ұрпақ тәрбиелеу расында қиын. Сондықтан, сөзбен емес іспен көрсетуге тырысамын. Ата-ананы сыйлау, ата-әжемен қарым-қатынас, достармен араласу, сыйласу, қонақ күту т.б. көрсетуге тырысамын. Одан бөлек, мен үшін балалардың "самостоятельно" болуы маңызды. Мен балаларымды шектен тыс еркелетіп, қасықпен тамақ беріп отыратын ана емеспін. Үйден тыс жерде ол өз-өзіне жауапкершілік ала алатын, жасай алатын адам болу керек. Осы бағытта жұмыс жасаймын.

Кредит алып көрдіңіз бе?

Маған кредит бермейді. Қызығы мен ешқашан кредит алып көрмедім. Бірақ, сонда да қанша рет ұсыныс тастасам да "отказ" болады. Ал, Қайратқа керісінше тез береді. Бірақ, ол ішпесе де, жемесе де кредитті уақыттылы төлеп, ешқандай кешіктіру жасаған емес. Үйде көп нәрсе менің жауапкершілігімде. Бірақ, тура сол Қайраттың кредитіне, банк мәселесіне мүлдем араласпаймын. Тіпті, ешқашан төлеп көрген емеспін. 

Шығармашылықта қандай сүйінші жаңалықтарыңыз бар?

Сүйінші жаңалықтарымыздың бірі Қайрат екеуміздің гостроліміз шығар. Ары қарай да жалғастыру ойда бар. Алла қаласа, мына әлемді дүрліктірген вирус басылып, бәрі ретіне келгесін ары қарай жалғастырамыз.

Ал, Бақыт Тұрман жобасымен жұмыс жасайтын кәсіби PR, директор немесе SMM  мамандар бар ма?

Менің командамда ондай мамандар жоқ. Тікелей шығармашылығымды қолдаушы да, айналысушы да Қайрат. Алайда қажет кезде сондай мамандардың ақыл-кеңесін алып, көмегіне жүгінетініміз бар.

Инстаграм сізге қаншалықты табыс әкелуде?

Инстаграм ешқандай табыс әкелмейді. Маған жарнама туралы ұсыныстар түседі. Бірақ, мен қабылдамаймын. Өнердегі әріптестерімнің ұнамайтын әндерін де салмаймын. Парақшамды ластағым келмейді. 

Бір чемодан ақша тауып алсаңыз, қайда жұмсайтын едіңіз?

Біріншіден, мен шошып кететін шығармын. Тіпті, алуға қорқып қашып кететін шығармын. Ал, егер біреу қайтарымсыз сыйласа жан-жағымдағы туыс-ағайындарыма көмектесіп, қуантатын шығармын. Мен көп балалы отбасынан шыққан соң тек өзіме деген эгоизим жоқ.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр